Театр • 31 Тамыз, 2017

Ла Скала театры Астанада

906 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Операның отаны саналатын Миландағы Ла Скала театры астаналық көрермендерге жауһар туындыларын ұсынбақ. Музыка мәдениетіне елеулі еңбек сіңірген Зубин Мехтаның дирижерлік пультты басқаратынынан-ақ,  көлемді циклдерден тұратын музыкалық шығармалардың салмағын таразылай беруге болады. Сексеннің сеңгіріне шығып отырған маэстро жүздеген партитураларды жатқа білетіндіктен, көзді жұмып тұрып-ақ ноталарсыз дирижерлік етеді. 

Ла Скала театры Астанада

9 қыркүйекке дейін Астана Опера театрында Джузуппе Вердидің «Фальстаф» операсы мен Людвиг ван Бетховеннің Ре Минор, Ор 125 №9 симфониясы көпшілік назарына ұсынылады. Осыған орай өткен баспасөз жиынына Ла Скала театрының директоры Александр Перейра, солист Амброджо Маэстри, театрдың қоюшы режиссері Домиано Микелетто мен мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысты.

Әйгілі композитор Джузуппе Вердидің үш көріністен тұратын «Фальстаф» операсының тұсаукесері 1893 жылы Миландағы осы Ла Скала театрында өткен болатын. Опера желісі қарт музыканттарға арналған «Casa Verdi» үйінде өрбиді. Қартайып, шау тартқан әнші Фальстафтың жүрегін махаббат қиялы тербейді. Вердидің аталған композициясы аңызға айналған Миланның жарқын тіршілігінің қалтарысты тұсынан сыр шертеді. Кезінде Вердидің өзі «менің ең көркем операм» деп атаған қойылымның қоюшы режиссері – Дамиано Микелетто, суретші-сценографы – Паоло Фантин, костюмдер бойынша суретшісі – Карла Тети.

Әңгіме арасында Ла Скала театрының директоры Александр Перейра театрдың табысты болуының негізгі құпиясына тоқталды. Оның айтуынша, «адамгершілік қасиет тұрғанда театр мәңгі жасай бермек».

– Ла Скаланың табысты болуының бір сыры – шығармалардың барлығы тірі дауыста орындалады. Әрине сіздер Пласидо Дамингоның орындауындағы шығарманы дисктен де тыңдай аласыздар. Дегенмен дисктегі музыка үнемі бір қалыптан ауытқымайды. Жанды дауыста орындап тұрған артист әрдайым үздік орындап шығуға ұмтылатындықтан, шығарма өңі құлпыра түседі, түрленіп, мың сан құбылады, – дейді директор. Ал театрдың репертуарлық бағдарламасы қос тараптың арнайы келісімімен жүзеге асырылған. – «Фальстаф» операсы – ең күрделі шығармалардың бірі. Қазақстанға Фальстаф партиясының үздік орындаушыларын таңдап әкелдік. Көңілді, үні зор әртістің бірі – Амброджо Маэстриді айтуға болады. №9 симфониясын әлемді үндестікке шақыруға арналған жолдауымыз деп қабылдауға болады. Ал бірлік бүгінде ең маңызды дүние.

Ла Скала театры

Танымал театр ұжымы Астанаға толық құраммен келгенін айта кету керек. Хор, оркестр, солистер мен техникалық қызметті қосқанда, барлығы 260 адам.

«Театрмен бірге сахна декорациясы мен жабдықтар тиелген 14 жүк көлігі келді. Дайындық жұмыстары соңғы бір аптада қызу жүріп жатыр. Осы орайда, театрдың барлық шығынын демеушілердің қолға алғанын, қазақстандық тараптан қаржы бөлінбегенін баса айтқан жөн», – деді Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы баспасөз мәслихатында.

EXPO-2017 бағдарламасы аясында Ла Скала театрының опера труппасы, хор мен симфониялық оркестрінің алғашқы гастрольдік сапарына итальяндық «Eni» энергетикалық компаниясы мен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік серіктестігі қолдау көрсетіп отыр.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»