Экономикалық салада өсім бар
Оңтүстік Қазақстан облысы – бітімі бөлек, тарихы терең, халқымыздың бағзы заманнан бері құтты қонысы болған мекен. Бұл өңірдің де өзіндік даму ерекшелігі бар. Биыл облыстық экономиканың нақты секторында өсім байқалады. Айталық, биылғы жеті айдағы көрсеткішке сенсек, өнеркәсіптік өнім көлемі 439,1 млрд теңгені құраған. Өңдеу өнеркәсібінің жалпы саладағы үлесі – 68 пайызды құраса, соңғы жеті айда 301,3 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 34,6 млрд теңгеге артық көрсеткіш, яғни өсім 1,7 пайызға жеткен.
2015-2019 жылдарға арналған Индустрияландыру картасының екінші бес жылдығында 47 жоба жүзеге асырылып, 1650 жаңа жұмыс орны ашылған. Ал биыл 1,7 млрд теңгенің 3 жобасы іске қосылған. Нақтырақ айтсақ, вафли өнімдерін шығаратын «Рахат Шымкент» ЖШС – 850 млн теңгенің жобасын жүзеге асырды. Оның қуаттылығы – 1700 тонна. Осы серіктестіктің арқасында 28 жұмыс орны құрылған. Бұған қоса, Отырар ауданында жүгері өңдейтін зауыт және Созақта құны 222,9 млн теңгені құрайтын қалдықтарды өңдейтін және құбырлар өндіретін кәсіпорын ашылған.
Енді жылдың аяғына дейін тағы 14 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Олардың ішінде жиһаз фабрикасы, асфальтбетон және газ бетоны зауыттары мен майсыздандырылған құрғақ сүт пен сары май шығаратын кәсіпорын, дәрілік өнімдердің қатты түрін өндіретін зауыттар бар.
Оңтүстік Қазақстан облысы жылдың соңында өнеркәсіптік өнімдердің көлемін 850 млрд теңгеге жеткізуді көздеп отыр. Демек, бұл саланың өсімі 2,1 пайызға артпақ.
Экономикалық дамуға маңызды жобаларды жүзеге асыру барысында 229,9 млрд теңгенің инвестициясы тартылыпты. Бұл былтырғымен салыстырғанда 31,5 пайызға артық көрсеткіш. Олардың ішінде сыртқы инвестиция көлемі 42,3 млрд теңгені құрап, соның нәтижесінде облыс республика бойынша бірінші орынға шыққан, яғни облыстың республикадағы жалпы көрсеткіші 14,1 пайыздан 16,9 пайызға өскен.
Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда облыстағы өнім көлемі 2,7 пайызға артып, 187,8 млрд теңгені құраған. Былтыр бұл көрсеткіш 161,2 млрд теңге болыпты.
Биыл Оңтүстік Қазақстан облысының егіс алқабы 20,7 мың гектарға артып, 809,5 мың гектарға жетіпті. Сонымен қатар, қосымша 297 кооператив құрылып, олардың саны екі есеге өскен. Осылайша, бұл жағынан да облыс республика бойынша бірінші орынға шыққан.
Бюджетке түсетін салмақты азайту мақсатында облыс мемлекеттік жекеменшік серіктестік тетіктерін дамытуға күш салуда. Осы салада биылғы жеті ай ішінде жалпы сомасы 9,3 млрд теңгені құрайтын 13 жоба бойынша келісімдер жасалыпты. Оның 8-і – білім, екеуі – денсаулық және үшеуі спорт саласындағы жобалар. Сондай-ақ облыста Онкологиялық орталықтың құрылысы қолға алынып, «Қауіпсіз қала», «Көшелерді жарықтандыру» секілді қалаларды көркейтуге арналған жобаларға ерекше ден қойылған.
