ЭКСПО-2017 • 28 Тамыз, 2017

Финляндияда білім алуға мүмкіндік молайды

423 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ЭКСПО қалашығындағы Финляндия павильонында Финляндия Мәдениет жә­не білім министрі Санни Гран-Лаасонен мен Білім және ғылым министрлі­гі­нің жауапты хатшысы Арын Орсариев бастаған қос тараптың өкілдері білім сала­сында меморандумдарға қол қойды.

Финляндияда білім алуға мүмкіндік молайды

Отандық білім жүйесінің дамуына фин елінің де үлесі бар. Бұл орайда 2012 жылдан бері елімізбен тығыз жұмыс істеп келе жатқан KFEIG консорциумын атауға болады. Финляндияның Ювяскюля, Лахти жә­не Хяме қалаларындағы университеттер қа­зақстандық білім жүйесі үшін маңызы зор инновациялық жобаларды жүзеге асыруда. Консорциум еліміздің Денсаулық сақ­тау ми­нистрлігінің әріптесі ретінде ме­ди­­ци­налық мамандықтарды, әсіресе, медби­ке ісі, медицина университеттері мен кол­лед­ждердегі педагогтардың біліктілігін кө­те­руге қызмет етеді. 

2013 жылдан бастап қазақстандық мед­бикелердің біліктілік деңгейін көтеру үшін фин оқу орындарымен әріптестік бай­ланыс орнаған болса, 2014 жылы Дүние­жү­зілік банк жобасының аясында фин бағ­дар­ламасы бойынша бакалавр біліктілігін алу­ға қанатқақты бағдарлама даярланды. Ювяскюля және Лахти қалаларындағы уни­верситеттер Астана қаласы әкімдігінің жо­ғары медициналық колледжімен, Рес­пуб­ликалық медициналық колледжбен (Алматы қ.) және Түркістан көпсалалы жо­ға­ры медициналық колледжімен 2016-2019 жыл­дарға келісімшарт түзіп, әріптестік бай­ланыс орнатқан. Одан бөлек финдік әріп­тестер елімізде және Финляндияда медици­на саласы бойынша 40 шақты шеберлік сы­нып­тарын өткізген. Оған осы саланың 700-ден аса педагогтары қатысқан. 

 Шара барысында сөз алған Финляндия Мә­дениет және білім министрі Санни Гран-Лаасонен ханым фин еліндегі білім жүйесінің артықшылықтарына тоқталды. Екіжақты әріптестіктің жақсы нәтиже беретініне сенім білдірді. Соңғы бірер жыл көлемінде Финляндияның білім саласының тағы да екі қадам алға аттағанын мәлімдеді. 

Сонымен, бұл жолы Ювяскюля қол­дан­балы ғылымдар университеті мен Қа­зақ медициналық үздіксіз білім беру уни­верситеті арасында келісімшартқа қол қой­ылды. Алдын ала жоспарланған бұл ке­лі­сімшартқа сәйкес медбике ісі маман­ды­ғы бойынша магистр дәрежесін алу үшін 20 шақты адам Алматыда17-18 тамызда емтихан тапсырып, оқуға түскен. Олар екі елдің де дипломына ие болмақ. 

Сондай-ақ, тағы бір келісімшарт Ювяскюля қолданбалы ғылымдар универ­си­теті, Хяме қолданбалы ғылымдар уни­вер­ситеті мен «Назарбаев зияткерлік мек­тептері» дербес білім беру ұйымдары ара­­сында түзілді. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасының орынбасары Светлана Есбосынованың айтуынша, фин елі бастауыш мектепте білім беру мен орта мектепте білім беру ісіне қатты ма­ңыз береді. Сол себепті, бұл елде бастауыш мектепте бірнеше тіл білетін, магистр дә­режесі бар педагогтар жұмыс істейді. Бұл орайда, Назарбаев зияткерлік мектептерінің де фин елінен үйренері аз емес. Светлана Есбосынова осының алдында бірлі-жарым ұстаздардың фин елінен оқып келгенін алға тартты. Ендігі жерде келісімшартқа сәйкес, зияткерлік мектептердің ұстаздарын фин елінде оқыту мүмкіндігі артпақ. 

Айгүл Сейіл,

"Егемен Қазақстан"