Әдебиет • 24 Тамыз, 2017

Елбасы Қоры «Алтын Тобылғы» әдебиет байқауына қатысуға шақырады

316 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл үшінші рет өтетін дәстүрлі «Алтын Тобылғы» әдебиет байқауына өтінімдерді қабылдау жүргізілуде. Өтінімдер 2017 жылғы 1 шілде мен 1 қараша аралығында қабылданады.

Елбасы Қоры «Алтын Тобылғы» әдебиет байқауына қатысуға шақырады

Байқауға еліміздің 18-35 жас аралығындағы жас дарындар қатыса алады және бұдан бұрын еш жерде жарияланбаған туындылар ғана қабылданады.

«Алтын Тобылғы» сыйлығы «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драматургия», «Үздік балаларға арналған шығарма» сияқты төрт номинация бойынша тағайындалған. Әрбір номинацияның жеңімпазына 1 миллион теңге сыйақы беріледі. Сонымен қатар, биылғы жылы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы мақсаттарды жүзеге асыруға арналған арнайы тақырыптық номинация жарияланды. Бұл «Туған ел» номинациясы бойынша сыйақы 1,5 миллион теңге көлемінде белгіленді.

Шығармаларды еліміздің танымал мәдениет қайраткерлері, ақын-жазушылар мен журналистерінен құралған Қазылар алқасы сараптайтын болады.

Байқауға ұсынылған жұмыстар жанрға сәйкестік, ойлау дербестігі, авторлық ұстаным, баяндау реттілігі мен мағыналылығы, идея ерекшелігі, әдеби-көркем құндылығы, көркемдік қиял мен шығармашылық көзқарас, эстетикалық әсер тереңдігі сияқты өлшемдер бойынша бағаланады. Байқауға ұсынылған туындыларды бағалау әділдігі барынша жетілдірілген. Шығарма лақап атпен қабылданып, сараптау кезінде қазылыр алқасы шығармалар авторларының есімдерін білмейтін болады.

Сыйақының жалпы қоры – 5,5 миллион теңге.

Жобаның серіктестері – Қазақстан Жазушылар одағы және Мемлекеттік тілді дамыту қоры.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры «Алтын Тобылғы» әдебиет сыйлығын  алғаш рет 2015 жылы тағайындаған. Байқаудың негізгі мақсаты – ұлттық әдебиетте жаңа есімдерді қалыптастыру және жас қаламгерлердің өмірлік философиясын көрсететін қазіргі заманғы әдебиетке қоғамның қызығушылығын арттыру болып табылады.