Брендке айналатын жобалар
Оңтүстік Қазақстан облысы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы тапсырмаларды жүзеге асыру бойынша бірқатар жобаларды қолға алыпты. Оның алғашқысы – қасиетті Түркістан қаласын әлемдік деңгейдегі тарихи-мәдени туризм орталығына айналдыру көзделіп отыр. Бұл жоба үш кезеңге белгіленген. Облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібековтің айтуынша, Түркістанға алыс-жақыннан келетін туристер көп. Осыған байланысты кесенелерде жерленген тарихи тұлғаларды дәріптеп, олардың бюстерін қою жоспарланған. Өңірлік туризмді дамыту мақсатында Арыстан баб кесенесі мен Отырар төбе қалашығын байланыстыру арқылы үлкен туристік кешен тұрғызылмақ. Осыған байланысты екі аралықтағы жолды жөндеу қолға алынбақ.
«Қазақ халқы үшін киелі Ордабасы мекенін мәдени-тарихи нысанға айналдыруды мақсат етіп отырмыз. Жоба аясында ұлттық бірегейлігімізді сақтау үшін Төле, Қазыбек, Әйтеке билерге ескерткіш орнатылады. Бұл жоба келешекте облыстың ғана емес, күллі Қазақстанның брендіне айналуға тиіс. Қызмет көрсетудің сапасын әлемдік стандарт деңгейіне жеткізіп, туристік инфрақұрылым қалыптастыруды қарастырып отырмыз», дейді Ұ.Сәдібеков.
Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары ЮНЕСКО тізіміне енген 8 ортағасырлық ескерткіш туралы деректі фильмдер түсіріліп жатқанын да жария етті. Атап айтқанда, Сауран, Түркістан, Сидак, Қараспан, Жуантөбе, Күлтөбе ескі қалашықтары, Отырар жазирасының ескерткіштері, Бөржар қорғаны жайындағы кинотуындылар құнды тарихи деректердің шежіресіне айналмақ. Сондай-ақ, оңтүстікқазақстандықтар үстіміздегі жылдың аяғына дейін Шымкентте «Ежелгі Жетіген құпиялары» атты 13 сериялық тарихи-танымдық фильмді, «Отырар қорғаны» және «Киелі Қазығұрт» анимациялық фильмдерін көрермен қауымға ұсынады.
– Әбу Насыр әл-Фараби дүниеге келген Оқсыз көне қалашығын, Абылай ханның ордасы болған «Ханқорған» ескі қалашығын халық жадында қайта жаңғыруына да күш салып жатырмыз. Сондай-ақ тарихымыздан сыр шертетін құнды құжаттарды өңдеуге, шетелдердегі нұсқасын елге алып келуге қатысты да бірталай жұмыстар қолға алынды, – дейді Ұ.Сәдібеков.
Оның айтуынша, шығыстанушы Ә.Дербісәлінің ізденістері нәтижесінде Сайрамнан, Отырардан, Яссыдан шыққан ғалымдар туралы тың мәліметтер анықталған. Таяу Шығыс елдерінің кітапханаларынан табылған, оңтүстік өңірде XIX ғасырға дейін өмір сүрген ғұлама ғалымдардың 2 мыңнан астам қолжазбасының библиографиялық көрсеткіші түзілгенімен, әлі күнге дейін олардың өмірі мен жазбалары толық зерттелмеген екен. Сондықтан осы мәселеге облыс әкімдігі ерекше назар аударып, ден қойған.
Үндістан, Испанияның музейлерінен де ғалымдар еңбектерінің көшірмесі табылған. Енді бұл құжаттарды қазақ тіліне аудару және жариялау да күн тәртібінде тұр.
Алдағы уақытта түркі дүниесінің рухани тұтастығын қамтамасыз ету мақсатында Қ.А.Ясауи мұрасының XVI ғасырда көшірілген хикметтерінің 100-ден астам қолжазба нұсқасы жарияланбақ, бұл құнды құжаттар бұрын баспа бетін көрмеген екен.
