Күрес • 28 Тамыз, 2017

Ермек Имамбеков: Мықтылардан медаль күтеміз

237 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

​​​Бүгін Венгрия астанасы Будапешт қаласында дзюдодан әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Жылдың ең маңызды додасына дүние жүзінің 64 елінен келген 428 дзюдошы қатысады. Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 17 дзюдошы ел намысын қорғайды. Осы байрақты бәсеке алдында дзюдодан ұлттық құраманың бас бапкері Ермек ИМАМБЕКОВКЕ хабарласып, шәкірттерінің дүбірлі додаға дайындығын сұраған болатынбыз.

 Ермек Имамбеков: Мықтылардан медаль күтеміз

– Венгрияға 19 тамыз күні ұшып келдік. Астана мен Будапешт арасындағы уақыт айырмашылығы төрт сағат. Спортшыларымыздың жарыс уақытында өздерін қолайсыз сезінбес үшін, уақыт айырмашылығы мен күн райына алдын ала бейімделу мақсатында жарыс болатын елге ерте келдік. Сондай-ақ, әлем чемпионаты алдындағы соңғы оқу-жаттығу жұмыстарын да осы елде өткіздік. Венгрияда Армения, Иордания, Вьетнам, Куба, Қырғызстан елдерінің спортшыларымен бірге сегіз күндік жаттығу жұмыстарын аяқтап, спортшыларымыздың психологиялық дайындығын пысықтадық. Бастысы, дзюдошыларымыз жарақаттан дін аман, – деді Е.Имамбеков.

– Әлем чемпионы Елдос Сметовтің осы әлем біріншілігіне дайындығы туралы не айтасыз?

 – Елдос Сметов Рио-2016 Олимпиадасынан кейін ақпан айында Германияның Дюссельдорф қаласында өткен Гран-при турнирінде сәтсіз өнер көрсетті. Кейіннен жарақат алып, ұзақ уақыт құрама сапынан шығып қалған болатын. Жарақатынан айығып келген соң, шілде айында Саарбрюккенде өткен Еуропаның ашық кубогында «қолаға» қол жеткізіп, бабында екенін дәлелдеді. Қазіргі таңда балуанымыздың жағдайы жақсы. Оқу-жаттығу жұмыстарында да жақсы күрес көрсетіп, бабында екенін байқатты.

– Екі жыл бұрын елімізде өткен әлем чемпионатында екі медаль иеленіп едік. Биыл да осы межені қайталай аламыз ба?

– Биылғы әлем біріншілігінде ерлер құрамасынан екі медаль алуды жоспарлап отырмыз. Құрамамызда екі әлем чемпионы бар. Олар – Елдос Сметов (60 кг) пен Максим Раков (-100 кг). Осы екі дзюдошымыз көк туымызды желбіретеді деп үміттенеміз. Басқа спортшыларымыз да осал емес. Алайда, бұл жерге «сен тұр, мен атайын» дейтін кіл мықтылар келетін болғандықтан, спортшылардың шама-шарқын бағамдаған дұрыс. Әрине, медаль саны біз ойлаған шамадан асып түссе, нұр үстіне нұр болар еді. Арық айтып, семіз шыққанға не жетсін.

– Биылғы дода ережесінде аздаған өзгерістер бар сияқты. Олардың дзюдошыларға деген әсері қандай болады деп ойлайсыз?

– Иә, жыл басында Халықаралық дзюдо федерациясы дзюдодағы кейбір ережелерге өзгеріс енгізіп, командалық сайысты Олимпия ойындарына енгізгенін хабарлады. Алдағы әлем біріншілігі қаңтарда қабылданған жаңа ережелер мен талаптарға сай өтеді. Мәселен, бұрын командалық сайыста дзюдошылар бес салмақ бойынша белдессе, қазір ерлер – үш, қыздар үш салмақта өзара мықтыны анықтайды. Тағы бір ерекшелік, осы уақытқа дейін ерлер мен әйелдер арасында екі команда жасақталып, жеребе бөлек-бөлек тартылса, қазір үш әйел және үш ер дзюдошыдан тұратын 6 адамдық бір команда болып күреседі. Қазақстан ерлер құрамасынан командалық сайысқа алты дзюдошыны дайындап отырмыз. Негізгі құрамда Жансай Смағұлов (73 кг), Ислам Бозбаев (90 кг) және биылғы «Қазақстан барысы» атанған Еламан Ерғалиев (+100 кг) бар. Ал қосалқы құрамнан Ерасыл Сәкенұлы (73 кг), Әзиз Қалқаманұлы (90 кг) және Ержан Шынкеев (+100 кг) күресуі мүмкін.

            – Әңгімеңізге рахмет. Балуандарымызға сәттілік тілейміз.

 

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қзаақстан»