Медицина • 28 Тамыз, 2017

Әйелдер – жер бетіндегі ең қуатты энергия иесі

893 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Биыл еліміз үшін ең маңызды және жауапты іс-шараның бір болған ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі де аяқталуға жақын. Бұған дейін Орталық Азия аймағы мен ТМД елде­рін­де осындай деңгейдегі халықаралық көрме өткізілген емес. ЭКСПО-2017 көрмесі шын мәнінде Қазақстанның жалпы­ұлттық жобасына, елдің брендіне, әсем Астанамыздың бойтұмарына айналды. Көрменің аясында әлемнің көпте­ген елдерінен қонақтардың келуіне себепші болған өте бай мазмұнды және қызу оқиғаларға толы шаралар ұйым­дас­ты­рыл­ды. Көрмеге келушілер саны қазірдің өзінде 3 миллион адам­нан асып отыр, болжанған саны 2 миллион болатын. Ал жалпы көру көрсеткіші жоспарланған 5 миллионнан артылып, 22 миллионнан асты.

Әйелдер – жер бетіндегі ең қуатты энергия иесі

Аталған іс-шаралар қатарында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және Сыртқы істер министрлігінің бас­тамасымен Астана қаласында 31 тамыз – 1 қыркүйек күндері өте­тін «Әйелдер болашақ энергиясын қолдайды» атты халықаралық әйелдер форумы бар. Форумның жоғары мәртебелі қонақтары ретінде Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі төрағасының орынбасары Галина Карелова, Беларусь Респуб­ликасының Президенті Әкімшілігінің басшысы Наталья Кочанова, Қырғыз Республикасының вице-премьер-министрі Чолпон Сұлтанбекова, ЕҚДБ-ның вице-президенті Бетси Нельсон, Әйелдер жаһандық саммитінің прези­денті Ирен Нативидад қатысады деп жоспарланған. 

Форумға қатысушыларға бейнежазба арқылы БҰҰ Бас хатшысының бірінші орынбасары Әмина Мохаммад, ЮНЕСКО Бас директоры Ирина Бокова, «БҰҰ-Әйелдер» атқарушы директоры Фумзиле Мламбо-Нгкука сөз арнайды.

Форум бағдарламасы өте ауқымды. Жоғары деңгейдегі пленарлық және панельдік сессияларда «болашақ энер­гиясы» үрдістерін, «жасыл» қар­жыландырудың тиімді тетіктерін, «жасыл» технологиялар мен иннова­цияларды дамытудағы әйелдердің рөлі және оларды іске тарту шара­ларын талқылау көзделіп отыр. Форумға беделді халықаралық ұйым­дардың жетекші спикерлері келеді, олар: ЭЫДҰ-ның Қаржы және корпоративтік мәселелер директоратының директоры Матильда Менард, ЭЫДҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі дирек­тораты­ның жанындағы жасыл өсім және жаһандық байланыстар бас­қармасының бастығы Куми Китамори, ЕҚЫҰ-ның гендерлік мәселелер жө­ніндегі аға кеңесшісі Амарсана Дарьсурэн, Өнертапқыш және кәсіп­кер әйелдердің дүниежүзілік қауым­дастығының президенті Ми Йонг Хан, болашақ энергиясын қол­даушылардың «Global Break through Energy Movement» атты қозғалысының құрылтайшылар кеңесінің мүшесі Жан Маннинг және т.б.

«Жасыл» экономикадағы жаңа үрдістермен танысып, шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасып, байланыс орнатуға мүмкіндік беретін осындай жоғары деңгейдегі форумға еліміздің барлық өңірінен келген отандастарымыз қатысатынын ерекше атап өткен жөн.

Қазақстандық әйелдердің еліміз­дегі барлық әлеуметтік және сая­си іс-шараларға, соның ішінде ЭКСПО-2017 жұмысына белсене араласуы кездейсоқтық емес. Қазақ­стан­ның тәуелсіздігінің алғашқы жыл­дарында Мемлекет басшысы барлық адами ресурстарды мемлекет пен қоғам мүддесінде ұтымды пайдалану қажеттілігін ұстанатын жолды нақтылап берді. Әйелдер құқықтарын қорғау саласындағы бұл айқындалған саясат адамдардың өмірден өз орнын табу мүмкіндіктерін арттырудың жолы ретіндегі саяси либерализациямен үйлеседі. Қазақстанның жетістіктеріне әйелдердің қосқан үлесі мен мәніне зор көңіл бөле отырып, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз ел өміріндегі әйелдердің рөлінің бұдан әрі де артуы үшін барлық жағдайды жасаймыз», – деп атап өтті. Елбасы саясаты әйелдердің белсенділігін ынталандырып, әйелдердің барлық қызмет салаларындағы бастамашылық еркі мен олардың шығармашылық күштеріне шектеу қоятын «шыны төбелерді» және гендерлік кедергілерді бірте-бірте жояды.