Сондай-ақ «Қасиетті жерлер географиясы» жобасы бойынша облыстағы ерекше маңызы бар тарихи-мәдени, сәулеттік және археологиялық ескерткіштердің фотоальбомын қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде әзірлеу жоспарланған. Мұның бәрі Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған тапсырмаларды жүзеге асыруға орай қолға алынған негізгі жұмыстар. Алдағы уақытта да бұл шаруалар кеңейтіліп, әрі қарай жалғаса бермек.
Өңірде зауыттар көбейеді
Оңтүстік Қазақстан облысының Астанадағы күндері аясында «Ontustik Business: Мүмкіндіктер мен әлеует» тақырыбында бизнес-форум өтті. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев және «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, «Қазақстан Даму банкі» АҚ төрағасы Болат Жәмішев бастаған даму институттары мен екінші деңгейлі банктер мен кәсіпкерлер қатысқан жиында 6 меморандумға қол қойылды.
Оңтүстік Қазақстан облысы тұрақты дамып келе жатқан өңір екенін айтқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев аймақ Орта Азия, Таяу Шығыс пен Еуропа елдерін байланыстыратын жолдардың қиылысында орналасқанын, соның нәтижесінде шекаралық сауда-саттық пен экспорттық өндіріс дамып келе жатқанын жеткізді.
«Өздеріңізге белгілі, әлемде сапалы азық-түлік өніміне деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Тұтынушы сапа мен қауіпсіздікті талап етеді. Бұл тұрғыда Қазақстанға Ресей, Қытай, Иран және басқа да елдер секілді жаңа нарық ашылуда. Осы нарықты игеруде Оңтүстік Қазақстан облысының әлеуеті зор. Себебі, тарихи өлкенің аграрлы саласы жақсы дамыған. Соңғы 3 жылда жиналған бақша өнімдерінің көлемі 1 миллион тоннадан асып түседі. Қазақстандағы жылыжайдың 90 пайызы біздің өңірде орналасқан. Мақта толығымен, ал жүзім мен бақша өнімдерінің 70 пайызы осы облыста өсіріледі», деді облыс әкімі.
Форумда «KAZAKH INVEST» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мейіржан Майкенов Қазақстанның инвестициялық климаты жөнінде баяндама жасады.
Бизнес-форум аясында қол қойылған меморандумдардың алғашқысы – «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация» Ұлттық компаниясы» АҚ Қытайдың Аньхой провинциясының халықаралық сауда қатынасын дамыту комитетімен екіжақты түсіністік жөнінде меморандумға қол қойды. Сондай-ақ, осы компания «НГ-Энерго» ААҚ-мен әріптестік арттыру жөнінде келісімге келді. Екі тарап алдағы уақытта өзара қарым-қатынасты дамыта түспек. Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлік, индустриялдық-инновациялық даму және туризм басқармасы мен «POWER LANDMARK HOLDINGS LTD» компаниясы арасында өзара келісімге келіп, инвестициялық жобаларды іске асыру жөнінде меморандумға қол қойды.
Өңірге көптеп инвестиция тарту мақсатында жыл басынан бері шетел инвесторларымен 40-тан аса іскерлік кездесу ұйымдастырылған. Нәтижесінде, медициналық бұйымдар және дәрілік заттар шығаратын зауыт салу, Ресей елімен – Еуро-5 стандартына сай жанар-жағармай өндіретін мұнай өңдеу зауытын салу, ал Қытай елімен бірлесе, биоэталон, фосфор тыңайтқышын шығаратын және 200 МВт күн электр стансасы құрылыстарын жүргізу бойынша келісімдерге қол қойылды.
«Оңтүстік өнімдері» арзан сатылды
Оңтүстік – халқы көп, соған сай жұмыс орнын да молынан қажет ететін өлке. Халық саны ағымдағы жылдың шілдесіндегі көрсеткіш бойынша 2 миллион 899 мыңның шамасында. Яғни, тұтынушылардың көптігі орта және шағын кәсіпкерліктің дамуына, тауар өндіру сапасының артуына да септігін тигізеді деген сөз. Бұл тұрғыда оңтүстіктен шығатын, сапаның ең жоғары стандарттарына сай келетін дәрі-дәрмектер мен дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың, кілемдердің, костюмдер мен шұлық-ұйықтардың, үй жабдықтарының жақсы сұранысқа ие екенін білеміз. Оңтүстік Қазақстан облысы күндері аясында елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Оңтүстік өнімдері» деген атпен өткен тауарөндірушілердің көрмесінде оңтүстіктен шығатын сапалы, сұранысқа ие, молынан тұтынылатын дерлік заттар қойылды. Көрменің алғашқы күнінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың өзі қатысып, келушілерге осы көрме арқылы да күнгей өңірдің инвестициялық және туристік әлеуетімен танысуға болатынын жеткізген еді. «Биыл елімізде шын мәніндегі ғажайып оқиға – «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтуде. Бұл техникалық және технологиялық жетістіктерді көрсететін, жаңа идеялар мен қызықты жобалардың нышаны, индустрияландыру символы болып табылатын халықаралық көрме. Ал бүгінгі тауарөндірушілер көрмесінің өткізілуі біз үшін өте маңызды оқиға. Мұнда өзіміздің жетістіктерімізді көрсетіп, көпшілікке танымал етуге, тұтынушылар мен өндірушілер арасында тығыз байланысты орнатуға мүмкіндік көп», – деді Жансейіт Қансейітұлы көрменің ресми ашылуында. Содан соң келушілердің назарына LED экранда облыстың инвестициялық тартымдылығы бойынша бейнероликтер мен облыстағы кәсіпорындар туралы фильмдер көрсетілді.
Қыркүйектің 29-ында басталған «Оңтүстік өнімдері» көрмесі үш күнге созылды. Оған тамақ және жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, фармацевтика және құрылыс заттары салаларының 60-тан астам кәсіпорны қатысты. Көрмеге келушілер республикаға кеңінен танымал кілем өнімдерін, үйге арналған тоқыма бұйымдарды, оңтүстікте тігілген аяқ киімдер мен ерлер костюмдерін, сәбилерге арналған киімдерді, жиһаздарды, азық-түлік өнімдерін нарықтағы бағадан 15-20 пайызға арзан сатып алды. Сондай-ақ, қыркүйектің 1-2-сі күндері Оңтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі де келушілерін күтеді. Жәрмеңке «Қазақстан» спорт кешенінің алдындағы алаңқайда өтпек. Айта кеткен жөн, биыл Оңтүстік Қазақстан облысы Астанадағы атаулы жәрмеңкесін бесінші рет өткізуде.
Кереметтің бірі – өнер керуені
Оңтүстік Қазақстан облысының Астана қаласындағы күндері күнгей өлкенің эстрада және дәстүрлі әншілері, ұлттық аспапта орындаушыларының қатысуымен сазды-әуенді шерумен жалғасты. Өнерпаздар екі қабатты, үсті ашық қызыл автобуспен қоғамдық орындарды аралап, танымал қазақ әндерін шырқады.
Арнайы музыкалық құрылғылармен жасақталған қоғамдық көлік Астана қаласының көрікті жерлері мен саябақтарына аялдап, өнерпаздар оңтүстіктен шыққан жергілікті сазгерлердің танымал әндерінен шашу шашты.
Мерекелік өнер думанының шерушілері, яғни, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония, облыстық опера және балет театрының белгілі әншілерінен құралған 30-дан аса өнерпаз астаналықтарға оңтүстіктің ән сәлемін жолдады.
