Аймақтар • 01 Қыркүйек, 2017

«Саламатты Қазақстан» пойызы – Қостанайда

665 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
«Саламатты Қазақстан» пойызы – Қостанайда

«Стансаға пойыз тоқтайды» дегеннен-ақ онда тұратын те­мір­жолшылар мәре-сәре болып қалады. Бұл пойыз күнделікті әрлі-берлі өтіп жататын жолаушылар немесе жүк пойызы емес, «Саламатты Қазақстан» пойызы. Ковыльная стансасына пойыз тоқтайды дегеннен Орынбасар Қалыбаева апайдың да қуанышында шек болмады. Жұмыста жүргенде орталыққа барып, денсаулығын тексертудің бір сәті келе қой­мады. Қазір зейнет демалысында болса да, күнделікті тір­шілік қамы, мал бар, жан бар дегендей, үйден шыға алмайды. Қостанайға барса, әр дәрігердің есігін қа­ғып жүргенде, бірнеше күн жа­тып қалады. Ал «Саламатты Қа­зақстан» по-йызында дәрі­герлер сүт пісірім уақытта адам­­­дарды тыңдап, түрлі аппа­раттарымен тексеріп, емін жа­­зып беріп те үлгереді. Орын­­басар Серікжанқызы да «Саламатты Қазақстан» по­йы­­зындағы дәрігерлердің бар­лығына қаралды, іш құ­рылысын аппараттарға түсірді, мазалайтын ауруын айтты. Дә­рігерлері қандай білікті, қа­рапайым, кішіпейіл десейші. Мазалайтын науқасына бай­ланысты Орынбасар Қалы­баеваны невропатолог дәрігер Гүлнар Ибентаева қабылдап, остеохондроз ауруының неден болатынын, одан қалай ем­делу керектігін, қандай дәрілер қабылдау қажеттігін түсіндірді. 

– «Саламатты Қазақстан» по­йызының дәрігерлеріне өте ризамын. Гүлнар Шабали­қы­­зының біліктілігіне, қара­пайым мәдениеттілігіне ал­ғы­сым шек­сіз. Расын айтсам, станса бір бүйірде жат­қан­­дықтан, сонау аудан ор­талығына, Қостанайға бара беретін мүмкіндігіміз аз. Дәрі­гердің айтқан емін жасаймын, әзір ауруханаға жатуға қажеттілік жоқ екенін тү­сіндірді, – деп ризашылығын білдірді О.Қалыбаева. Оған пойыздың тоқтайтынын естіп келіп тұрған Берік Бақытжанов та қосылды. 

– Ауылдағыларға осылай кө­ңіл бөліп отырған Елбасына, Үкіметімізге ризамыз. Ауыл шалғай болғандықтан бас        ауырып, балтыр сыздаса да жүгіріп  орталыққа бара бермейміз. Алдағы уақытта «Саламатты Қазақстан» пойызы шалғайдағы елді мекендерді барынша көп қамтыса деген тілек бар, – деді Берік Айтбайұлы. 

Пойызда гинеколог, невропатолог, кардиолог, хирург, офтальмолог, педиатр, отоларинголог, стоматолог, рентгенолог, эндоскопист, УЗИ секілді он бес маман бар. 

– Біздің аурухана мамандары мамандандырылған әлеу­меттік пойыздар жұмысына жыл сайын қатысып жүр. Тәжі­рибесі мол, білікті мамандар қыз­метіне тұрғындар риза. Дәрігерлер пойызда демалыс­сыз жұмыс істейді, олар те­мір­жолшылар мен шалғай ауылдардың тұрғындарын кө­бірек қамтуды басты мақсаты етіп отыр. Медициналық кө­мек­тің барлығы ақысыз көрсе­тіледі. Өзінің денсаулығы үшін алаңдайтын, бірақ облыс орталығындағы емханаларға баруға мүмкіндігі жоқ азаматтар тексерілуіне, дәрігерлерге өзін толғандырған сұрақтар қоюына болады, – дейді Қостанай темір жол ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Мәрзия Есқазина. 

 Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