Бизнес • 01 Қыркүйек, 2017

Іскер әйелдер үлесі артып келеді

1381 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада «Әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың жаңа мүм­кін­діктері» атты халықаралық бизнес-конференция өтті. Онда әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың қазіргі үдерістері, даму­дың жаңа бағыттары мен мүмкіндіктері талқыланды. Конференцияның ашылуына Парламент Сенатының депутаты Дариға Назарбаева қатысып, сөз сөйледі. Ол бүгінде елімізде әрбір әйел өзін саясатта, бизнесте және ғылымда көрсетуге мүмкіндік зор екендігіне баса назар аударды.

Іскер әйелдер үлесі артып келеді

Әйелдер кәсіпкерлігінің дамуы еліміздің жалпы іскерлік ахуалымен тығыз байланысты. Бұл еліміздегі шағын және орта кәсіпкерліктегі әйелдер үлесінің артуымен дәлелденген. Бүгінгі таңда елде орта есеппен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 42 пайызы барлық жұмыс орындарының 30 пайыздан астамын қамтамасыз ететін әйелдердің еншісінде. Ал әйелдердің елдегі ІЖӨ-ге қосқан үлесі шамамен 40 пайызды құрайды. Енді жастар кәсіпкерлігін дамытуға екпін түсіп отыр. 

Қыздар мен жас әйелдер өз­дері­нің мүмкіндіктерін кәсіпкер­лікте ынталана іске асырады. Алай­да, оларға нақты қолдау мен көмек керек. Осыған байланыс­ты Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы бүкіл ел бойынша «Жас қанаттар» атты бөлім құрды. Оған 18-ден 35 жасқа дейінгі, жа­ңадан 6 айдан 2 жыл ара­лы­ғында кәсіпкерлікпен айналыс­қан жас қыздар мен әйелдер кірді. Бүгінде «Жас қанаттар» құрамына 200-ден астам кәсіпкер қосылған. 

Қазақстан іскер әйелдер қау­ымдастығы өз қанатының ас­тына еліміздегі ең мықты, ең үздік, ең әдемі қыздарды жинап отыр. Жұ­дырықтай жұмылсақ, қашанда оңай, қауіпсіз әрі сенімді. Біз ерек­ше кезеңде, еркін елде өмір сүріп жатырмыз. Біз – жоғары білімді қазақстандық қоғамның бір бөлігіміз. Әрқайсымыз саясатта, бизнесте, ғылымда биік жетістікке жете аламыз, деді сенатор. Осы орайда ол бүгінде нәзік жандылар ерлерден еш қалыспай, өз істерін жауапкершілікпен өте жақсы атқарып жүргенін сөз етті.

Қауымдастықтың «Жас қа­на­тын» ашу – дер кезінде қолға алынған шара. Шын мәнінде, бүгінде жастардан үйренеріміз көп. «Жас қанаттар» ересектерге соңғы үлгідегі цифрлы технологияларда білімдерін үйретіп, делдалдар мен қажетсіз шығындарды айналып өту арқылы бизнес жүргізуге көмектеседі деп үміттенемін. Мүлдем басқа ортада өскен кәсіпкерлердің жас буыны жетіліп келе жатыр. Бұл балалар интернет және цифрлы технологиялар дәуірінде тәлім алған және бизнес жүргізуде олардың көзқарасы өзгеше. Бүгінде әлеуметтік желілер де бизнес жүргізуге жақсы жағдай жасады. Бұрын мұндай мүмкіндік болмаған, деді Д.Назарбаева. 

Сенатор сондай-ақ, студенттерге арналған үздік бизнес жобаларға байқаулар өткізу ке­рек­тігін атап өтті. Осы мақсатта жо­ғары сынып оқушылары мен колледж студенттері үшін кәсіп­керлік негізі бойынша оқу бағдар­ламаларын енгізу керек. Мек­теп пен студенттік командалар арасындағы жеңімпаздарды анық­тап, үздік бизнес жобаларды іске асыру үшін гранттар бөлген дұрыс. 

Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»