Білім • 24 Тамыз, 2017

СҚО: Шағын мектептер жайы толғандырады

368 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жаңа оқу жылына дайындық барысын зерделеу мақсатымен осы салаға жауапты адамдармен, ата-аналармен сөйлесіп, бірқатар нысандарда болған едік.

СҚО: Шағын мектептер жайы толғандырады

Заманауи компьютер, жылдам интернет желісі...

Өз ойын Елбасының «Болашақ­та ең­бек етіп, өмір сүретіндер мектеп оқу­шы­­лары, мұғалім оларды қалай тәрбие­ле­се, Қазақстан сол дең­­гейде болады. Сондықтан, ұс­­­таздарға жүктелетін мін­дет ауыр», де­ген пайымымен сабақ­тас­­тырған білім басқармасының бас­шысы Гүлмира Кәрімова бү­гінгі таңда білім беру жүйесі жа­ңаша ойлауға негіз­делген реформалар кезеңіне қадам басқа­нын, инфрақұрылымдық дамыту мен жаңар­тылған мазмұнға кө­шу басымдық болып табылаты­нын атап өтті. Бойында ұлт­тық, отан­шылдық рухы жоға­ры, білімі мен білігі мықты қазақ­стандықтардың жаңа ұрпағын тәр­биелеу бағытында жергілікті жерде атқарылып жатқан шаралармен таныстырды. 

Өңірдегі 505 білім үйі 70 мың­нан ас­­там шәкіртті қабылдауға то­лық әзір. 9,5 мың бүлдіршін алғаш рет мектеп табал­дырығын аттағалы отыр. Күрделі және ағым­дағы жөн­деу жұмыстарына 540 мил­лион теңге қарастырылған. Биыл инфра­құрылымдарды жетілдіруге 674 миллион теңге бөлінсе, алда­ғы екі жылда 820 мил­лион теңге бағыт­талмақ. «Мектепке жол» ак­ция­сы аясында тұрмысы төмен от­басы­лардың 8423 баласына әр­түрлі көмектер берілген. Тегін ыстық тамақпен осынша оқу­шы қамтамасыз етіледі. Мектеп жа­нындағы интернатта тұратын 1566 тәрбиеленуші арнайы бөлінген көліктермен тасымалданады. 

Гүлмира Райынбекқызы Петро­павл қаласындағы мектептерде орын жетіспей­тінін, балалар саны 3044-ке артып отырғанын айта келіп, 1800 орынды оқушылар са­райы салынатынын, оның IT-технологиялармен, роботехникамен жабдықталатынын, қосым­ша бі­лім алуға жан-жақты жағдай жасалатынын жеткізді.

Өзекті мәселенің бірі ретінде ша­ғын жинақты мектептер (ШЖМ) қатарының артып келе жат­қа­нын атауға болады. Білім бас­қар­масының деректері бойынша, қазір 413 білім үйі осы санатқа жат­қызылып, 79 пайызды құраған. Салыстыру үшін айтайық, 2014 жылы 547 мектеп жұмыс істесе, қазір – 505. Биыл 11 бастауыш, 1 негізгі мектеп жабылды. ШЖМ-дегі білім сапасы әлі де талапқа сай еместігі талас тудыра қоймас. Әсі­ресе, педагогтерді қайта даярлау, жас мамандармен қамту өзекті мәселе саналады. Материалдық-тех­никалық базасы төмен. Ұйым­дастыру әдістері, кәсіби біліктілік оқытудың мазмұнымен үйлесе бермейді. Сондықтан, білім беру проблемаларын дұрыс шешуде ШЖМ-нің жұмысын терең ойлас­тырып, дұрыс жоспарламайынша педагогикалық шығармашылық әлеует қалыптастыру, оқушының пәнге деген қызығушылығын арттыру қиын. 
Білім беру саласы маман­да­рының пайымынша, бұған дейін оқушылардың академиялық бі­лім алуына мән беріліп келсе, ен­ді баланың ойлау қабілетін да­мы­туға, оқу үдерісіне белсене қаты­суға, өзіндік көзқарасын қа­­лыптастыруға, дербес ше­шім қа­былдауға баса назар ауда­рылмақ. Олай болса, заман талабына сай басқару мен білім сапа­сын жетілдіруде материал­дық-техникалық базаның жабдық­талуының, озық технологиялардың енгізілуінің орны ерекше. Аудан­дық оқу бөлімдері мен мектеп ди­рек­торлары нақты жағдайларға негізделген әдіс-тәсілдер мен ша­раларды басшылыққа ала отырып, педагогикалық ұжымдарды жаңа талаптар үдерісіне икемдей бі­лу міндетін бір сәт те естен шы­ғар­маулары керек. 169 мил-лион теңгеге мультимедиялық құ­рал­дар, 103 миллион теңгеге кең жолақты интернет желісі орна­­тылғанымен, істің жайы әлі де кө­ңіл көншітпейтінін ата-аналар мен мұғалімдер тарапынан жиі ести­міз. 1, 2, 5 және 7 сынып оқу­шы­ларының жаңартылған маз­мұндағы білім алуға көшетінін, мектеп бағдарламасы бірнеше жаңа пәнмен толығатынын, 3 және 4 сынып оқушылары үшін «Ақпараттық байланыс технология­лары» пәні­нің енгізілетінін ескерсек, шетін мәселелерді кешенді түрде шешпей болмайды. 

 Мектеп формасы, оқулық, маман жеткілікті ме?

