Әдебиет • 01 Қыркүйек, 2017

«Мені ел қатарына қосқан – «Еңбекшіл қазақ»

384 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шиеліге үлкен жолдан кіре берісте көпір бар. Сол көпірдің оң жақ қапталында қорым жатыр. Мұнда қазақтың қабырғалы қаламгері, жазушы, аудармашы Қалмақан Әбдіқадіров мәңгілік мекенін тапқан. Әр өткен сайын қазақты «Мың бір түнмен» таныстырған, табыстырған қаламгердің рухына дұға оқып, бет сипаймыз. Жазушы 1964 жылдың 30 сәуірінде дүниеден озды. Жалғаннан өтерінен үш күн бұрын соңғы хатын жазыпты. Бұл хатты аудандық «Өскен өңір» газеті 1999 жылы 11 желтоқсанда жариялаған. Қалмақан Әбдіқадіров соңғы хатында не депті? Соны оқырман назарына ұсынып көрейік.

«Мені ел қатарына қосқан – «Еңбекшіл қазақ»

«Он екі жасымнан кім көрін­ген­ге жалданып, не­ше жыл қаң­­ғырып, азап ше­гіп өскен жетім едім мен. Өмір талқы­сын көп кө­ріп, қатыгез заманның зар­дабын мол шектім. 

Менің ел қатарына қо­сы­­­луыма, жетім тұр­мыс­­тан жетіккен өмір­ге көшуі­ме себепкер бол­ған, мерейім­ді үс­тем етіп, өзімді биік бас­­қышқа көтерген – «Еңбек­шіл қазақ», қазір­гі «Социалистік Қа­­зақ­стан». Осы коллективте жү­ріп творчестволық жұ­мыс­қа жолдама алдым. Қазақстанның көрнекті жазушылары Сәкенмен, Бейімбетпен, Ілияспен, Сәбит­пен, Ғабитпен, Ғаби­денмен мен сол редакцияда дидарласқан едім. Жазушы деген ха­лық­ты мейлінше кіші­пейіл болуға ша­қыра­тын осы газет еді.

Адам қиналған шақта өткен өмір жолын, тірші­лік­тегі дос­тары мен дұш­пан­дарын көз алдына елес­тетіп, өміріне өшпес із қал­­дыр­ған коллективін қи­­май­ды екен. Бүгін мен де сон­дай хал­де­мін...

Мен қазір ажал төсе­гін­­демін. Рак деген бір кесел алды-артыма қаратпай тойымсыз ажалдың аранына тастап жібергелі тұр. Ен­дігі өмірімді сағат­тармен ғана санап жатырмын. Биылғы 1 май мейрамына жетер-жетпесім нәгүмән.

Ойларым, жоспарым көп еді. Қай­тейін... «Қал­ма­қан сасай тартты» деген сын сөздер мені тол­ғандырмай жүрген жоқ еді. Сыр елін, өзімнің сүйікті жерімді байыптап, зерт­теп, оның ұлылығын қа­ғазға түсірсем деп жү­ретінмін. Соңғы 7-8 жыл бойы ішіме дерт айналды да бойкүйез қалыпқа түс­тім. Қаламым суып қалды. Ақыры келіп мынадай ауруға жолықтым.

Жоспарым көп, іздені­сім аз. Көп өмірім «Мың бір түнге» сар­қы­лып болды.

Одан басқа сүйекті шы­­ғар­­ма­ларым деп «Қа­жы­­­мұ­­қан» мен «Келес қы­зын» және әр жылдары жаз­ған өлеңдерімді ғана айта аламын...

Қош болыңдар. Өмір­ге, бүгін­гі ұрпаққа қарыз­дар боп кетіп ба­рамын.

Қалқаман Әбдіқадіров.
27 сәуір, 1964 жыл. Шиелі».

Жазушының жан сы­ры осындай. Қалмақан Әб­діқадіров өзі айт­қан­дай тағдырдың қатал тар­туын буыны қатып, бұ­ғанасы бекімей жатып-ақ көрген. Жалданып жүріп жан баққан. Біреудің есі­гін күзетіп жүріп кү­нел­ткен. 22 жасында «Ең­­­бек­шіл қазақтың» та­бал­­­дырығынан аттай­ды. Он­да да бірден жур­на­листік қыз­метке қабыл­данбаған. Тіпті, кор­рек­тор да болмаған. Бар-жо­ғы көшірлік жұмыс істе­ген. Яғни, ат айдаушы бол­ған. Ең алғашқы өлеңі «Сыр­дария» осы басылым бетінде жарияланған. Жоғары­дағы хатында айт­қан­дай, сонан кейін барып қана шығар­машылық жұмысқа жолдама алыпты. Ажалмен бетпе-бет ке­ліп, әзірейіл періштенің демін жан-­тәнімен сезген қаламгер өзін қатарға қосқан ұжымын есі­не алып, қимай қоштасып, ті­­зе қосып бірге жұмыс іс­те­ген әріп­тестерінің бей­не­сін санасында және бір жаң­ғыртыпты-ау.

Қазақ әдебиеті мен ру­­ханиятына өлшеусіз үлес қосып, артында өш­­пес із қалдырса да жа­зу­шының өз-өзіне көңі­лі толмағанын, әлі де атқа­рылар талай жоспары болғанын хат­тан анық байқаймыз. «Бір кем дүние» дегеніңіз осы ғой...

Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы