Қазақстан • 25 Тамыз, 2017

Қар жауса да сөнер ме?

444 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Абай – айналасының ғана артық-кемін айтушы емес, өз мінін де іремей сойған және өзінің де қай биікте екенін қапысыз білген ғажайып тұлға ғой. «Өзім де басқа шауып, төске өрледім», «Өзімді сонша зор тұтып», «Өз мінімді қолға алдым» деп келетін өлең жолдары қазақтың «өз мінін білген – данышпан» ұғымының үдесінен шығып тұр емес пе?

Қар жауса да сөнер ме?

Иә, хакім атамыздың бұл данышпандығы турасында аз айтылып жүрген жоқ. Біз «Қа­рашада өмір тұр» деп басталатын өлеңінің алғашқы сегіз жолын өзімізше талдай отырып өзін-өзі таразылай білген кемеңгердің өз салма­ғын да бағамдай алғаны туралы айт­қымыз келді.

«Қарашада өмір тұр,

Тоқтатсаң тоқсан көнер ме?

Арттағы майда көңіл жүр,

Жалынсаң қайтып келер ме?

Майдағы жұрттың іші – қар,

Бәйшешек қарға өнер ме?

Ішінде кімнің оты бар,

Қар жауса да сөнер ме?», дейді. Былай қарасаң аса бір жұм­бақ, түсінікке ауыр дүние емес секілді, бірақ өлеңді іш­тен сезінген тұста осы сегіз жол­­ға тұтас адам өмірі һәм ба­ға­сы сы­йып тұрғандай ала­пат сезімді бастан кешесіз. «Қарашада өмір тұр» – бұл Абайдың баршын тартқан уа­қыты. Қарашадан кейін – жылдың соңы желтоқсан. Оны адам өмірімен қатар өр­генде өмірдің ақыры дейміз. Қа­рашаны орталап, сол ақырға қа­рай аяңдап келе жатқан уа­қытты тоқтатып, тосып, кідір­тіп тұру мүмкін емес, әрине. «Арт­тағы майы» – жастық шақ. Ол енді оралмайды. Бұл төрт тар­мақ былайша айтқанда, жалпы өмірдің ұстыны. Хакім енді философиясына көшеді.

«Майдағы жұрттың іші – қар», дейді. Бұл енді кейінгіге қарап отырып кейігені. Өзі «ыс­тық қайрат, нұрлы ақыл, жы­лы жүректі» адамның ең негізгі қасиеті санайтын Абай кейінгі «Кеудесі – толған қу­лық ой, Бәрі де пысық, езбе емес, Құмары оның – айт пен той, Пайда мен мақтан – өзге емес» жастардан соны таба ал­май қай­рандайды. Білім де, пара­сат та сол үш қа­сиет­ке қон­бақ еді ғой. Ал май­дағы жұрт­тың іші – сал­қын, суық, жі­герсіз, нұрсыз, та­лапсыз. Оған енді бәйшешек өнер ме, парасат, білім қонар ма? Ал ен­дігі байламды қара­ңыз! «Ішін­де кімнің оты бар, Қар жау­са да сөнер ме?!». Қа­раша келіп, желтоқсанға ұлас­са­ да, желтоқсан бітіп өмірін ақыр­ластырса да ішінде оты бар адам­ның «мені» сол сөн­бе­ген­ қалпы, жалындаған қалпы «менікінен» ажырап қана кете барады екен. Міне, өмір! Құл­шы­ныс, қуат! Ішіндегі оты сөн­­ген отыздан он есе, жүз есе артық алпыс! Ол – Абайдың алпысы!

Кейде айналамнан сондай алпысты, жетпісті, тіпті сек­сенді көрем. Қызығам! Ішім­де­гі қоламтаны үрлеймін кеп! Шыр­­пы салам, лап етіп барып өшіп жатады. Жанталасам! От­ты кәрілік – бықсық жастыққа бер­гі­сіз қарттық. Ол бықсыған жас­тығыңа пысқырып та қа­рамайды. Айтпақшы, қарт­тықтың қуатын Жетпісбай, Сек­сенбайлармен ғана байланыстырып ойлайтын бас­тар көп. Біздің айтпағымыз бас­қа. Өмірге деген көзқарас, құлшыныс, еңбек, парасат, «мені мен менікі айырыл­ған­ша» маздап тұрар от, мәңгі мы­ғым құрыштай қуат. Ондай адам­дар сонша көп те болмайтын секілді ме, қалай?

Мен анау бір ақсақалдың кеудесінен сексеуілдің шо­ғы маз­даған сексенді, томырт­қа­ла­мап ұрттамасаң ауыз күй­дірер тоқ­ты сорпасындай қайнап тұр­ған тоқсанды да көрем. Сіз ше?

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»