Медицина • 28 Тамыз, 2017

Астанада «Құқық қорғау қызметтері орталығының жұмысы туралы» баспасөз конференциясы өтті

821 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Құқық қорғау қызметтері орталығы жұмысының тиімділігі ерекше. Бұл жөнінде Астанада өткен «Құқық қорғау қызметтері орталығының жұмысы туралы» баспасөз конференциясында талқыланды. 

Астанада «Құқық қорғау қызметтері орталығының жұмысы туралы» баспасөз конференциясы өтті

Баспасөз мәслихатында Бас про­куратура­­ның Құқық қорғау қызметте­рі орта­лы­ғының басшысы Сағатбек Сүлей­мен жұмыс барысы жөнінде баян­дап, Орталықтың құрылуы Ұлт жос­парының 100-ші қадамы, яғни құқық қорғау қыз­меттерін бір жерге шоғыр­лан­дырудан бастау алатынын атап өтті. 
«Елбасы барлық мемлекеттік орган­дарға адамдарды кабинет аралатпай, олар­дың кез келген талап-тілектері шешімін табуы тиіс деп тапсырма берді. Жыл сайын­ прокурорлардың жеке қабылдауына 50 мыңға жуық адам жүгінеді. Осыны ескеріп, азаматтарды қабылдау рәсімін барынша ыңғайлы ету мақсатында биыл шілде айын­да Құқық қорғау қызметтері орталығын аштық», деді Сағатбек Сүлеймен.

Баспасөз мәслихаты барысында Орта­лық ұсынатын қызмет түрлері де кеңінен баян­далды. Орталық басшысының ай­туынша, прокурорлар азаматтарды қа­был­­дау бары­сында нақты істерді сұрату, төмен тұрған прокурорлардың процес­суалдық шешімдерінің заңдылығын тексеру, сонымен қатар өтінішті «Элек­тронды үкімет» порталы арқылы құзырлы органдарға жолдау мүмкіндігіне ие. 

Шараға Республикалық адвокаттар алқасы төрағасының орынбасары Қадыржан Баймұханова, «Қазақстан медиаторлар қауымдастығы» ЗТБ-ның бас директоры Жанділдә Жақыпов және «Право» ҚҚ-ның төрайымы Ольга Рыль қатысты. Спикерлер Орталық жұмысына қатысты пікірлерімен бөлісіп, келелі мәселелерді талқылады.

Орталық келтірген деректерге сүйен­сек, бір ай ішінде 608 азамат про­ку­рорлардың жеке қабылдауында бо­лып, 342 адамға құқықтық көмек  көр­сетіліпті. Сондай-ақ, 266 арыз қабыл­да­нып, өңірлерге тапсырмалар берілген. Ал Орталық психологі 97 келушіге консультативтік көмек көрсетті. 47 келуші­ге ЭЦҚ беріліп, сол арқылы 33 электронды және 68 бейнеөтініштер жіберіліпті. Сонымен қатар, адвокаттар 100 азаматқа тегін көмек көрсеткен екен.

Естеріңізге сала кетейік, 21 шілде­де Астанада Бас прокуратураның ғима­ратында Құқық қорғау қызметтері орта­лығы ашылған-тұғын. Мекеменің негізгі мақсаты – өтініштерді жедел түрде шешу, халықтың құқық қорғау және мемлекеттік органдарға деген сенімін арт­тыру, сонымен қатар әкімшілік ке­дергілер мен бюрократияны жою. Мұн­­дай орталық бүгінде Ақтөбе және Қызылорда облыс­тарында да ашылды. Жыл соңына дейін еліміздің бүкіл өңірлерінде Құқық қорғау қызметтері орталықтарын ашу жоспарланып отыр. 

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»