Медицина • 28 Тамыз, 2017

Тоғыз жолды түйістірген «Нұрлы жол»

389 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тоғыз жолдың тоғысындағы ару Астана­ның тарихи өлшеммен алғанда, шама­лы ғана уақыт үшінде жаһандық өрке­ниет орталығына айналғаны ақиқат. Оған елор­дамызда өткізілген ЕҚЫҰ-ға мүше елдер басшыларының саммиті, жыл сайын дәстүр­лі түрде өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі лидерлерінің съез­дері мен жаһандық экономикалық форум­дар дәлел. 

 

Тоғыз жолды түйістірген  «Нұрлы жол»

Сонымен бірге, биыл маусым айы­нан бастап Орталық Азияда, тіпті ТМД мемлекеттерінің ішінде тұңғыш рет тәуелсіз еліміздің елор­да­сында ЭКСПО-2017 халық­аралық мамандандырылған көрмесі өтіп жатыр. Міне, осындай әлемдік шараларға қатысу үшін төрткүл дүниенің төрт бұрышынан кел­ген қонақтарға ажарлы Аста­наны, бүкіл тәуел­сіз Қазақстанды алғаш таныс­тыратын Астана халықаралық әуежайы мен темір жол вокзалы екендігі даусыз. Қай елдің, қай қа­ланың болмасын болмысын көрсететін алғашқы қақпа әуежай және темір жол бекет­тері болып табылады. Осы ретте жақын­да ғана бой көтерген астаналық «Нұрлы жол» темір жол вокзал кешенінің алар орны ерекше.

Үстіміздегі жылдың мамыр айында ғана пайдалануға берілген бұл заманауи жо­лаушылар бекеті күні кеше алғашқы миллио­нын­шы жолаушыны қабылдап үлгерді. «Бұл бұрынғы Кеңес елдері арасындағы осын­дай жалғыз вокзал, мен тіпті Еуропада мұндайды көрген жоқпын. Ол болашаққа ар­налып салынған. Қазақстанның барлық өңірін «Тальго» жүрдек пойызымен байла­ныстырдық, олар сағатына 150-200 шақы­рым жылдамдықпен жүре алады. Бұрын Алма­тыдан 24 сағатта жететін болсақ, қазір 11 сағат жеткілікті», деп атап көрсеткен еді Мем­лекет басшысы жаңа вокзалдың ашылу салтанатында.

Сәні мен салтанаты жарасқан ару Астананың тамаша архитектуралық сәулетіне «Нұрлы жол» вокзал кешені жарасымды үйлесім тапқан. Вокзал ғимаратының жалпы аумағы 126 мың шаршы метрді алып жатыр. «Нұрлы жол» вокзалы тәулігіне 35 мың жолаушыны өткізуге қабілетті. Уақыт талабына тоқтам бар ма. 1990 жылы Целиноград қаласының темір жол вокзалының ескі ғимаратының жанынан 9 қабатты жолаушылар терминалы салынғанда, өңірде бұдан өткен жолаушылар бекеті болмағандай көрінуші еді. Одан кейін елорда халқының күрт өсуіне байланысты 2003 жылы бұл вокзал түбегейлі қайта құрылып, тәулігіне 12 мың жолаушы өткізуге лайықталған болатын. Енді міне, жаңа вокзал терминалы 35 мың жолаушыға жоғары деңгейде қызмет көрсетеді.

«Нұрлы жол» вокзал терминалына жо­лаушыларды қабылдап-жөнелтетін 6 темір жол торабы түйістірілген. Вокзал жолаушылар тасқынына сапалы қызмет көрсететін заманауи ультрақондырғылармен жабдықталған. Жолаушыларға билет сатудың электронды жүйесі жұмыс істейді. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған такилдік жолдар, Брайл әліпбиімен жұмыс істейтін ақпараттық табло, арнайы касса қызмет көрсетеді. Негізгі күту залдарынан басқа әлемдік жоғары талаптарға сай қонақүй бөлмелері, жүк сақтау қоймалары, ана мен бала бөлмесі, медициналық орталық, мейрамханалар, 1500 орындық ішкі және сыртқы паркингтер жұмыс істейді. Жаңа вокзал ғимараты Астанада өтіп жатқан жаһандық ЭКСПО-2017 көрмесінің бас тақырыбы – «Болашақтың энергиясына» сәйкес ішнара «жасыл» технология талаптарымен жұмыс істеуге бейімделген. Ғимараттағы лифтілер мен эскалаторлар қуат үнемдеу тәсіліне бағындырылған. Мәселен, вокзалдағы эскалаторлар жолаушылар тасқынының көптігі мен аздығына байланысты қозғалысын реттеп, қуат үнемдеп отырады. Тағы бір ерекшелік, вокзал ғимаратының 42 мың шаршы метр аумақты алып жатқан төбесінде жаңбыр және қар суын жинау технологиясы ойластырылған. Осы әдіспен жиналған суды вокзал аймағындағы гүлзарларды суаруға және басқа техникалық мақсаттарға пайдаланады.

Вокзал ғимаратының ішіндегі және сыр­тын­дағы қозғалыс ұдайы бақылауда. Жалпы, жаңа вокзал кешенінде жолаушылардың қауіпсіздігіне барынша жоғары дәрежеде жағ­дай жасалған. Мұнда жолаушыларды тек­серіп кіргізу құрылғысы, бейнебақылау жүйесі орнатылған. Жаңа вокзал кешеніндегі жолаушыларға сапалы деңгейде қалтқысыз қызмет көрсету міндеті арнайы дайындықтан өткен білікті 1300 қызметкерге жүктелген.

«Мен отбасыммен Тараз қаласынан Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесін тамашалау үшін сапарлап келдім. «Нұрлы жол» вокзалына түскен сәттен бастап, біз әлемдік талаптарға сай жоғары сапалы қызмет көрсету үлгісіне тәнті болдық. Алғашқыда осыншама аумақты алып жатқан ғимарат ішінде адасармыз деп ойлап едім. Жоқ. Елгезек те кішпейіл қызметкерлер қалай жүруді, қайда баруды түсіндіріп, жолбасшылық жасады. Өз елімде жолаушыларға қызмет көрсетудің халықаралық стандарттарына сай осындай вокзал терминалының барына куә болып, мақтаныш сезімге бөлендім», дейді Айман Асылбекова атты ана ағынан жарылып. Қарапайым көңілден шыққан осы бір шынайы пікірге алып-қосарымыз жоқ.

Жылқыбай Жағыпарұлы,

"Егемен Қазақстан"

Суретті түсірген Ерлан Омар,

"Егемен Қазақстан"