Турецкий хоры – құрылғанына ширек ғасырдан астам уақыт өткен, ғасыр құбылысына айналған ресейлік ұжым. Осы жылдардың ішінде олар әлемнің жүздеген елінде өнер көрсетті. Ұжым жыл сайын 200-250 рет сахнаға шығады екен. Сонша рет ұшаққа мінеді десек те артық емес. Хордың ең басты ерекшелігі – олардың өнерінде шекараның жоқтығы. Классикалық әндерді де, рокты да, поп-музыка мен операны да, джаз бен халықтық хитке айналған әндерді де орындайды. Жанды дауыспен ән салатын өнер иелері барлық кезде халықтың қошеметіне ие. Он шақты тілде ән шырқайтын Турецкий хорының дүние жүзіне танымал болуына әсер еткен жағдай – олардың концертті бұқаралық шоуға айналдыра алуында болса керек. Тек таңдаулы сахналарда ғана емес, ашықаспан астында да ән шырқайтын өнерпаздардың концертіне халық көп жиналып, өнер иелерімен қосылып ән шырқайтын да жағдайлар кездеседі. Сол үшін өнер зерттеушілері Турецкий хоры мен оның жетекшісін Ресейде бұқаралық музыка мәдениетін қалыптастырушылар ретінде бағалайды.
2015 жылы Турецкий хорының құрылғанына 25 жыл толуына орай Мәскеуде үлкен концерт өтті. «№1 Халықтық караоке» деген атқа ие болған әлгі концертке 150 мыңнан астам адам жиналған. Әншілер әр буынның әндерін сұрыптап алып, халықпен қосылып ән шырқаған сол концерт кейін Ресейдің 9 қаласында жалғасын тапты.
Ал енді Турецкий хорында кімдер өнер көрсетеді дегенге келсек, әлем халқын тамсандырып жүрген ұжымның өнерпаздары негізінен ерлер қауымы.
Турецкий хорының солистері – Евгений Кульмис есімді бас-профундо, яғни, былайша айтқанда, шіркеу әндерін шырқауға лайықты өте төменгі дауыс иесі, Константин Кабо, Павел Беркут, Евгений Тулинов сынды тенорлар, баритон дауысты Алекс Александров, күміс үнді Олег Бляхорчук пен Борис Горячев, контртенор Вячеслав Фреш, сопрано дауысты Михаил Кузнецов бүгінде ұжым арқылы танымал музыканттарға айналған.
«Қазақстан» Орталық концерт залында өткен Турецкий хорының гала-концертіне халық көп жиналды. Концерт басталмас бұрын Мәскеу үкіметінің министрі – Мәскеу қаласы сыртқы экономикалық және халықаралық қатынастар департаментінің басшысы Сергей Черемин мен Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев сахнаға көтеріліп, концерттің мән-маңызын атап өтті. Сергей Черемин Астана мен Мәскеу қалаларын тек саяси-экономикалық байланыстар ғана емес, мәдени-гуманитарлық байланыстар да жақындастыратынын айтып, былтыр күзде Мәскеуде өткен Астана күндерінде қазақ өнерін тамашалауға үлкен қаланың мәдени ошақтарына көрермендердің молынан жиылғанын еске салды. Сондай-ақ, Астанадағы Мәскеу күндерінің де сәтті өтуіне тілектестік білдірді. Ал Астана қаласы әкімінің орынбасары Мәскеу күндерінің бағдарламасымен таныстырып, елордалықтар алдында өнер көрсету үшін 200-ден аса өнерпаз келгенін хабарлады.
Хор ұжымының концерт барысында орыс, итальян, неміс тілдерінде ән шырқағанына куә болдық. Жоғарыда атап өткеніміздей, ең жоғарғы тенор мен ең төменгі бас дауысқа дейін аралықтағы әншілердің үйлесімді хоры елордалық көрермендердің ықыласына бөленді. Әсіресе, олардың қазақ тілінде «Жастығымның куәсі, шұрқыраған ауылым. Жусаны мен жуасы бұрқыраған ауылым» деп хитке айналған атақты «Ауылым» әнін шырқауы ризашылық туғызды.
Астанадағы Мәскеу күндері аясында елордалықтар тағы да бірнеше әсерлі кештер мен іс-шаралардың куәсі болмақ. Атап айтқанда, бүгін «Астана» концерт залында Мәскеу мемлекеттік академиялық «Гжель» би театрының гала-концерті өтсе, ертең Ресей халық артисі, талантты актер Дмитрий Харатьянның шығармашылық кеші ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ, Ресейдің тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін кітап көрмелері, «Москва» журналының бас редакторы Владислав Артемовтың шығармашылық кеші де Мәскеу күндері аясында өтеді.
Айгүл СЕЙІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР,
«Егемен Қазақстан»