Осындай ұстанымның арқасында Қазақстан Бейжің іс-қимылдар плат­формасының мақсатына – әйелдер­дің саяси билікте 30% өкілдік ету көр­сеткішіне жақындай түсті. Бүгін­де Қазақстан Республикасы Парла­ментіндегі әйелдердің үлесі шама­мен төрттен бір пайызға жетті. Дүние­жүз­ілік экономикалық форумның (ДЭФ) мәліметтері бойынша, 2016 жылы осы көрсеткіш жөнінен еліміз 144 мемлекет арасынан 48-ші орында тұр. Бизнес саласында әйелдердің үлесі 50% болды. Елдің шағын және орта кәсіп субъектілерінің 44%-дан астамын әйелдер басқарады, олар 30%-дан астам жұмыс орындарын ашқан.

Қазіргі заманғы әйелдер бүгінде барынша прогреске, адам құқықтарының жал­пыға бірдей қағидаттарын қолда­нуға талпынады, өмірден кейде қоғам­ның қасаң стереотиптері тарапынан таңылатын рөлге емес, өздеріне тән және қажетті, лайықты орнын табуға ұмтылады.

Жедел өзгеріп жатқан қазіргі қоғам жағдайында адамның жетістікке жетуі­нің бірден-бір критерийі – оқып-үйренуге деген жеке қабілеттілік, яғни жеке бәсекелік қабілетіңді қалып­тастыратын машықтарды пайдалану арқылы өзіңнің құзыреттілігіңді арттыру.

Бұл – қазіргі кезде алдымызда тұр­ған, біз ұмтылып отырған биік мақсат. Бүгінде Қазақстан рухани-мәдени жаңғырудың өте маңызды үдерісін бастан өткеруде. Ол ішкі дүниемізді өзгертуге, сыртқы әлемге бейімделуге әрі жақындай түсуге бағытталған. Мемлекет басшысы осы үдеріске қатыс­ты ұстанымдарын «Болашаққа көз­қарас: рухани жаңғыру» атты бағ­дар­ламалық мақаласында баяндап берді.

Ментальділіктің өзгеруі – маңызды мәселе, онсыз біз әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу жөніндегі басты мақсатты орындай алмаймыз. Мұндай мақсатқа тек инновациялар, жаңашыл және бейімделгіш қоғамды дамыту арқылы ғана жетуге болады. Бұл ретте гендерлік критерийлер мен отбасылық құндылықтар қоғамдық сананы жаңғыртудың басты бағытының негізгі құрамдас бөлігі болып табыла­ды. Қазақстанда қоғамдағы рухани-адамгершілік құндылықтарды нығай­туға көп көңіл бөлінуде. От­ба­сы күні мерекесі белгіленіп, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы ұйым­дастырылып, Бала құқықтары жөніндегі өкілетті комиссар институты бекітілді. «Неке және отбасы туралы» кодекс­ке отбасы институтын нығайтуға бағыт­талған нормалар енгізді. Он жылға арналған Гендерлік теңдік страте­гиясын іске асыру 2016 жылы сәтті аяқталды. Осы жылдан бастап Қазақстан Республикасындағы отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын 2030 жылға дейін жүзеге асыру ісі қолға алынды, онда гендерлік басымдық отбасылық саясатпен ұштастырылған. Бұл – отба­сылық құндылықтарды дамытуға ба­­ғытталған жүйелі мемлекеттік сая­сат­тың дәйектілікке негізделген нә­тижесі.

Біз айқын көрініп тұрған күнделікті мәселелерді емес, ішкі дүниемізбен, оның құрылымымен байланысты бірқатар маңызды міндеттерді шешуге тиіспіз. Мысалы, бүгінде біз бала тәрбиесі және білім беру жүйесіне деген көзқарасымызды өзгертіп, оқытудың схоластикалық әдістеріне негізделген ескі парадигмадан бас тар­тудамыз. Әйелдерге әлдебір рөлдер таңу әдетінен арылуға тырысып жатыр­мыз. Бұл – олардың мүддесі мен көзқарасын құрметтеу деген сөз. Елі­мізде мемлекет пен қоғам арасын­дағы алшақтықты азайту үшін көп нәрсе істелуде, өйткені ол халықтың мемлекеттік қызметтерді пайдалануын жеңілдетеді. Біз сырттай ғана бақылаушы болып қалмай, бір-бірі­мізге көмекке келуге дайын болып, достық ниет танытып, бір-бірімізді қолдау үшін ментальділігімізді өзгертуді қалаймыз.

