ЭКСПО-2017 • 25 Тамыз, 2017

Кеше Орталық Африка Республикасы ұлт­тық күнін мерекеледі (ЭКСПО жаңалықтары)

1010 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 халық­ара­лық мамандан­дырылған көр­месі аясында Орталық Африка Республикасы ұлт­тық күнін мерекеледі. Шара барысында елдің Сау­да және индустрия ми­ни­стрлігінің бас сауда инспекторы Джоахим Коя­газомо сөз сөйледі. Ол қа­зіргі кезде мемлекет бала­малы энергетиканы дамы­ту саласында белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын әңгімеледі. Онда жақын арада үлкен күн батареялар паркі салынады екен.

Кеше Орталық Африка Республикасы ұлт­тық күнін мерекеледі (ЭКСПО жаңалықтары)

Джоахим Коягазомо эко­жүйені сақтау үшін жаңғыр­ма­лы энергия көздерін енгізу мен да­мы­тудың маңыздылығына тоқ­талды. «Орталық Африка Рес­публикасы экожүйені қор­ғап, оны дұрыс басқаруды көз­дейді. Мемлекетіміз 5,4 млн гек­тар экваторлық ылғалды қалың орманға ие, оның 3,5 миллион гектары арнайы бақы­ла­нады. Жаңғырмалы энергия көздерін енгізу еліміздің дамуы мен ормандарды сақтауға қа­жетті. Тұрақты прогресс ірі қалалар жанындағы орманды аудандардың қысқаруына әкелді. ЭКСПО-2017 көрмесі жасыл энергетика саласында тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді», деді ол.

Жиынның ресми бөлімінде Қазақстан тарапынан Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Өрсариев ЭКСПО-2017 көрмесіне қа­тысушы мемлекеттердің жоба­лары мен жетістіктері Қазақ­стан үшін пайдалы әрі әлемдік эко­номиканың дамуына және қор­шаған ортаны сақтауға ық­пал ететіндігіне сенім біл­дірді. «Бо­лашақ энергиясы» та­қы­ры­бындағы көрме энер­ге­тикалық ресурстардың жойылуы және қоршаған ортаның ластануы мәселелерін шешуді мақсат еткен халықаралық қауымдастық үшін маңызды. 2013 жылы Қазақстан жасыл экономикаға көшу тұжы­рым­дамасын қабылдады. Жыл сай­ын ІЖӨ-нің 2 пайызы кө­ле­міндегі қаражатты «жасыл жаңартуды» инвестициялауға ниеттіміз», деді министрлік өкілі. Ол өз сөзінде еліміздің Орталық Африка Республикасымен мақ­сат­ты экономикалық ынты­мақ­тастықты дамытуға мүдделі екендігін атап өтті.

«Болашақтың энергиясын» қолдайды

Біріккен Ұлттар Ұйымы қор­шаған ортаны қорғау кү­­ні­не орай «Бола­шақ­ты таза энер­гиямен қам­та­­масыз ету­дің мүм­кін­дік­­тері мен ше­шім­дері» та­­қырыбында жи­ын өт­кіз­ді. ЭКСПО-2017 ха­лық­­аралық көрмесіндегі Шве­й­цария павильонын­да ұй­ымдастырылған бас­қо­су­­да әлемдегі алғашқы күн энер­­гиясынан қуат алатын «Solar Impulse» ұшағының бі­рінші ұшқышы Бертран Пикар сөз сөйледі. Ол өз жетістігімен, ұшақтың ар­тық­­шылығымен бөлісті. Қа­­зіргі таңда 20 мың метрлік би­­іктікті бағындырған «тоқ­­тамайтын» ұшақпен қа­лаған жеріңізге аялдау­сыз баруға болады. бұл тех­ника күн энергиясынан қу­ат алып, күндіз-түні ұша бе­реді екен. 

«Мен бұл жолды 2002 жылы бастадым, жетістікке жетуіме 12 жыл уақытым кетті. Осы уақы­тым­ды қажырлы команда, қай­та­рымсыз қаржы, тоқтаусыз мүм­­кіндік үшін ғана жұмсадым. Нә­­тижесінде әлемге жаңа мүм­кін­дік сыйладық. Соған рухымыз жеткеніне қуанамын. Шын мәнісінде біз барлығын нөлден бас­таған едік», деген Бертран Пи­кар алғашқы сапары Әбу-Да­бидан басталғанын, енді дүние жү­зін тағы бір аралап шығуды мақсат ететіндігін айтты.

Осы жиында БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарлама жетек­ші­сі Эрик Солхейм Қазақстанның «Бола­шақтың энергиясы» жобасын қолдауға дайын екендіктерін мәлімдеді. «Қазіргі уақытта Қазақстанның энергетикалық әлеуетін көтеріп отырған – көмір. Өкінішке қарай, оның қоршаған ортаға, денсаулыққа, ауаға келтіретін шығыны мен зияны көп. Соның салдарынан көмірден түс­кен қаржы өзін ақтамайды. Бұл мәселені шешудің бір жолы осы­дан екі жыл бұрын ойлап та­былған. Мысалы, Данияда энергия 100 пайыз жел генераторлары арқылы алынады. Сонымен бір­ге, қытайлар да жаңғырмалы энер­гия көздерін пайдаланады. Сол секілді, Қазақстанның да бұл салада мүмкіндіктері үлкен. Сондықтан біз осында келіп, Қазақ елінің «Болашақтың энергиясы» жобасын қолдауға дайын еке­німізді жеткіздік», деді Эрик Солхейм.

Оның айтуынша, ешкім өзі­нен бастамаса, экономика да, әлеуметтік мәселе де ешқа­шан өздігінен өзгермейді. Ал әлде­нені өзгерту қай кезде де оңай болмайды. Әсіресе, энергия мен экологиялық мәселеде өз­ге­лердің көзқарасын өзгерту қи­­ын. «Көмір шахталарында қыз­­мет ететін кеншілерге бұл мә­­се­лені түсіндірудің өзі оңай емес. Дегенмен, бұл мәселені те­зі­рек шешу экономикаға да, эко­логияға да оң әсерін тигізеді. Мен Малайзияда болғанымда, онда да дәл қазіргі Қазақ­стан­да­ғы­дай жағдай орын алып отыр­ғанын көрдім. Біз көптеген көмір өндіруші ком­паниялардың өкілдерімен кез­дестік. Олардың өзі қазіргі кез­де көзқарастарын өз­­ге­рте бас­таған, таза энергияға бет бұр­ғылары келеді», деген БҰҰ өкілі қор­шаған ортаны қор­ғау мәселесінде елі­міздің Арал, Кас­­пий теңіздері аумақ­тарында да ойланарлық проблемалар бар еке­нін айтты.

«Нұр әлемнің» миллионыншы  мейманы 

ЭКСПО-2017 халық­ара­­лық көрмесі қала­шы­­ғының қақ орта­сын­дағы Қазақ­стан­­ның «Нұр Әлем» пави­ль­о­ны­на келген миллионыншы қо­нақ тіркелді. Бұл ны­­­сан көрме басталғалы бе­­рі көрермен ең көп баратын павильондардың көшін бас­­тап тұр. Алып сфера күн сай­ын 10 мың­нан 28 мыңға дей­ін адам қабылдайды. Көр­­ме кезінде, яғни жаз ай­­ларында онда елуге тар­та мем­лекет және үкі­мет басшылары барды.

Қазақстанның ұлттық павильоны – «Нұр әлем» – ЭКСПО-2017 көр­ме­сінің сәу­лет­тік символы. Әлемдегі ең үл­кен сфе­ралық нысанның диа­метрі – 80 метр, ал биік­ті­гі 100 метрге тең. Құ­рылымның қас­бетінде күн энергиясын электр қуатына түр­лендіретін фо­товольтаикалық эле­мент­тер­дің бірігуі ойлас­ты­рыл­ған. Сонымен қатар, сфе­ра­ның жоғарғы жағында 2 жел генераторы орнатылған.

Ханзададан сыйлық алған қыз

ЭКСПО-2017 халықаралық көр­месіндегі Малайзия па­ви­льонының 450 мыңыншы қона­ғы анықталды. Ол – алты жас­тағы Элвира Маратова. Әже­сімен бірге Астанадағы көр­меге келген жет­кіншек мем­ле­кеттің мұрагер хан­задасы Тенгку Амир Шахтың қо­лынан бағалы сыйлық алды.

«Мен Малайзия павильонына бірінші рет келдім. Өз дос­тарымнан осы павильон көңіл­ді әрі қызықты екенін естіп, әжем­ді осында келуге көндірдім. Бі­рақ, мен бұл жерден Малайзия хан­задасын кездестіремін және оның қолынан сыйлық аламын деп ойлаған жоқпын. Сондықтан, Малайзия павильонына барудың өзі мен үшін керемет болды», деді Элвира қуанышын жасыра алмай.

Малайзия павильонының жас­­тарға арналған апта­лы­ғына ар­найы келген ханзада Тенгку Амир Шах павильон ұжымына нә­тижелі жұмыстары үшін ал­ғысын айтты.

Әлемдегі ең жүйрік көлік елордада

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіндегі Ұлыбритания павильонына әлемдегі ең жүй­рік автокөліктің нобайы жеткізілді. Ерекше техниканы құрастырған «Bloodhound SSC» компаниясының өкілі Джесвандт Сингх Санди машинаның үш қозғалтқыштан тұ­­ра­тынын айтты. Олар – зы­мы­ран­дық, ұшақтық турбо-қоз­ғал­тқыш және әдеттегі ав­то­мобильдік. 

«Зымырандық қозғалтқыш шаш бояу үшін қолданылатын тотыққан қышқылдармен жұ­мыс істейді. Те­же­гішті басқанда ма­ши­нан­ың аэро­­мо­би­льдік ерек­шеліктері секундына 70 ми­льде тоқтауға мүмкіндік береді. Содан кей­ін автомобиль қалыпты режімге ауы­сады», деген ол көліктің сағатына 200 ми­ль жылдамдықпен жүре алатынын жет­кізді.

«Біздің команда сағатына 1000 миль жыл­дам­дықтағы рекор­дты бұзғысы келеді. Бұл жо­баны өткен жылы іске қостық, қазірдің өзінде жылдамдықты 200 миль/сағаттан асырдық. Қазан айында Оңтүстік Африка Рес­­публикасына аппаратты тес­тілеуге барамыз және он­да кө­лікті 800 миль/сағат жыл­дам­дық­пен айдап көргіміз келеді. Бір жылдан кейін 1000 миль/сағат рекордын өзгертуге тырысамыз», деді Д.Санди.

Автокөлік бензинмен жүреді екен. «Бізден баламалы энергия­мен жүретін машина құ­рас­­тыр­дыңыздар ма деп жиі сұрай­ды. Ал бұл жобаның басты мақсаты – білім беру. Біз барша әлем­дегі жас ұрпақтың назарын ғы­­лымға, инженерияға, жаңа тех­нологияларға аударғымыз ке­леді», деді компания өкілі.

Топтаманы әзірлеген

Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген

Орынбай Балмұрат,
«Егемен Қазақстан»