Әлем • 24 Тамыз, 2017

Жаңа Samsung Galaxy Note8 несімен ерекше?

1312 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Apple компаниясының көрсетілімінен бірнеше апта бұрын Samsung iPhone-ның бәсекелесі Galaxy Note8 телефонын таныстырды, деп хабарлайды «Лента.ру».

Жаңа Samsung Galaxy Note8 несімен ерекше?

Кореялық компания жаңа инновациялық шешімдер ұсынудың орнына 2016 жылы шыққан Galaxy S8 смартфонының сәл өзгеше үлгісін ұсынып отыр. Қалыптасқан дәстүр бойынша Samsung релизді Нью-Йорк қаласында өткізді.

Көрсетілім басында Samsung статистикалық мәліметтер ұсынып, кореялық компанияның жағдайы америкалық бәсекелесінен әлдеқайда жақсы екенін жеткізді. Шараның халыққа берер жаңалығы болмады десе де болады. Себебі телефон туралы барлық ақпарат ғаламторда тарап кеткен еді.

Galaxy S8-дің «ағасы» Note8 де рамасыз. Ерекшелігі тек көлемінде: экран диагоналі 6,3 дюйм, ал иілген дисплейдің ара қатынасы 18,5:9. Смартфон 8 миллиметрге ұзарып, бір миллиметрге кеңейген. Құрастырушылардың айтуынша, телефон алақанға өте ыңғайлы. Бірақ, іс жүзінде Note 8 өте үлкен, және ондай телефонды бір қолмен қолдану оңай емес, дейді «Лента.ру» тілшісі Влад Массино.

Телефонның сырт келбеті S8-ге ұқсайды, ал корпусы әйнек пен металлдан жасалған. Бір жағымды тұсы смартфон IP68 стандарты бойынша су мен шаңнан сақталған. Беткі панелінде ешқандай батырмалар жоқ. Сондықтан болар, екі телефонның (S8-бен Note 8) бір бірінен өзгешелігі көзге бірден көрінбейді.

Samsung камера жанында орналасқан саусақ ізін сканерлейтін құрылғыны орнында қалдырыпты. Телефонның көлемі ұлғайған соң, әлгі батырмаға жету қиын. Bixby дыбыс көмекшісін шақырту батырмасы телефонның сол жағында «дыбыс» батырмасының астында орналасқан.

Аккумулятордың көлемі 3300 миллиампер-сағат. Телефонмен қоса сымсыз қуаттағыш, жылдам қуаттағыш және энергия үнемдеу режимі бар.

Басты жаңашылдық – қос камера. Бұл камера өткен көктемде S8 моделінде күтілген еді. Екі модульдің iPhone 7 Plus  секілді 12 мегапикселді  сапасы бар. Сонымен қатар Samsung iPhone-ның фонды бұлыңғырлау функциясына дейін көшіріп алған. Бір ерекшелігі, Note 8 суреттің екі нұсқасын сақтайды. Біреуі қарапайым сурет болса, екіншісін бұлыңғыр фонмен.

Смартфонның сатылымы қыркүйек айының ортасында басталады. Құны шамамtн 350-400 мың теңгедей. Galaxy Note 8 төрт түсті: қара, көк, күміс және алтын.

Жаңа телефонның S8-ден айырмашылығы қандай деген сұраққа журналистер нақты жауап ала алмады. Note 8-дің  жедел жадысы үлкенірек, қос камерасы мен стилусы бар. Бірақ сырт көзге бұл үлкен әсер қалдырмайды.

Бұндай үлкен телефондардың қажеттілігін әлі ешкім түсіндіріп бере алмады. Олар футуристік кинодадағыдай көрінгенімен, қолда ұстауға ыңғайсыз. Сол себепті қазіргі уақытта рамасыз телефондардың ішінде үздігі деп диагоналі 5,8 дюйм Samsung S8 айтуға болады.

Американың The Verge сайты Нью-Йоркте өткен жаңа телефонның көрсетілімінен бейне ролик жариялады:

Айгүл ШЕРНИЯЗ,

«Егемен Қазақстан»