Парламент • 24 Тамыз, 2017

Қ.Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Э.Солхейммен кездесті

305 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының (ЮНЕП) Атқарушы директоры Эрик Солхеймді қабылдады, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Баспасөз қызметі.

Қ.Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Э.Солхейммен кездесті

Парламент жоғарғы палатасының басшысы Қазақстанның БҰҰ-мен ынтымақтастығының жоғары деңгейін атап өтіп, БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне белсенді қатысқаны үшін ризашылық білдірді.

«Қазақстан БҰҰ-ның мақсаттары мен міндеттерінен еш айнымайды, қазіргі замандағы маңызды мәселелерді шешудегі Ұйымның басты рөлін нығайтуды жақтайды. Қазақстан тұрақты емес мүше болып сайланған БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтаудың ең негізгі тетігі болып табылады», - деп атап өтті Сенат Төрағасы.

Жүздесушілер БҰҰ аясында экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ортақ күш-жігерді үйлестіру жолдарына қатысты пікір алмасты. Климат өзгерістерімен тиімді күрес үшін Париж келісімінің негізгі ережелерін орындаудың маңыздылығы атап өтілді. Сенат Төрағасы бұл құжатты уақытында ратификациялаған Қазақстанның оның ережелерін іске асыруға қатысуға әзір екенін айтты.

Кездесу барысында Астана халықаралық қаржы орталығының, «Жасыл» технологияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталықтың және «Болашақтың энергиясы» инвестициялық жобалар аясында БҰҰ-мен ынтымақтастықтың келешегі талқыланды. Э.Солхейм Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу үрдісін қызу қолдауға ниет білдірді және қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша аймақтық ынтымақтастықты нығайту жайында айтты.

Қ.Тоқаев ЮНЕП Хатшылығының Алматыда Субаймақтық бюросын ашу туралы шешімі үшін алғыс айтты. Ол бұл қаланы көптарапты дипломатия үшін аймақтық торапқа айналдыруға ықпал етеді.

Соңғы жаңалықтар