Футбол • 23 Тамыз, 2017

«Астана» ойыншысы Чемпиондар лигасы іріктеу кезеңінің үздік сұрмергені атанды

358 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Астана» командасының шабуылшысы Патрик Твумаси Чемпиондар лигасы плей-офф кезеңінің жауапты кездесуінде «Селтик» қақпасына екі гол соққан болатын. Осы қос голының арқасында ол іріктеу кезеңінің үздік сұрмергені атанды.

«Астана» ойыншысы Чемпиондар лигасы іріктеу кезеңінің үздік сұрмергені атанды

Бұл жерде ескере кетер тағы бір жайт, Твумасимен бірге бірінші орынды «Селтик» форварды Скотт Синклейр бөлісіп тұр. Екеуінің еншісінде бес голдан. Ал екі кездесудің қорытындысы бойынша Синклейр «Астанаға» үш гол салды. Ол Глазгода екі доппен көзге түссе, кеше Астанада бір мәрте мергендігімен танылды.

Сонымен қатар, Патрик Твумаси ең көп соққы жасаған ойыншылардың арасында да көш бастап тұр. Іріктеу кезеңінде ол барлығы 16 мәрте қақпаны нысанаға алған. Оның бесеуі қақпадан қисық кетсе, төртеуінде қорғаушылар тосқауыл болыпты.

Бұдан бөлек, Патрик Твумаси мен оның командалас әріптесі Игорь Шитов ең дөрекі ойыншылардың ондығына кірді. Екеуі де 12 рет ойын тәртібін бұзған. Бұл тізімде әзірге Мохаммад Гадир («Хапоэль», Беэр-Шева) мен Макси Медведев («Карабах») көш баастап тұр.

Ал «Селтикті» Чемпиондар лигасының плей-офф сынында жеңген әрі гол соққан жалғыз команда – «Астана». Бұдан бөлек, Брендан Роджерс шәкірттері осыған дейін бес ойында өздеріне гол жібермей келе жатқан. Сондай-ақ, шотландиялық ұжым бұл сында барлығы 13 гол соғып, үздік нәтиже көрсетіп тұр. Ал «Астана» 9 тоғыз соққан.

«Селтик» 40 матч бойы ешкімге есе жібермей келіпті. Соңғы рет олар өткен жылдың 13 қыркүйегінде «Барселонадан» 0:7 есебімен ұтылған екен.

Сонымен қатар, «Астананың» төрт голының салдарынан «Селтик» соққан және жіберген голдар айырмашылығы бойынша бірінші орыннан 36-орынға бірден сырғыды. Қазіргі уақытта «Спортинг», «Наполи» және ЦСКА (Мәскеу) командалары ғана гол жібермей келеді.

«Селтик» пен «Астана» плей-офф бәсекесінде ең көп соққы бағыттаған командалар арасында бірінші және екінші орында келеді. Елордалық команда 90, ал шотландиялықтар 109 рет қақпаны көздеген. Бұл көрсеткіште үздік үштікті Хорватияның «Риека» (84) ұжымы түйіндеп тұр.

 Сондай-ақ, «Астана» іріктеу кезеңінде ең көп тәртіп бұзған команда атанды. Елордалықтар барлығы 19 сары қағазбен ескерту алыпты.

Айта кетейік, кеше «Астана» өз алаңында «Селтикті» қабылдап 4:3 есебімен жеңіске жетті. Бірақ екі матчтың қорытындысы бойынша шотландиялық команда 8:4 есебімен басым түсіп, Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алды. Ал «Астана» Еуропа лигасының топтық кезеңінде өнер көрсететін болады.

Дайындаған: Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»