01 Қыркүйек, 2017

Көшедегі көңілсіз көріністер

844 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Құрбым екеуміз көлік ішіндеміз. Көше кептелісінде қапталдаса тұра қалған жүргізушіге көзім түсіп кетті. Жүрегім дір ете қалды. Құрбыма:

– Қарашы, –  дедім. – Астапыралла, не түр мынау? Құрбымның түсі бұзылып кетті. – Түу, жүрегім ұшты ғой, өзің көріп қоя салмадың ба? Не пәле болып барады, жүзі қандай қорқынышты, ештеңеден тайынатын адам емес қой мынау.

 

Көшедегі көңілсіз көріністер

Екеуімізді де шошытқан жайт көлік жүргізушінің кейпі еді. Көліктің ашық тұрған терезесінен мұртсыз қойылған ұсақ бұйрасы пышырлап тұрған қауға сақалы мен басына киген қара тақиясының сыртын ораған сәлдесі, отырысы бәрі жиылып ортадан оқшау көрінетін адамның сұсты жүзін одан сайын үрейлі көрсетеді. Жүрегің қағып, мына отырыстың сойы тіптен бөлек екен, шынымен неден тайынады, Алла сақтасын деген ойдың жетегіне құрбым екеуміз бірдей дендеп еніп кеткенбіз.

Аялдамада 20 жастың ар жақ, бер жағындағы жігіт тұр. Аялы қара көзінде жұмсақтық, әлде бір жылылықтың сөнбеген шоғы бар. Құлаққабын киіп, үндемей тұрғанының өзінде қазақы мәдениеттен тәлім алғаны білінеді. Бірақ дәл осы жас жігіт үшін алаңдадым. Неге дейсіздер ме? Оның нұрлы жүзін­де кінәрат бар ма? Жоқ. Тек жаңа те­бін­деп келе жатқан сақалы бар екен. Ақырын барлап жігіттің бас-аяғын шолдым. Балағы. Иә балағы қандай екен? Жоқ, шорт кесілмеген, бірақ джинсы шалбардың балағы тобыққа дейін түріліп тұр. Сақалдың ұзаруымен бірге бір күні шорт кесілетін балақтың түрі. Тағы да жүрек шым ете түскен. Мына бала студент пе екен? Ата-ана, туған-туысы алыста ма екен? Әйтпесе баланың осы кейпінен-ақ әлде бір ықпалдың әсері барлығын түсінер еді ғой. Құдай-ау, мынау құтқаруға болатын бала ғой. Жүзіндегі жылылығы, автобусқа отырайын деп жүгірген үлкен кісі жақын келіп қалғанда соғып кетпейін деп тұрып қалғандағы ұяң жымиысы жас жігіттің тым әсіре кетіп қалмағанынан хабар бергендей көрінді.

Ал көшеде келе жатып алдыңнан қарсы жолыққан қысқа балақты, қауға сақалды жігіттердің көздері біртүрлі, жүздері суық. Әлі намаз оқитын адамның жүзінен көрінетін, ішкі әлемінен төгіліп тұратын рухани жылылық, мейірім мен жұмсақтық ұялағанын кездестірмедім. Қатыгездеу көзқарас аңғарылады. Әне бір мөйілдей қап-қара көйлектер киген, жүзін тұмшалап алып бала ертіп келе жатқан келіншектерге де тоқтала қарауға жүрексінесің. Мейлінше сенімді, тек өздерінің ғана тура жолмен келе жатқанына күмәнсіз көзқарастағы адамның жетегіндегі баланың келешекте көзқарасы, пайымы, дүниетанымы қалай болады деген ойдан арылуың қиын. 

Көшедегі көріністер көңілге түрлі келеңсіз ой тастайды, алаңдатады. Өткенде журналист Гүлмария Барманбекова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мынадай жазбасын жариялады. «Бүгін бір сұмдық жағдайдың куəсі болдым! Такси тоқтатып тұрғанмын. Кенет дөңбектей ландкрузер келіп тұра қалғаны. Міне салдым. Рөлде – еңгезердей қазақ жігіті. Селдір сақалы қып-қызыл. – Ойбай балам-ау, сақалыңды бояп алғаның нең? – деппін ғой сасқанымнан. – Бояу емес, қына ғой. Сахабалар сақалын бояған, біз де бояймыз, – демесі бар ма əлгінің. Ішім қылп ете қалды. Əлгі «сəлəфит» деген сұмдығыңның дəп өзі болып жүрмесін! Құдай-ай, қайдан ғана отырып едім мына құрғырдың мəшинесіне! Не де болса қорыққанымды білдірмеуге тырысып, ойыма келген сөзді тілге тиек ете бердім. Əңгіме Ислам құндылықтарына жалғасты. 

– Шариғатқа қайшы келмейтін ұлттық салт-дəстүрге қарсы емеспіз. 

– Сонда қазақтың қай салт-дəстүрі шариғатқа қайшы келеді екен?

– Мысалы, сəлем салу.

– Сəлем салудың несі шариғатқа қайшы? 

– Адам Аллаһтың алдында ғана иілуі керек, адамға емес.

– Адам адамға иіліп, ізет көрсетсе оның несі айып?

– Жоқ бұл ширк! – деп әрі қарай жүргізуші екеуі арасындағы әңгімені жазыпты. Рас, сақалын қынамен бояушылар да, сәлемді Аллаға серік қостың деп ширкке жатқызатындар бар. Бірақ олар аялдамада тұрмайды, астарына мінгені есік пен төрдей қымбат көліктер... 

Дәстүрмен қиюласқан, адал, арам, обал, сауапқа негізделген бабалар ұста­нып келген қасиетті ислам діні – діңіміз еді. Тіптен, намаз оқымағанның өзінде бір Хақтың барлығына иман келтіріп, жүрегінде Алла есімін қастерлеп жүрген халық біздікі сопылық жол деп бас-тарын шұлғып, транста отырып зікір салғандарды көргенде шошып кетті. Мынау қандай сопылық деп. Жалпы, құдайға әсіре, тым фанатизммен берілудің бұл да бір көрінісі болар деп. Одан мұртсыз сақал қойып, дәстүрдің бәрін бидғат пен ширкке жатқызатын тағы бір топ шықты. Қазіргі күні олар қарасын үлкейте түсуде. Ал қалың қазақ баласы қайраңда қалып, су іздеген кеменің үстіндегі жолаушыдай ошарылып, қай жақтан толқын келіп бағытымызды түзеп, діттеген жерімізге аман-сау, бүтін қалыбымызда жеткізер екен деп дүрбі салып жан-жағына қарап тұр.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»