Футбол • 01 Қыркүйек, 2017

Футболдан Қазақстан құрамасы Черногориядан оңбай ұтылды

274 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Қазақстан ұлттық құрамасы 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Черногрияны қабылдап, 0:3 есебімен ойсырай ұтылды.

Футболдан Қазақстан құрамасы Черногориядан оңбай ұтылды

Жерлестеріміздің де мүмкіндігі аз емес еді. Алайда, ыңғайы келгенмен, гол соғудың сәті түспей қойды. Ойынның 17-минутында Георгий Жуков жарақатына байланысты алаңдағы орнын Мақсат Байжановқа босатуына тура келді.

Жерлестеріміздің тәжірибесінің аздығы ма, әйтеуір тәп-тәуір басталған шабуылдарды нәтижелі аяқтай алмай жатты. Алғашқы таймда Ғафуржан Сүйімбаев пен Роман Мұртазаевтың ойынға толық ене алмағаны көрініп тұрды. Бірнеше тұста берген пасы дәл жетпей, келген допты жөнді игере алмай жатты. Ал Серікжан Мұжықов орталық шабуылшының артында ойнаса да, алаңның кез келген тұсынан табылып, қорғанысқа да жиі көмектесіп жүрді. 

Кездесудің 31-минутында Марко Вешович қақпашы Давид Лориямен жеке шығып, алғашқы голды салды.

Араға алты минут салып, 37-минутында Исламбек Қуаттың соққысы есепті теңестіретіндей үміт сыйлаған еді, алайда доп қақпаның маңдайшасына тиіп, кері серпілді. 

Екінші таймды отандастарымыз жаңа қарқында бастады. 51-минутта екі бірдей гол соғатын мүмкіндік болып еді. Алдымен айып добынан әуелеген допқа қақпашы тойтарыс берсе, араға 20 секунд салып, Исламбек Қуаттың басымен дәл соққы бағыттай алмады. 

Футболдағы "сен соқпасаң, саған соғадының" кері келіп, Черногория келесі шабуылында-ақ есепті ұлғайтып үлгерді. Әуелей келген айып добына Фатос Бечирай бірінші жетіп, қақпаның торын тулатты.

Көп ұзамай үшінші гол да соғылды. Бұл да айып добынан. Тағы да баспен соғылған доп... Авторы - Марко Симич. Бас бапкер Александр Бородюк дайындық кезінде осы мәселені негізге алуы керек. Себебі, соғылған үш голдың екеуі екінші қабаттан кірді.

Ары қарай ойын бір қарқында өрбіп жатты. Ал негізгі уақыттың аяқталуына бір жарым минут қалғанда Исламбек Қуаттың кезекті рет есеп айырмасын қысқартатын мүмкіндігі болып еді, бұл жолы да тиімді пайдалана алмады. Қақпашымен жеке қалғанның өзінде соққысы тым биік кетті.

Аян ӘБДУӘЛИ,
"Егемен Қазақстан"