Көптеген мәселелерді қайта ой елегінен өткізу қажет, себебі бі­ре­гейлену үдерісі әлі аяқталған жоқ. Біз халықаралық қатынастардың шалқар мұхитына кірдік, жүріп өткен жолымыздағы өзіміздің тарихи артықшылықтарымызды қалпына келтірудеміз. Алайда, әлі алға жылжи түсуіміз керек. Бір күнмен өмір сүр­мей, алда не күтіп тұрғанын ойлап, ұдайы ізденісте болғанымыз жөн. Қазақстанның бүгінде әлемдік экономика мен сауданы дамытуға үлес қосып отырғаны маңызды. Біз шекарамызды аштық, өз жерімізде Ұлы Жі­бек жолының екі мың шақырымдық бөлігін қамтитын жол салдық. Енді айналмалы су жолының орнына Еуразия құрлығының ортасынан Еуропа мен Азияны тікелей байланыстыратын жаңа жол ашылды.
Бүгінде Қазақстан, ең алдымен біздің елордамыз тартымды орталық­қа – тоғыз жолдың торабына айналып отыр. Астана – Президент пен­ Қазақстан халқының заман қиын­дық­тарын еңсере алғандығының даусыз символы. Жаңа астананың салынуы мемлекеттік органдардың, бизнес пен қарапайым азаматтардың белсенділігін арттыруға себепші болды. Мен үшін Астана өмірге деген даңғыл жолдың бастауы. Өзіммен тағдырлас басқа да көптеген қарапайым жандарды білемін. Қазақстанның елордасы – көші-қон қозғалысына, аймақтық және әлеуметтік топтардың араласуы­на ықпал еткен ең ірі жаңғыртушы­лық жоба. Астана жас ұрпаққа бас­қару­шылар элитасы қатарынан өз орнын алуға және мемлекеттің қалып­тасу қарқынына өз үлесін қосуына мүмкіндік берді. Бұл мақсат орындалды. Кеше ғана жас саналып, әлі қалыптасып болмағандай көрінген бұл ұрпақ қазіргі таңда барлық қыз­мет саласындағы кадрлар қатарын толықтырудың негізгі ресурсын құрап отыр. Әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-саяси дамуға жаңа серпін беретін активатор ретінде әйелдер қоғамдастығының жеткілікті жоғары деңгейде қатысуы арқылы стратегиялық перспектива үшін резерв қалыптасуда.

Бүгінгі жаһандық әлемде өзара сенім мен үйлесімділік жоқ. Қазақ­стан­ға елдегі тұрақтылық пен қауіпсіздік үшін сенім артады. Ал қазақстандық әйелдердің белсенділігі – еліміздің сенімділігіне қосылған елеулі үлес. Елдегі әйелдердің жағдайы инвесторлар мен тосын қауіп-қатерлердің алдын алумен айналысатын менеджерлер үшін аса маңызды көрсеткіш болып саналады, өйткені осы фактор арқылы жұрт мұнда жобалар жасап, қаншалықты ұзақ уақыт инвестициялар тартуға болатындығы жөнінде ой түйеді.

Бірнеше күннен соң Астанадағы ЭКСПО-2017 аясында танымал, табыс­ты және жігерлі әйелдердің қатысуы­мен өтетін «Әйелдер болашақ энергиясын қолдайды» атты халықаралық форумның негізгі мәні – әлемдік даму жолындағы өзгерістермен қатар өркендеп келе жатқан өміріміздегі керемет жаңалықтарды көрсетуде.

«Энергия» сөзін алғаш ежелгі гректердің ұлы философы Аристотель физикалық термин ретінде емес, адамның іс-әрекетін білдіретін мағынада қолданған. Осы тұрғыдан алғанда, Астана ЭКСПО-2017 халықара­лық көрмесі – ғаламат энергия, бар­лық қазақстандықтардың энергиясы! Оның қайнар көзі – Отанға деген сүйіспеншілік және болашаққа деген сенім! Ал әйелдер әлемде өмір сыйлайтын күш ретінде жер бетін­дегі ең қуатты энергия иесі, қо­ғамның қозғаушы күші болып табылады. Өйткені, бізге айналамыздағы әлемді өркендетіп және сақтап, түр­лендіре отырып, одан әрі жақсарту, әдемі­лендіре түсу мүмкіндігі берілген.

Зарема Шәукенова,

Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) директоры,

Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі