Білім • 04 Қыркүйек, 2017

«Жас Өркен» тағылымдамасына қатысу байқауының қорытындысы шықты

829 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанның 21 қаласындағы жоғары оқу орындарының 600-ге жуық түлегі «Самұрық-Қазына» АҚ-ның тағылымдама бағдарламасына қатысуға өтініш берді

«Жас Өркен» тағылымдамасына қатысу байқауының қорытындысы шықты

«Самұрық-Қазына» АҚ 2017 жылы 24 тамызда Астана қаласында өткен «Жас Өркен» тағылымдама бағдарламасының ақтық сайысының қорытындысын шығарды. Алдыңғы үш іріктеу кезеңінен сәтті өткен 28 үміткердің жиырмасы бағдарламаға қатысатын болды. Жеңімпаздардың есімі байқау комиссиясының үміткерлермен өткен панелдік сұхбаты нәтижесінде анықталды.

 Комиссия құрамына «Самұрық-Қазына» АҚ мен Қордың Компаниялар тобын басқарушы директорлар, «Жас Өркен» бағдарламасының жобалық командасының қызметкерлері және тәуелсіз бақылаушылар кірді. Бағдарламаның https://www.skcu.kz/zhasorken/ сайты мен әлеуметтік желілерде байқаудың соңғы кезеңінің онлайн-көрсетілімі болды.

  «Жас Өркен» тағылымдама бағдарламасының мақсаты – жастарды ынталандыру. Осы жобаның арқасында біз жеке даму жоспары бойынша бағдарламаның әр қатысушысының қызмет жолында өсуіне жағдай жасаймыз. Ақтық байқауға ең мықты үміткерлер іріктелді. Олар бұған дейін ірі байқауларға, қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарындағы сәтті академиялық жобаларды іске асыруға қатысқан. Сондай-ақ, олар олимпиада жеңімпаздары және  бұдан басқа да жетістіктері жетерлік. Біз қатысушыларды білімін ғана емес, жан-жақты бағаладық. Соңғы кезеңде қатысушылардың уәждемесі мен құндылықтарын сынап, олардың топ бастауға қаншалықты лайықты болашақ көшбасшы және шебер екені, жаңа дүниені енгізуге және дарыны мен білімін қоғам пайдасы үшін қолдануға қаншалықты қабілетті екенін анықтадық», - деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ адам ресурстары мен коммуникацияларды басқару жөніндегі басқарушы директоры Ұлан Тәжібаев.

«Жас Өркен» бағдарламасының тағылымгерлері «Самұрық-Қазына» корпоративтік университетінде және Мәскеу қаласындағы Deloitte білім орталығында оқу оқып, содан соң Қазақстанның ұлттық компаниялары - «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК АҚ, «Қазатомпром» ҰАК» АҚ, «Тау-Кен Самұрық» ҰТКК АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ, «Біріккен химиялық компания» ЖШС, «Эйр Астана» АҚ, «Қазпошта» АҚ және «Самұрық-Энерго» АҚ компанияларында тағылымдамадан өтуге жолдама алады. Оқу бағдарламасы 3 аптаға, тағылымдама 20 айға жалғасады, тағылымгерлер 5 ай сайын «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының әртүрлі кәсіпорнына ауысып отырады. Тағылымдаманың басынан аяғына дейін оларға шәкіртақы,  жолақы және күн көріс шығындары төленеді.

2017 жылы сәуірде «Самұрық-Қазына» АҚ жоғары оқу орындарының түлектері арасында екі жылдық «Жас Өркен» бағдарламасына қатысуға байқау жариялағанын естеріңізге саламыз, Қордың бастамасымен ашылған бұл бағдарлама дарынды жастарды тарту, іріктеу, тағылымдамадан өткізу, оқыту және жетілдіруге арналады. Байқауға бакалавриат және магистратура бағдарламалары бойынша 2017 жылы жоғары оқу орнын бітіретін түлектер шақырылды.

«Жас Өркен» тағылымдама бағдарламасына қатысуға жоғары оқу орындары түлектерінен өтініштерді қабылдау 2017 жылғы 3 сәуір мен 3 шілде аралығында өтті. Төрт кезеңнен тұратын байқауға қазақстандық және шетелдік 55 жоғары оқу орнынан -   Қазақстандық 21 университеттен, ТМД елдерінің 11 университетінен, Еуропаның 13 (соның ішінде алтауы Ұлыбританиядан), Азияның  9, АҚШ пен Австралияның бір-бір университетінен түлектер өтініш берді.

Алғашқы үш іріктеу кезеңі 5 шілдеден 18 тамызға дейін Алматы, Астана, Ақтөбе, Өскемен және Шымкент қалаларында өтті. Іріктеу кезеңдеріне уәждемелік эссе жазу, іскерлік дағдыларды бағалауға арналған тапсырмаларды орындау, вербалды және сандық сынақтамаларды шешу, бизнес-кейстерді орындау бойынша топтық тапсырмалар, бизнес-тапсырмаларды қатысушылардың дербес шешуі және құзыреттіліктер бойынша жеке сұхбаттар кірді. Үміткерлерді арнайы шақыртылған бақылаушылар - «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ,  «ҚТЖ» АҚ және  «Эйр Астана» АҚ компанияларының өкілдері бағалады.