Қазақстан • 28 Тамыз, 2017

«Астана дауысы» сияқты фестиваль Ресейде өткен емес – Муз-ТВ директоры

277 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордада өткен «Астана дауысы» бірінші халықаралық фестивалі қала қонақтары мен тұрғындарына ұмытылмас әсерлі кеш сыйлады. Көптеген радиостанциялар мен хид-парадтар рейтингінде көш бастап тұрған әлемдік жұлдыздар жанды дауыста ән салды.

«Астана дауысы» сияқты фестиваль Ресейде өткен емес – Муз-ТВ директоры

Салтанатты рәсімді тамашалауға Президент әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбеков, Мәдениет және ақпарат министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және Астана әкімі Әсет Исекешев келді.

Фестиваль шымылдығын ашқан қала басшысы кеш қонақтарына сәттілік пен табыс тіледі. Сондай-ақ, «Астана дауысы» фестивалінде елдің мәдени өмірінде өзіндік орны бар белгілі әнші Қайрат Нұртасқа естелік мүсін табыстап тұрып, мұндай фестивальдердің еларалық мәдени байланыстарды тереңдетуде ықпалы зор екенін атап өтті.

– Елімізде осындай шараның өткізілгеніне қуаныштымын. Бүгін түрлі мемлекеттердің танымал әншілерімен бір сахнада өнер көрсеттім. Осы кеште Григорий Лепспен таныстым. Күзге салым жоспарлап отырған жеке концертімде бірге өнер көрсетеміз,– деп күлді Қайрат Нұртас. – Мұндай шаралар түрлі мәдени ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді. Бұл – қажетті іс, мен оны қолдаймын.

Қайрат Нұртас, Астана дауысы

Сахнаға алғашқылардың бірі болып шыққан украиналық Светлана Лободаны көрермен ыстық ықыласпен қарсы алды. Муз-ТВ 2017 премиясында «Үздік ән» аталымы бойынша жүлделі орын алған «Твои глаза» әнімен кештің ажарын аша түсті. Үзіліс арасында әнші фестивалдің өміршең болуына тілектестік білдірді.

– Мен Астананы жақсы көремін, жақын арада Астанада жеке концертімді беремін деп ойлаймын. Барлық ұйымдастырушыларға осындай әдемі шаралар өткізуді тілеймін, бұл аса қажет нәрсе, – деді Светлана. Мұнымен қоса, артист алғаш рет қазақ ұлттық тағамдарынан дәм татқанын, сондай-ақ, Астанада ұлттық тағамдардың ерекше мәдениеті қалыптасқанын атап өтті.

Салтанатты шара барысында албаниялық Arilena Ara, Нидерланды артисі Eva Simons, швециялық Arash, Грузиядан Хвича Кварацхелия, румыниялық DJ Sava сынды жұлдыздар өнерін ортаға салды. Белорус әншісі «Бьянканың» «Музыка» композициясын көрермен қауым шаттана қабыл алды. Оның ізін ала сахна төріне Түркиядан келген Ilyas Yalcintas, молдавиялық Sunstroke Project және АҚШ өкілі Polina шықты. Думанды кештің соңын қонақтар тағатсыздана күткен әнші Григорий Лепс қорытындылады. Әншілердің әрқайсысына музыка саласының дамуына үлес қосқандары үшін диплом мен естелік мүсіндер табыс етілді.

Фестивальді тамашалаған қонақтар да үзіліс арасында өз пікірлерімен бөлісіп жатты. Солардың арасында кешті тамашалуға келген Муз-ТВ телеарнасының бас директоры Арман Давлетьяров музыка мерекесін тарту еткен қала әкімдігіне алғысын жеткізді.

– Біріншіден, Қазақстанға келгеніме қуаныштымын, мұнда әлем елдерінің ең үздік артистері бас қосты. Мен олардың әрқайсысымен танысып, естелік суретке түсуге ниеттімін. Тіпті, Ресейде де мұндай деңгейдегі фестиваль өткен емес, сол себепті ұйымдастырушыларға, қала әкімдігінде осындай музыка мерекесін тарту еткендері үшін алғыс айтамын. Осы жолы Қазақстанға менімен бірге екі ұлым келді, олар мұнда болған емес. Екеуі таңертеңнен бері экскурсияға барып, кейін түнімен көргендерін әңгімелеп шығады. Алған әсерлері керемет. Домбыра, қамшы, жебе сатып алыпты. Қонақ үйдегі бөлмеміз шағын киіз үйге айналғандай. Ұлдарым үйге қайтқысы келмейді. Астанаға тағы да келуге асық. Сол себепті жылы қабылдап, құрмет көрсеткен қазақстандықтарға мың алғыс,– деп ағынан жарылды Арман Давлетьяров.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»