Ата-аналар мен оқушылар үшін жылда қайталанатын «бас ауру­ларының» біріншісі – мектеп формасы. Білім және ғылым министрінің «Орта білім беру үшін міндетті мек­­теп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы» бұй­рығына сәйкес, оқушылар мектеп формасымен толық қамтама­сыз етілген. Десек те, ата-аналар тарапынан тігу сапасына қа­тыс­ты арыз-шағымдар түскен емес деген тұжырымдарымен ке­лі­су қиын. Мектеп формалары келі­сімшарт бойынша тігілгенімен, сапа мен баға қолжетімділігі бәрін қанағаттандыра бермейтініне көзіміз жетті. Әсіресе, аз қамтыл­ған, көп балалы отбасылар үшін ауыр соғып отырған жайы бар. «Се­верный» тұрмыстық үйі ішінде орналасқан «Snis Fэishen» фирмасында кезек қатары қалың. Алдын ала тапсырыс берілсе, 30 пайыздық жеңілдік қарастырылғаны құп­тарлық. Мұндағылар кешенді формалы киімнің 22-25 мың тұратынын шикізаттың Ресейден әкелінуімен байланыстырады. Бұрынғы «Комсомолка», қа­зіргі «Прогресс» фабрикасы оқу­­­шылардың бірдей формалы киім­дерін тігуді тоқтатыпты. Оның се­бебін сұрағанымызда, технолог Райхан Сағындықова кәсіп­орынның күштік құрылымдар үшін киім тігетін салалық кәсіпорынға бейімделуімен түсіндірді. Балалар пальтосы мен күртешесін талапқа сай тігіп жүрсе де, оқушылар формасына тапсырыс қабылдамайтыны түсініксіз. 

Ал әзірге атауы ілінбеген, шал­ғайда орналасқандықтан табуы қия­мет, бірақ атағы дардай тігін фаб­рикасы оқушылардың формалы киімдерін дайындағанымен, тап­сырысты Астанадан ғана қа­был­­дайтын болып шықты. Кәсіп­орынның атқарушы директоры Александр Белоконенко фабри­каның құрылғанына жарты жыл ғана болғанын, тапсырыстың көптігінен үлгере алмай жатқан­дарын көлденең тартты. Өнім­дерінің сапасында мін жоқ. Баға­сына келетін болсақ, әркімнің қал­та­сы көтере бермейтіні анық. Мәселен, «Сокирко» фирмасында оқушы галстугі 700-800 теңге болса, мұнда 1300-1800 теңгеге жетеғабыл. 
Жеңіл өнеркәсіпті, оның ішінде балалар киімін тігу үдерісін дамытпайынша, бағаның қолжетімділігі туралы айтудың өзі артық сияқты.

Екіншісі, оқулықтар мен оқу құралдары жайында. Биыл бұл салада біршама ілгерілеушіліктің, алға ұмтылыстың бары байқалады. Жергілікті қазынадан 900 мил-лион теңге бөлініп, 18 баспамен 233 келісімшарт жасалған. Қажетті 677 мың оқулықтың 60 пайызы алынған. Осы бағыттағы жұмыстар әлі де ширатуды, жеделділікті қажет ететінін «Мағжан» кі­тап дүкенінде болғанымызда аң­ғар­дық. Осында кездестірген ата-аналар­мен сөйлескенімізде, тегін оқулықтар кей жағдайда оқу жылы басталғаннан кейін таратылатынына, тіпті қаражатқа да таппайтындарына алаңдаушылық білдірді. Тапсырыс беру, тасып-жеткізу жүйесіне ертерек қамданса деген өті­ніштерін айтты. «Атамұра» бас­пасымен тығыз байланыс орнат­қан дүкенде оқулықтар мен оқу құралдары мол болғанымен, ғи­марат өте тар. Сол сияқты, оқу­лық­тардың бағасы қымбат деген уәждің де жаны бар сияқты. Мәселен, «Әліппенің» орнына ал­ғаш рет қолданысқа енгізілетін «Сауат ашу» кітабы – 2200, жұқалтаң «Көркем еңбек» кітабы 1300 теңге тұрады. 

Үшіншісі, жас мамандар тап­шылығы. Бұл – көкейкесті проблеманың бірегейі. Мәселе аймақ басшысы Құмар Ақсақалов төрағалық еткен жиында арнайы қаралып, кемшіліктерді түзетудің жолдары атап көрсетілген болатын. Қазір білім саласында 10247 мұғалім еңбек етсе, 59,5 пайызы жоғары және бірінші санатты иеленген. Әлі 74 штат бос тұр. Оның ішінде 19 математик, 11 ағылшын тілі, 12 орыс тілі мен әдебиеті, 8 бас-тауыш мектеп мұғалімі, 6 физика, 5 химия пәні маманы жетіспейді. Қазіргі таңда 228 мұғалім жұмыс­қа қабылданыпты. Алайда, олар­дың көбі елді мекендерге бара бер­мейтіні, тұрақтамайтыны, қалыпты әлеуметтік жағдайдың жасалмайтыны жасырын емес. Жастар үлесінің 3,8 пайыздан аспайтыны да ойландырмай қоймайды.

 Осы жерде педагог тапшылығы толық шешілмей отырғанда жа­ра­тылыстану-математика ба­ғыт­та­­ры бойынша ағылшын тілінде оқы­татын мұғалімдерді дайындау жайы қалай деген заңды сұрақ туа­ры анық. Аталған циклдің 159 мұғалімі ағылшын тілін оқыту курсынан өтуде. 96 ұстаз сертификат алған. Тағы 452 мұғалім әзірліктерін шыңдамақ. 57 мектепте қанатқақты факультативтік курс­тар жүргізіледі. Оның нә­ти­жесі нақты қолданыстағы тә­жі­рибеде белгілі болады. Әзірге сенімнен гөрі күдік басым. 

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы