Білім • 29 Тамыз, 2017

17 оқулықты аударуға кірісті

730 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойын­ша атқарылып жатқан аударма жұ­мы­сын талқылауға арналған «Қазіргі ғы­лыми аударма: теориясы мен практи­касы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. 

17 оқулықты аударуға кірісті

Шараға жоғары оқу орындарының оқытушы-ғалымдары, аудармашылар, редакторлар, баспагерлер, тілші және әдебиетші мамандар мен жауапты мекемелердің өкілдері қатысты. Бас­қо­суда жоба аясындағы ғылыми тер­миндер мен ұғымдарды қазақ тіліне ау­дару, өзге тілдерден енген сөздер қол­да­нысы, терминология, стиль, аударма­шылар ортасының кәсіби деңгейін кө­теру мәселесі сөз болды.

Жиында психология, әлеуметтану, мәдениеттану, экономика, тіл, дін салалары бойынша желтоқсан айында жарыққа шығуы тиіс он жеті кітап талқыланды. Кітаптар тікелей түпнұсқадан аударылып жатқандықтан, жарыққа шыққанша төрт деңгейден өтеді. Аудармашылар мен әдеби редакторлар, тілшілер тығыз жұ­мыс істеп жатыр. Аудармашылар – ғы­лыми дәрежесі бар, шет тілін мең­гер­ген сала мамандары. «Ұлттық аудар­ма бю­росы» қоғамдық қорының басшысы Рауан Кенжеханұлы: «Жалпы саны 800-ге тарта оқулық ұсынылды. Соның ішінен орыс тіліне аударылмаған үздік он жеті кітап іріктелініп алынды. Бұл кітаптар – әлемдегі жетекші оқу орындарының баспаларынан шыққан оқулықтар. Осы кітаптарды аудару үшін тоқсан адамнан құрылған жұмыс тобы іріктелді. Әр оқу­лыққа жауапты өз адамдары бар. Бұл жұмыс бірнеше кезеңнен тұрады. Оқу­лықтар студенттерге арналғаннан кей­ін, оның аудармасының жатық, қа­зақ­ша толық түсінікті болуын қатаң қа­да­ғалап отырмыз», деді.

Талқылау барысында тілші-ғалымдар Шерубай Құрманбайұлы мен Анар Фазыл­жанова Ахмет Бай­тұрсынов атын­дағы Тіл білі­мі инс­титутының шы­ғар­ған терми­но­ло­гиялық сөздіктері мен тү­сіндірме сөз­діктерін кеңінен пайдала­ну мен ау­дар­мадағы қате ұғымдарды жіп­ке тізгендей айқындап берді. Әсіресе, фи­­лософия оқулықтарының тіліне көп сын айтылғанымен, осы жолы мамандар аударма сапасының жоғары болаты­нын айтты.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