Аймақтар • 28 Тамыз, 2017

Таразда «Мойын­құм­ның даласы мен әуені» атты думанды-сазды концерт өтті

407 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ежелгі Тараз төрінде қалыптасқан дәстүр бойынша аудан өнерпаздарының концерті өтіп келеді. Осы уақытқа дейін Сарысу, Жуалы және Шу аудандарының өнерпаздары әулиеаталықтарды әсем әнмен тербеп, көркем күймен қуантқан болатын. Халық та ауыл өнерпаздарының өнеріне тәнті болып, ризашылықтарын білдірген еді.  

Таразда «Мойын­құм­ның даласы мен әуені» атты думанды-сазды концерт өтті

Осы орайда, жуырда ғана Тараз қаласындағы «Төрткүл» керуен сарайын­да Мойынқұм ауданы өнер­паздарының «Мойын­құм­ның даласы мен әуені» атты думанды-сазды концерті болып өтті. 

Аталған шара Мойын­құм ән-би ансам­блінің орын­дауында күй ата­сы – Құр­ман­ғазының «Бал­бырауын» туындысымен ашылды. Сон­дай-ақ, концерт барысында «Қарлығаш» би тобы және Жәмила Омарова, Ер­лан Айтқабыл сынды талант ие­лері өз өнерімен көп­ші­ліктің көңілінен шықты. Әуе­лете салған ән мен мың бұрала билеген би де қазақ өнерінің құдіретін ел­ге тағы бір танытқандай еді. 

Ал мойынқұмдықтардың өнерін тамашалауға келген көпшілік ашық аспан астындағы Жазылбек Қуа­­нышбаев атындағы мұра­жай және аудандық орта­лықтандырылған кітапхана көрмесімен танысты. Бұл жер­де де аты аңызға ай­нал­­ған атақты шопанның өт­кен өмір жолы мен еңбек жо­лы керемет үйлесім тауып, көп­шілікке жақсы әсер сыйлады. 

Аталған думанды кеш облыстық мәдениет, ар­хив­тер және құжат­тама бас­қармасының ұйымдас­ты­­руымен ЭКСПО-2017 халық­аралық көрмесі аясында өткізілді. Ел ішіндегі таланттарды елге таныту мақсатында қолға алынып келе жатқан мұндай думанды кештер қыркүйек айының ортасына дейін «Төрткүл» керуен сарайында жалғасын табатын болады. 

Келесі аптада қала тұр­ғындары мен қонақ­тары Қор­дай ауданы өнерпаз­дары­ның концертін тамашаламақ.

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы