Әлем • 29 Тамыз, 2017

Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың маңызы неде?

745 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Адамзат тарихындағы айтулы күн

 

Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың маңызы неде?

1949 жылы 29 тамызда Кеңес өкіметі Семей ядролық полигонында атом бомбасын алғаш рет сынақтан өткізді. Содан бастап КСРО ядролық қаруды тәжірибеден өткізуге бел шешіп кіріскен-тұғын. Ол үшін сынақ алаңына 18 миллион гектар жер бөлінді. Семей полигонында жарылған атом бомбаларының жалпы саны 456-ға жетіп жығылады. Соның 116-сы жер бетінде не әуеде сыналыпты. Осы аралықта тәжірибе жасалған ядролық қарулардың қуаты 1945 жылы Жапонияны қан қақсатқан Хиросимаға тасталған «Балақай» атом бомбасынан 2,5 мың есе қуатты. Мұншалықты алапат көлемде зұлмат қаруды сынақтан өткізудің зиянын жергілікті халық көрді. Қазақстан ядролық қарудың зардабын басқалардан артық тартқаны және аян.

Кеңес өкіметі келмеске кеткен соң, ядролық қару арсеналының біраз бөлігі Қазақстанға мұраға қалғаны мәлім. Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы 28 тамызда Қазақ елі үшін аса маңызды құжат, Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Ғасырдың зұлмат қаруына қарсы күрес мұнымен тоқтап қалған жоқ. Қазақстан халықаралық аренада ядролық қаруға байланысты өз ұстанымын нақты білдіріп, шартарапты одан бас тартуға шақырып келеді. Сондықтан шығар, бүгінде дөңгеленген дүние Қазақ елін ядролық қарумен күрестің көшбасшысы санайды.

Семей топырағында атом бомбасы жарылғаннан 60 жыл өткен соң адамзат үшін маңызды қарарға қол қойылды. Біріккен Ұлттар Ұйымы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде жариялады. Аталған қарар Қазақстан тарапының бастамасымен ұсынылған болатын. БҰҰ Бас Ассамблеясы оны бірауыздан қабылдады.

Қазақстан тарапының бұдан басқа жетістіктері ұшан-теңіз. Еліміздің бастамасымен «АТОМ» (Abolish testing. Our mission) жобасы іске қосылды. Екі жыл бұрын, Хиросима және Нагасакиде атом бомбасын сынақтан өткізудің 70 жылдығына орай, БҰҰ Ядролық қарудан азат әлем құрудың жалпыға ортақ декларациясын қабылдады. Маңызды құжат Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ұсынылған болатын.

Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Әлем. XXI ғасыр» манифесінде ядролық қарусызданудың маңыздылығын атап көрсетті. Онда әлем елдері неліктен атом бомбасынан бас тарту керек екендігі нақты айтылған. Бұдан 60 жылдай бұрын данышпан ғалым Альберт Эйнштейн мен Бертран Рассел бастаған бір топ ғалым манифест жариялап, дүние жүзінің көшбасшылары мен мемлекеттерін ядролық қарусыздануға шақырған-ды. Елбасының манифесі тарихи құндылығы жағынан Эйнштейн-Рассел ұсынысынан еш кем емес.

Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні қарсаңында Астанада Пагуош қозғалысының кезекті конференциясы өтіп жатыр. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен мүйізі қарағайдай ғалымдар, қозғалыс белсенділері, БҰҰ өкілдері келді. Конференция қатысушылары ядролық қаруға қарсы күресте Қазақстанның бастамасы мен атқарып жатқан шаруаларды оң бағалады. Олар елімізді әлемге үлгі болатын мемлекет деп мәлімдеді.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»