Қазақстан • 31 Тамыз, 2017

Астанада жас режиссерлердің форумы өтеді

338 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің мәдени бағдарламасы аясында елордада Қайрат Сүгірбеков атындағы жас режиссерлердің I республикалық форум-фестивалі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астанада жас режиссерлердің форумы өтеді

Қазақстан театрлары қауымдастығының вице-президенті Асхат Маемиров Қазақстанда жас режиссура өкілдері өте аз деген сыңаржақ пікірдің бар екенін баса айтты. Осындай пікірге нүкте қойып, талантты жас режиссерлердің шығармашылығына қоғам мен қалың көпшіліктің назарын аудару мақсатында жас режиссерлердің тұңғыш форум-фестивалін ұйымдастырып отырғандарын жеткізді. Тұңғыш фестивальге қазақтың жаңашыл театр режиссері Қайрат Сүгірбековтің есімінің берілуі де тегін емес.

«Қайрат Сүгірбековтың феномендігі сол, өзінің авторлық эстетикалық театрының моделін жасаған бірден бір суреткер. Қазақтың театрлық режиссурасына авангардтық бағытты әкелді, жаңашыл, инновациялық бағытта жұмыс істеді. Қазақ драматургиясының негізін салған Ж.Аймауытов, М.Әуезов, М.Жұмабаевтардың шығармаларын сөйлесудің режиссерлік ерекше жолын көрсетті. Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» шығармасын «Махаббат дастаны» деп атап, қазақтың тарихын тереңінен алып, түркітілдес мемлекеттерге әбден таныс ассоциациялық, метафоралық теңеулермен сахналады. Сөйтіп, сахнаға символизмді әкелді. Бір жағынан ерте кеткен Қ.Сүгірбековтың есімін мәңгі есте сақтау және Сүгірбеков бастаған сүрлеу жолды жалғастыратын жас режиссерларды көрсетуді мақсат тұтып отырмыз», - деді Асхат Маемиров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Іріктеу кезеңінде жиырмадан астам жұмыс қабылданған. Олардың арасынан Елік Нұрсұлтан, Дәурен Серғазин, Дина Құнанбайқызы, Рүстем Жаныаманов, Болат Абдрахманов, Фархад Молдағалиев, Жұлдызбек Жұманбай, Гүлнәз Қамысбаева, Мейрам Хабибуллин, Айдын Салбанов сынды 13 жас режиссер таңдап алынған. Олар форум барысында түрлі пікірталастар, лекциялар, шеберлік-сыныптары мен семинарларға қатысады.

Байқауда Әлия Бөпежанова, Дулыға Ақмолда, Гүлсім Ерғалиева, Мирас Әбіл қазылық етеді. Үздік жұмыстарға Бас жүлде, 1,2,3 орындар, көрермендер көзайымы және өмірден ерте озған тағы бір режиссер Рүстем Есдәулетов атындағы арнайы сыйлық беріледі.

2 қыркүйек күні Бейбітшілік және келісім сарайында І жас режиссерлер форум-фестивалінің ашылу салтанаты өтеді. Онда М.Әуезов атындағы академия театры «Махаббат дастаны» қойылымын көрсетеді.

Ашылудан бөлек, форум-фестиваль аясында Астана қонақтары мен тұрғындары алты күн бойы М. Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры, Республикалық академиялық неміс драма театры, Астана Жастар театры, Ақтөбе облыстық Алақай театры, С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театры , Шығыс Қазақстан облыстық Жастар театры, Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры, Алматы қаласы мемлекеттік қуыршақ театры, Атырау облыстық Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ драма театрларының қойылымдарын тамашалай алады.