28 Тамыз, 2017

Ет – етке, табыс – мемлекетке!

875 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ет жемейтін ел бар ма екен?.. Бір қы­зық деректер жекелеген қауымдардың арасында саналы түрде ет пен ет өнім­де­рін тұтынудан бас тартқан адамдар то­бының кездесетінін айтқанымен, тұ­тастай алғанда, таң­дайының татымын басқа азық-түліктен табатын нәсіл жоқ дейді. Демек, адамзат үшін ет жеп, сорпа ішу әдеті ежелден бергі сұраныс, әл-ауқаттың басты қажеттілігі.

 

Ет – етке,  табыс –  мемлекетке!

Етке құмарлықтың екінші жағы және бар. Осы турасында айтсақ па деп едік. Жалпы, қазіргі әлемде адамдардың сұранысын туғызатын кез келген өнім түрі – экономикалық табыс көзіне айналатыны анық. Ендеше, ет пен еттен жасалатын тағам түрлеріне деген сұраныс та ешқашан төмендеген емес, осыған сай өндіріс те қарқынды дами беретіні шындық. Қазір әлемді етпен қамтитын елдер арасындағы бәсекелестік мықты бол­­ға­ны­мен, табиғи ерекшелік пен түрлі талаптар үдесінен шығу, сол арқылы талғап жейтін ауыздың қорегін тауып беру әрбір үшінші мемлекеттің ғана қолынан келеді екен. Біз бұл жерде сорпасы татитын, жілігінен кемік майы тамған таза сұрыпты малдың етін айтып отырмыз. Әйтпесе, технологияның дамыған заманында жасанды ет өндірісі әлдеқашан қолданысқа еніп кеткен. Тіпті, адам ағзасы химиялық жолмен алынған еттің дәмі мен иісіне бейімделіп болды. 

Мәселен, жедел дайындалатын кес­пені алыңыз немесе бір түйірін қайнаған қара суға салып жіберіп, маңдайыңыз терлеп отырып ішетін сорпаны айтыңыз. Қуанышқа қарай деп айту керек шығар, осы жасанды сорпаның майы қазақтың қазанына қақ болып қата қойған жоқ. Бәлкім, біздің ел болашақта да, тіпті ешқашан химиялық жолмен өндірілген азық-түлікті тұтынбайтын шығар. Оны қойып, әлемнің ашқұрсақ адамдарына қажетті ет пен сүтті, күріш пен нанды та­биғи қалыпта өндіру арқылы әрі та­бысқа кенеліп, әрі сауабын алатындай күнге жетеріне сенімдіміз. Өйткені, еліміздің табиғи ерекшелігі мыңғырған мал өсіруге мүмкіндік береді. Аграрлы мемлекет ретіндегі жаңаша серпіліс жасау, сол арқылы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға білек сыбанып кірісу өзімізді ғана емес, алыс-жақын шетелдің де қажетін толық қамтуға мүмкіндік береді. Бұл – әлемдегі әрбір тиынның қайдан келетінін бағып және сол тиыннан тиын сауып отырған сарапшы мамандардың пікірі. Демек, Қазақстан үшін табиғи ерекшелікті тиімді пайдаланып, әлемдік ет монополиясына ұмтылыс жасаудың уақыты келді. 

Әрине, осыған негіз болғанымен, ниет бар ма деген алаңдаушылық туады. Біз­діңше, алғышарттары жасалып бол­ды. Қазір агросала сәтсіз жүргізілген ре­­формалардың салдарынан арылып, үл­кен өзгеріске аяқ басты. Оның бір мы­салын Елбасының пәрменімен ұсақ шаруашылықтарды ірілендіріп, кооперативтер құру ісінен байқауға болады.

Қазақстанға жоғарыда айтқан әлемдік ет нарығының беделді ойыншысы болуға мүмкіндік беретін шаруашылықтың бір саласы – қой шаруашылығы. Шопан ата ба­ласының басқа тиімділігін былай қойғанда, тек етін саудалаудан ға­на қыруар пайда табуға болады. Мә­лi­меттерге жүгінсек, дүние жүзі бойын­ша ет өндiруде қой етiнiң үлесi 3,2 па­йыз­ды құрайды екен. Монополистер қой етіне деген сұраныстың жыл са­йын өсіп отырғанын біледі, бірақ, осы аңсарды қанағаттандыратындай өнім өндірушілерге зәру. Яғни, Қазақстан үшін қой етін экспорттауда әлі де бәсекелесуге мүмкіндік бар. 

Айтпақшы, қой етінің әлемдік экспорт­тағы үлесінің көп бөлігін бағланның еті құрайды екен. Өйткені, дүниежүзiлiк экс­портта жас еттiң жұғымдылық және дәм­дiлiк сапасына байланысты қозы етiн өндiруге деген қызығушылық артып келедi. Және оны өнеркәсiптiк не­гiз­де өндiру көптеген мемлекетте эконо­микалық және сапалық жағынан тиiмдi әдiс болып саналады. Сондықтан, шетелдерде жас қозы етiнiң бағасы қой етiне қарағанда 2-3 есе жоғары болады екен. Әлемдiк нарықта қозы етiнiң бағасы бұзау етiнiң бағасымен қатар жүредi, қой етiне қарағанда 1,5 есе қымбат, ал шошқа мен сиыр етiнен 2-3 есе жоғары бағаланады.

Статистикаға жүгінсек, Германияда жыл сайын 1,2 млн қозы сойылады. Жаңа Зеландияда етке тапсырылатын 30-32 млн қойдың 65-70 пайызын 5-8 айлық қозы құрайды. Болгарияда өндiрiлетiн қой етiнің де 80 пайызы қозы етiне тиесілі. Осындай деректерге сүйенсек, қозы етіне деген тұтынушы талғамы өсе түскенін аңғарамыз. Демек, марқаның етін мейірленіп жейтін тек қазақтар ғана емес екенбіз, жас сорпаға құмарлар еуропалықтар арасынан да табылып отыр. 

Бұл нені білдіреді? Әлем сапалы ет өні­мі­не зәру, оның ішінде табиғи та­ғамның құндылығынан бас тарта ал­майтындығын мойындады деген сөз. Ен­деше, адамзаттың қазанына ас салып беретіндей әлеуетке жету үшін жұ­мылуымыз керек. Қазіргі қадамның өзі қуанарлықтай. Күні кеше Ауыл ша­руашылығы министрiнiң бiрiншi орынбасары Қайрат Айтуғанов қазақ даласында еркін жайылып өскен қозының етіне деген сұраныстың артып келе жатқанын хабарлаған еді. Бұл туралы келесі мақаламызда кеңірек айтатын боламыз, әзірге түйгеніміз мынау: ет – етке, табыс – мемлекетке! 

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»