Жазғы спорт • 29 Тамыз, 2017

Универсиада-2017. Қазақстан қоржынында 14 медаль

287 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тайпейде өтіп жатқан ХХІХ Жазғы универсиаданың тоғызыншы жарыс күнінде қазақстандық жеңіл атлет Сергей Григорьев сырықпен секіруден 5 метр 50 сантиметрді бағындырып, күміс жүлде жеңіп алды.  

 

Универсиада-2017. Қазақстан қоржынында 14 медаль

Бұл сында алтын медаль португалиялық атлет Диого Фер­рейраға бұйырды. Оның көрсеткіші – 5,55 метр. Ал үздік үштікті 5,40 метр нәтижемен италиялық спортшы Клаудио Стеки түйіндеді.

Сонымен, бүгінгі күнге дейін Қазақстан құрамасының қоржынына 3 алтын, 5 күміс және 6 қола жүлде түсті. Жал­пы­командалық есепте біздің спортшы студенттер 14 медальмен 17-ші орында келеді.

Бұл сында Жапония құра­масы көш тізгінін берер емес. Қазір­гі уақытта Күншығыс елі студент­терінің еншісінде 78 медаль бар (30 алтын, 20 күміс және 28 қола). Оңтүстік Корея спортшылары 71 жүлдемен (27, 18, 26) екінші орында тұр. Ал үшінші сатыға табан тіреген Тайвань құрамасының қор­жынында 67 медаль бар (18, 28, 26).

Кеше Тайпэйдегі студенттер сайысында өнер көрсеткен бір топ қазақстандық спортшы елге оралды. Олардың арасында Жазғы универсиаданың чем­­пиондары зілтемірші Де­нис Уланов, Айдар Қазов жә­не Альберт Лин­дер болды. Спорт­шыларды Ал­маты әуе­жайында қарсы алған жан­күйер қауым ел намысын ла­йық­­ты қорғаған жеңімпаздар мен жүлдегерлерге лайықты қо­шемет көрсетті.

«Өзімнің көрсеткен өнеріме көңілім толды. Жарысқа жүлде аламын деп нық сеніммен барып едім», деді БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Альберт Линдер.

Сонымен қатар, Универ­сиа­дадан алған әсерімен сайыстың күміс жүлдегері, таеквондошы қызымыз Жансел Дениз де бөлісті. «Менің финалдағы қарсыласым өте мықты спортшы болды, өзі Азия чемпио­ны. Шешуші жекпе-жекте тәжірибе таразы басын тартып кетті. Дегенмен, мен өзім үшін көптеген жаңалық аштым. Бұл Универсиада сынында алған тәжірибем болашақтағы жеңіс­теріме баспалдақ болады деген сенімдемін», деді Түркияда туып, өзінің тарихи Отанына оралған ержүрек қыз.

Ертең ХХІХ Жазғы универсиада өзінің мәресіне жетеді.

Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар