Театр • 24 Тамыз, 2017

Каспий жағалауы елдерінің I халықаралық театр фестивалі басталды

875 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Каспий жағалауы елдерінің I халықаралық театр фестивалі Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухаи жаңғыру» бағдарламасы аясында Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы бастамашылығымен және Маңғыстау облысы әкімінің қолдауымен «Қазақстанның Еңбек Ері», КСРО халық әртісі, Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімовтің 80 жылдығына арнап өткізілуде.

Каспий жағалауы елдерінің I халықаралық театр  фестивалі басталды

Каспий жағалауы елдерінің театр өнері саласындағы ынтымақтастығын күшейту мен мәдени және рухани байланыстардың одан әрі нығаюына үлес қосу, театр өнерін дамыту және театрлардың шығармашылық бастамаларын ынталандыру, бірлескен шығармашылық жобаларға және кәсіби қарым – қатынасқа жағдай жасау, жұртшылық назарын қазіргі заманғы жаңа театрлық үдеріске аудару мақсатындағы фестивальға Каспий жағалауы және түркі тілдес елдердің  кәсіби драма және музыкалық-драма театрлары қатысып,  ТҮРКСОЙ-ға мүше-елдердің мемлекеттік театрлары басшылары Кеңесінің кезекті мәжілісі өтеді.

Фестивальге Қазақстан, Әзірбайжан, Ресей және Иран елдерінен классикалық немесе ұлттық репертуарлық қойылымымен бір театр ұжымы қатыспақ. Атап айтсақ, Ресейден «Ноғай Мемлекеттік драма театры» мемлекеттік бюджеттік мекемесі мен «Астрахан драма театры» мемлекеттік автономиялық мәдениет мекемесі, Қазақстаннан М. Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры мен Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театры, Әзірбайжаннан ЙУГ Мемлекеттік театры және Ираннан «Айна» театр тобы қатысып, театр сайысына осы елдердің танымал мамандары қазылық етпек.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы