Үкімет • 29 Тамыз, 2017

Үкіметте Қазақстанның 2022 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен басымдықтары қаралды

543 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысы аясында 2018-2022 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен негізгі басымдықтары қаралды. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.

Үкіметте Қазақстанның 2022 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен басымдықтары қаралды

ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов құжат «Қазақстан-2050» стратегиясында», 30 озық дамыған елдің қатарына кіру тұжырымдамасында, бес институционалдық реформада, сондай-ақ Қазақстанның үшінші жаңғыруында көрсетілген мақсаттар мен міндеттерді іске асыру үшін әзірленгенін мәлімдеді. 

Жыл басынан бері Қазақстанда экономикалық белсенділіктің жақсарғаны байқалуда. 7 айдағы ЖІӨ өсімі 4 %-ды құрады. Жыл қорытындысы бойынша 3,4% деңгейде экономика өсімі болады деп күтілуде. Бұдан өзге, ХВҚ болжамына сәйкес, 2017-2018 жылдары экономикасы дамыған елдердің белсенділігінің артуы себебінен 3,5–3,6% деңгейде әлемдік ілгерілемелі экономикалық өсім болады деп күтілуде.

2018-2022 жылдарға арналған болжам мен 2018-2020 жылдарға арналған бюджеттік параметрлерді қалыптастырудың негізі ретінде мұнай бағасы — $45 кезіндегі базалық сценарий алынды. 

ЖІӨ нақты өсімі 2018 жылы 3,1% деңгейінде болжанған, 2022 жылы 4,2%-ға дейін өсім күтілуде. ЖІӨ өсімінің орташа жылдық қарқыны алдағы кезеңде 3,7%-ды құрайды. Атаулы ЖІӨ алдағы жылы 55,9 трлн теңгеден 2022 жылы 75,9 трлн теңгеге дейін өседі. Халықтың жан басына шаққанда ЖІӨ 2018 жылы $9’000 құрайды, 2022 жылы $11’700 дейін ұлғайтылады. 

ИИДМБ жобаларын енгізу, «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер», АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруды жалғастыру, сондай-ақ Үшінші жаңғыртуды іске асыру бойынша жобалық басқаруды енгізудің арқасында өңдеу өнеркәсібінде 4,2% деңгейінде, ауыл шаруашылығында — 5,7%, құрылыс саласында — 4,0%, көлік саласында— 5,1% және саудада — 3,5% өсімнің жоғары қарқыны орын алады деп күтілуде.

Ұлттық банк 2018 жылы 5–7% аралығында, 2019 жылы 4–6% аралығында және 2020-2022 жылдары 3–4% төмендету арқылы жылдық инфляцияның мақсатты дәлізін сақтаған. Жұмыссыздық деңгейі 2018 жылы 4,9%-дан 2022 жылы 4,7%-ға дейін қысқартылады.    

Өсім параметрлеріне қол жеткізу үшін негізгі назар экономикалық саясаттың келесі басымдықтарына беріледі: макроэкономикалық тұрақтылықпен қамтамасыз ету, жеделдетілген технологиялық жаңғырту, бизнес ортаны түбегейлі жақсарту мен кеңейту, адам капиталының сапасын жақсарту, институционалдық қайта құру. 

Сондай-ақ, негізгі басымдық экономикалық дербестік пен өңірлердің жауапкершілігін нығайтып, кеңейту және Қазақстан азаматтарына өмір сүру мекеніне қарамастан бірдей деңгейде өмірлік және еңбек жағдайларын жасау мақсатында теңдестірілген аймақтық дамытуға бағытталады.