Кино • 28 Тамыз, 2017

«Анаға апарар жол» – «Марко Поло» кинофестивалінің үздігі

569 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көптеген халықаралық байқауларда топ жарып жүрген «Анаға апарар жол» фильмі бұл жолы Хорватияда өткен кинофестивальде де жүлдеге ие болды. 

«Анаға апарар жол» – «Марко Поло» кинофестивалінің үздігі

Әйгілі саяхатшы Марко Полоның туған өлкесі Хорватияның оңтүстігіндегі Корчула аралында жыл сайын «Марко Поло» халықаралық кинофестивалі өтіп келеді. Биыл фестивальге Әзірбайжан, Болгария, Үндістан, Индонезия, Иран, Қазақстан, Корея, Түркия, Хорватия және басқа да елдерден келген фильмдер қатысты. Қазақстандық делегация құрамында  «Анаға апарар жол» фильмінде басты рөлдерді сомдаған  актерлер Әділ Ахметов, Алтынай Нөгербек, картинаның продюсері Жарасхан Күлпиенов, сондай-ақ, Хорватиядағы ҚР елшілігінің қызметкерлері болды. Көптеген халықаралық байқауларда топ жарып жүрген «Анаға апарар жол» фильмі бұл жолы Хорватияда өткен кинофестивальде де жүлдеге ие болды. Картинаның режиссері – Ақан Сатаев.

Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және «Новый мир» ЖШС-сімен бірлесе түсірілген «Анаға апарар жол» фильмі қазақ халқының ХХ ғасырдағы күрделі тарихи кезеңдерден құрылған. Күштеп жүргізілген ұжымдастыру науқаны, ұлттың басына түскен ұлы трагедия – жұт (ашаршылық), II дүниежүзілік соғыс пен соғыстан кейінгі бейнетті жылдар көрініс тапқан. Сұрапыл соғыстың мехнатын көрген, жат елде тұтқында болған Ілияс есімді жігіттің тағдыры баяндалатын фильмде туған жерге деген сағыныш суреттеледі.

Салтанатты шарада сөз алған фестиваль директоры Игорь Призмич фильмнің кәсіби даярлығын жоғары бағалады.

«Сіздер түсірген фильм өзгеше атмосферасынан бөлек, түсірілім тобы мен талантты актерлардан жасақталған. Анасы мен ұлының арасындағы махаббат арқылы қазақ елінің тарихымен таныстық. Фильмнің бас продюсері Әлия Назарбаеваның осындай еңбегі үшін алғыс білдіреміз», деді фестиваль директоры, танымал режиссер және продюсер Игорь Призмич.

Кинотуынды жуырда Бішкекте өткен «Ақ ілбіріс» атты VI ұлттық киножүлдесінде Орталық Азияның үздік фильмі атанған болатын. Биыл маусым айында Нью-Йоркте өткен V еуразиялық кинофестивальде  тарихи кинотуынды «Үздік көркем фильм» жүлдесіне ие болды.

«Біздің осынау тарихы терең аралымызда сіздермен жолығып отырғаныма қуаныштымын. Қазақстан туралы көп нәрсемен таныстық» деген қала мэрі Андрия Фабрис қазақстандық туристерді құшақ жая қарсы алуға дайын екенін мәлімдеді.

Ая Өміртай,

"Егемен Қазақстан"