Ұлттық спорт • 28 Тамыз, 2017

Жеңіс тұғырында – Қазақстан көкпаршылары

412 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрме аясында әлем жұртшылығына қазақ халқының ұлттық спорт-ойын түрлерін насихаттау үшін, өткізіліп отырған көкпардан әлем чемпионаты кеше аяқталды.  

Жеңіс тұғырында – Қазақстан көкпаршылары

Бір аптаға созылған аламан сайысқа 11 елдің 150-ден астам көкпаршылары бақ сынасып, алаңда аянбай айқасты. Жарыстың алғаш­қы күні бес кездесу өтіп: Тәжікстан, Түркия, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан командала­ры қарсыластарын тізе бүктірсе, жарыстың екінші күні – 22 тамызда: Моңғолия – АҚШ (10:4), Тәжікстан – Түркия (12:2), Қырғызстан – Өзбекстан (11:2), Ауғанстан – Мажарстан (12:2), Қытай – Ресей (5:0) есебімен жарысты қорытындылады. 

Жарыстың үшінші күні – 23 тамызда, Моңғолия мен Өзбекстан, Түркия мен Қырғызстан, Қазақстан мен Ресей, АҚШ пен Тәжікстан және Мажарстан мен Қытай командалары арасында өзара кездесу өтті. Қорытынды есеп төмендегідей: Моңғолия – Өзбекстан (8:4), Қырғызстан – Түркия (13:3), Қазақстан – Ресей (15:3), Тәжікстан – АҚШ (9:2), Қытай – Мажарстан (8:2).

Ал жарыстың төртінші күні – 24 тамызда өткен бес ойынның алғашқысы Түркия мен Моңғолия командалары арасында өтіп, тартысқа толы бұл бәсеке көрерменді бір серпілтіп тастады. Алпаслан Жейлан бастап келген Анадолы азаматтарының тұрағы Түркия демесеңіз дені этикалық қырғыздар. Олар Моңғолияның атынан келген бай-өлкелік бауырлармен жан беріп, жан алысты. Нәтижесінде Ром Әуесхан бастап келген Бай-өлке көкпаршылары Айбарыс Болат, Досан Есжан, Қуантай Қайыржандар қос-қостан салым алып (10:7) жеңіске жетті. Келесі ойындардың есебі: Өзбекстан – АҚШ (11:1), Қырғызстан – Тәжікстан (15:2), Ауғанстан – Ресей (5:1), Қазақстан – Қытай (14:5).

Сайыстың бесінші күні – 25 тамызда чемпионаттың іріктеу ойындары басталды. «Б» тобынан Қазақстан, «А» тобынан Қырғызстан командалары үздік шығып, бас жүлде үшін сайысуға мүмкіндік алса, «Б» тобынан жартылай финалдық сайыс үшін Моңғолия мен Тәжікстан командалары айқасып, нәтижесінде 10: 9 есебімен тәжік жігіттері басым түсті. Екінші топтан Ауғанстан мен Қытай командалары өзара жеңімпазды анықтады. Мұнда 4:2 есебімен Ермек Тоқтарбек бастап келген қытайлық қандастармыз жеңіске жетті. Сөйтіп, жартылай финал, яғни қола жүлде үшін тартыс Қытай мен Тәжікстан командалары арасында өтетін болды. 

Кеше сағат 16.00-де қола жүлде үшін тар­тыс жоғарыдағы екі команда арасында бас­талды. Ойынның алғашқы кезеңінде қытайлық қандасымыз Мұхит Қуанышұлы есеп аш­қанымен, екінші таймда ойын тізгінін қолға алған тәжік көкпаршылары Ходжиакбар Достиев пен Рузикул Караевтар бір-бір салыммен есе қайтарып, тәжік жігіттері жеңіске жетті. Олар 3-орынға табан тіреп, жүлде қорына тігілген 3 млн теңгеге иелік етті. 

Ал кезекті чемпионаттың бас жүлдесін са­рапқа салған Қазақстан мен Қырғызстан көк­паршылары ғасырда бір болатындай сайыс өнерін көрсетті. Ойынның алғашқы салымы қазақстандық шабандоз Темірхан Айтбаевтың еншісіне бұйырса, көп кешікпей кәнігі қыран Бақтыбай Шырынқұлов есепті 2:0-ге жеткізді. Бірінші кезеңнің 12-ші минутында Абылай Нышанбек салымды еселеп, қонақтардың тау құлатар екпінін саябырсытты. Десе де қырғыз көкпаршылары қарап қалған жоқ, ойынның бітуіне 2 минут қалғанда Рустам Тыналиев салым алып, бірінші кезең 3:1 есебімен аяқталды. 

Сайыстың екінші кезеңі қазақстандықтардың берік қорғаныс шебін құруымен есте қалды. Алма-кезек алапат тартыс аяқталуға жақын қалған 16-шы минутта Маңғыстау көкпар командасының ойыншысы Александр Пупенко соңғы салымды салды. Сөйтіп, 4:1 есебімен жеңіске жеткен Қазақстан көкпаршылары чемпионат кубогымен қатар 10 млн теңге жүлде қорына қол жеткізсе, 2-орын иесі Қырғызстан командасына 5 млн теңге бұйырды. 
Қуанышбек Құрамаев, Қазақстан көкпар құрама командасының жаттықтырушы: 

– Көкпар Орталық Азияда өмір сүріп жатқан түркітектес халықтардың бәріне ортақ. Бірақ чемпионаттың Қазақстанда өтуі – елдегі тұрақтылық пен тыныштықтың кепілі. Бұған дейін 2013 жылы көкпардан Азия чемпионатын ұйымдастырған болатынбыз. Енді міне, әлем чемпионатын өткізуге қол жеткіздік. Біздің жеңіске қол жеткізгеніміз үлкен жаттығудың нәтижесі деп ойлаймын. 

Талас Бегалиев, Қырғызстан көкпар құрама коман­дасы­ның жаттықтырушысы: 
– Қырғызстанда 50-ден астам көкпар командасы бар. Осылардан іріктеп-сұрыптап команда жасап әкелдік. Бұған дейін де келгенбіз. Финалға дейін барлық қарсыластарымызды қалпақпен қағып алдық десек қателесейміз. Бұған дейін біздің жігіттер жасанды серкемен көкпар тартып көрмегендіктен қиын болды. Көкпар ойынының өз есебі бар. Ал шеңбер жағдайында бұл есеп тіпті басқаша. Сол себепті аздаған жаңылысулар болды. Командалық есепте екінші орын алдық. Осыған қанағат!

Бекен Қайратұлы, 
«Егемен Қазақстан»