Сондай-ақ, «Түркі елінің түп тамыры – Оңтүстіктен мерейлі Астанаға сәлем!» атты өнер керуені де өте әсерлі шаралардың бірі ретінде есте қалмақ. Бұл керуен «ҚазМұнайГаз» компаниясының ғимараты маңайынан шығып, «Нұржол» гүлзары бойымен «Бәйтерек» алаңына дейін жүріп өтті. Керуен сапында «Алтын адам», Арыстан баб, Ясауи, әл-Фараби, басқа да тарихи тұлғалар, хандар мен билер, батырлар мен арулар бейнесінде киінген өнерпаздар, әнші-бишілер, цирк әртістері болды. Тарихтан сыр шертетін бұйымдарға да осы керуеннен орын тиді. Өнерпаздар оңтүстіктен шыққан атақты композиторлар – Шәмші Қалдаяқов пен Сейдолла Бәйтерековтің әндерін орындады. Өнер керуені Құрманғазының «Балбырауын» күйімен тәмамдалды. 600 жас домбырашы бір мезетте осы күйді орындап, мерекелік шараны думанды шоуға айналдырды.
Осы күндердің ішінде оңтүстіктен келген өнерпаздар астаналық көрермендер үшін 40-тан аса мәдени іс-шара өткізбек. «Шаянға барсаң әншімін деме, Созаққа барсаң күйшімін деме» дейтін аталы сөзге арқау болған ән мен күйдің өлкесінен осы жолы 1000-нан аса өнерпаз келген. Олардың қатарында жоғарыда атап өткеніміздей, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның, опера және балет театрының танымал әншілері, «Семсер» тобы, «Өркен» отбасылық ансамблі, «Асу» триосы, «Қазына», «Шаттық» би ансамбльдері, оңтүстіктен шыққан көптеген танымал әнші-бишілер бар.
Күнгей елі елордалық жас тұрғындар үшін де тартулар әзірлепті. Солардың бірі – «Күш атасы – Қажымұқан» анимациялық фильмі. Аталмыш мультфильмнің тұсауы Оқушылар сарайында кесілді. Мультфильмде Қажымұқан Мұңайтпасовтың ерліктері көрсетіледі. 2D форматындағы туындыны Шымкенттегі «САҚ» киностудиясы түсірген. Көрсетілім режиссері Батырхан Дәуренбеков болса, сценарий авторы және продюсері Бақытжан Құлжабаев. Астана қалалық қуыршақ театрында қойылған «Алтын балық», Астана циркінде ұсынылған «Томирис» туындылары да балалар үшін өте тартымды болғанын айта кеткен жөн.
Оңтүстік Қазақстан облысы күндерінің ашылуы барысында өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары «Оңтүстіктің 7 кереметі» деген атаумен ерекше жеті шараның өткізілетінін баяндаған болатын. Сол жеті шараның біразы өтіп кетті. Оны жоғарыда айттық. Ал енді бүгін, яғни, Құрбан айт мейрамының бірінші күні «Этноауылда» 5000 адамға арнап палау пісіріліп, «1 қауын, 1 қарбыз» атауымен 20 мың тонна қауын-қарбыз тегін таратылмақ. Сондай-ақ, бүгін «Бәйтерек» монументінің алдында оңтүстікқазақстандық өнертапқыш Еркінбек Бөкебаев құрастырған қазақ арбасымен келушілерге айттық дәм ұсынылады. Ал 1-2 қыркүйек күндері 2 қабатты ағылшын автобусымен елорданың адам көп шоғырланатын жерлері мен Мәңгілік ел, Сарыарқа көшелерінде музыкалық шеру ұйымдастырылмақ. Оңтүстік Қазақстан облысының елордадағы күндері ЭКСПО қалашығындағы гала-концертпен қорытындыланатынын да айта кеткен жөн. 3 қыркүйекте қалашықтағы амфитеатрда Оңтүстік Қазақстан облысынан шыққан танымал әншілер қала тұрғындары мен қонақтары үшін өнер көрсететін болады.
Айгүл СЕЙІЛ,
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
Фото: Ерлан ОМАР,
«Егемен Қазақстан»