Білім • 27 Тамыз, 2017

Біліммен ұштасқан интеграция

413 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордада өткен «Еуразия апталығы» халықаралық форумы аясында «Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытуда сараптамалық қауымдастық, ғылым мен білім беру мекемелері мен бірлестіктеріңің рөлі» тақырыбында сессия отырысы өтті. Оған ЕАЭО елдерінің алдыңғы қатарлы сарапшылары, ғылым мен білім саласының өкілдері қатысып, одақ шеңберінде экономиканы жетілдіретін нағыз кәсіби мамандар даярлау мәселесін талықалады. Яғни, заманға сай біртұтас нарық кеңістігі қажет ететін мамандарды, жаңа талаптарды анықтау мақсатында пікір алмасты.

Біліммен ұштасқан интеграция

Қатысушылар жуырда ғана Қазақстан, Ресей, Армения, Белорусь пен Қырғызстанның жоғарғы оқу орындары базасында құрылған Мемлекетаралық желілік қаржы институтының қызметі туралы сөз қозғап, желілік білім берудің артықшылықтары туралы сөз қозғады.  Жиынды Мемлекетаралық желілік қаржы институт президенті Наталья Коржова жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде Еуразиялық экономикалық одақ аясында бірыңғай біліктілік талаптарын енгізу қажеттігіне ерекше тоқталды. Мәлімдеуінше, интеграциялық байланысты арттыру үшін білікті қаржыгерлерді оқытып, ортақ еңбек нарығына бейімдеу керек. Бұл мақсатта еліміздегі қаржы академиясы секілді Ресей, Қырғызстан, Армения және Беларусь мемлекеттеріндегі маман даярлайтын 6 оқу орны бір жүйеге біріктірілген. Оның ішінде Ресей Үкіметі жанындағы қаржы институты, Санкт-Петербург қаржы экономикалық институты, Беларусь экономикалық қаржы институты, Ресей-Армян және Қырғыз-Славян қаржы университеттері бар. Сондай-ақ. Қазақстанның Қаржы министрлігінің Қаржы академиясы да осы құрамға кірді. Мұндай бірлескен жұмыстың мақсаты ЕЭО елдеріне бәсекеге сәйкес маман даярлау, сертификаттау, біліктілігін мойындауға арналды.

Сессия отырысында ЕАЭО елдерінің мемлекеттік мекемелері мен квазимемлекеттік секторларына қаржы мамандарын даярлау мәселесіне ерекше мән берілді. Айталық, Білім саласындағы интеграцияның өрісін кеңейту жұмысын тілге тиек еткен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Өрсариев Қазақстан тарапы ізгі бастамаларға дайын екенін атап өтті.

«Қазақстан үшін білім беру саласындағы интеграция мен ішкі интеграцияның нақты бастамалары өте маңызды. Білім беру саласы – біздің еуразиялық интеграциядағы ең озық бағыттардың бірі. 90-шы жылдардан бері біздің білім беру мекемелеріміздің арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде нығайып келеді. Өткен жылдың сәуірінде Мәскеуде Халықаралық желілік университет құру туралы меморандумға қол қойылды. Қазіргі таңда Қазақстан озық тәжірибелер мен білім беру инновацияларының елдердің дамуына жәрдемдесуіне мүдделілік танытып отыр. Қазақстанның 50-ден астам жоғары оқу орындарында ЕАЭО-ның жоғары оқу орындарымен бірге қосдипломды бағдарламасы бар», деді А.Өрсариев. Айтуынша, Қазақстан жыл сайын шетелдік білікті мамандарды тарту үшін тек қана жоғары оқу орындарының ресурстарын ғана емес, мемлекеттен де қаражат бөледі. Ол бағыттағы жұмыс қазақстандық білім беру сапасын арттыруға зор үлесін қосып келеді. «Еліміздің 9 университеті QS рейтингіне енді. Биылғы жылы Қазақстанның базасы негізінде Орталық Азия білім беру хабы құрылғанын жарияладық. Біз Қазақстан еуразиялық кеңістік шеңберінде білім беру қызметтерін көрсету саласында бәсекеге қабілетті болуын қалаймыз», деді А.Өрсариев.

Жиында сондай-ақ, «Сбербанк» КАҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Елена Теплицкая, «Қаржы академиясы» АҚ ректоры Гүлзада Шакуликова, Қырғыз  Республикасы сауда өнеркәсіптік палатасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі және Инфрақұрылымды дамыту, экспортқа жәрдем, өнеркәсіптік саясат жөніндегі комитет төрағасы  Қуатбек Рахимов, Ресей Федерациясы Көлік министрінің орынбасары кеңесшісі Юлия  Зворыкина, қазақстандық «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рақым Ошақбаев, «Еуразия әлемі» қоғамдық орының президенті Эдуард Полетаев, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасы төрағасының көмекшісі Юлия Чалая және тағы басқалар сөз сөйлеп, интеграциялық білім мәселесіндегі ойларын ортаға салды.

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген Ерлан Омар,

"Егемен Қазақстан"