Мерекенің ресми бөлімінде Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов сөз сөйлеп, Қазақстанның Италиямен тауар айналымы биылғы жартыжылдықта 4 млрд 798 мың АҚШ долларын құрағанын жеткізді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 39 пайызға артық. «Италия – Қазақстанның сыртқы саясатында маңызды орынға ие. Ол – Еуропа елдері ішіндегі белсенді экономикалық серіктес. Бұл сөзімді ірі италиялық компаниялармен сауда-экономикалық ынтымақтастығымыз растайды. Екі елдің үкіметаралық жұмыс тобының өнеркәсіптік, экономикалық әріптестікті, серіктестік қарым-қатынасты дамытудағы жобалары ерен», деді вице-министр.
Италияның экономикалық даму министрінің орынбасары Иван Скалфаротто өз кезегінде ЭКСПО көрмесі жаңғырмалы энергия көздерін дамытуға айрықша серпін беретінін айтты. «Милан-ЭКСПО-2015» және «Астана-ЭКСПО-2017» көрмелерінің тақырыптары арасында ұқсастық бар. Екі шара да жаһандық проблеманың шешімін табуға итермелейді. Себебі энергия мен азық-түліктің жетіспеуі әркез өзекті мәселе болып қала бермек. Сондықтан да ұрпақтың өсіп-өркендеуі үшін біз жаңа жолдарды тауып, жүзеге асыруымыз керек», деді ол.
Қалашықтағы Италия павильоны төрт негізгі залдан тұрады. Ондағы жетістіктер бұрышы апта сайын жаңарып отырады. Мәселен, Базиликата өңірі Ұлттық музейге өздерінің нышаны болып есептелетін ескерткішті сыйға тартты. Сонымен қатар павильонда автоматты қол бар. Бұл құрылғы өндірісте қолданылады.
Көрермен 3,5 миллионнан асты
28 тамыздан 3 қыркүйекке дейінгі аралықта ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне 398 341 адам келді. «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, есепті мерзімде шара табалдырығын күніне орташа есеппен 56 905 көрермен аттаған.
Келушілердің рекордтық саны 3 қыркүйек күні тіркеліпті. Бұл күні көрмені 75 мыңнан астам адам тамашалады. Соңғы аптадағы келушілер саны алғашқы аптамен салыстырғанда екі есеге артқан.
Халықаралық көрме жұмысының алғашқы аптасында күніне 23 мың адам келген еді. 10 маусымнан 3 қыркүйекке дейінгі аралықта шараға келушілерінің саны 3 525 291 адамға жеткен. Ал көрменің барлық нысандарына кіріп-шығу көрсеткіші 29 144 833-ті құрады.
Бұған дейін халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесіне келушілер саны – 2 000 000, ал кіріп-шығу көрсеткіші шамамен 5 000 000 болады деп болжанған болатын.
Келушілер ең көп тамашалаған халықаралық павильондардың қатарын Египет, Африка плазасы және Түркия бастап тұр. Таиланд, Әзербайжан, Өзбекстан, Үндістан, Ресей, Жапония және Сауд Арабиясы Корольдігі павильондары алғашқы ондықты құрайды. Көрме кешенінің ең көп тамашаланған нысандары ретінде «Нұр Әлем» сферасы, коммерциялық павильондар, «Шелл» балалар зертханасы, тақырыптық С 3.5 павильоны, балалар паркі, амфитеатр, Дю Солей циркі, арт-орталық, тақырыптық С 2.4 павильоны, корпоративтік павильон тіркеліпті.
Көрме қонақтары не дейді?
Берри мен Моника КЭК, ерлі-зайыпты туристер (АҚШ):
– Астанаға осында тұрып, жұмыс істейтін балаларымыз үшін қыдырып келген едік. Бүгінге дейін қаланы аралаумен болдық. Зәулім ғимараттардың келбеті, әсемдігі шынымен ұнады. Қазақстан сәулет құрылысы жағынан едәуір ілгерілеген екен. Өзгеше стильдегі нысандар шаһарға қызықтырып қана қоймай, өзіне тарта түседі.
ЭКСПО көрмесі жайында айтсам, шараның тақырыбы қазіргі жаһандық жылыну орын алған заманда өте маңызды. Ал осындағы жобалар тіпті керемет! Біз Астанаға келіп, көрмені тамашалап, болашағымыздың тым жарқын екеніне көзімізді жеткізе түстік.
Өзіміз жайында сөз етсек, біріміз АҚШ-та дүниеге келсек, біріміз Германияның тумасымыз. Тағдыр жолымызды түйістірген соң, өміріміз Америкада жалғасуда. Біз шарлаған, саяхат жасаған елдердің ішінде Қазақстанның, оның астанасының ерекше орын алғанын айтқым келеді. Қазақ халқы біздің есімізде өте әдемі, сәнді киінетіндігімен, қонақжайлығымен, мейірбандығымен қалады.
ОПЕК ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі
Былтыр ОПЕК ұйымға мүше емес 11 мемлекетпен қарым-қатынас орнатып, ынтымақтастықтың жаңа дәуіріне қадам басты, ол елдердің қатарында Қазақстан да бар. Бұл тарихи Ынтымақтастық жөніндегі декларацияның қабылдануына негіз болды. Қатысушы мемлекеттер алғашқы 6 ай ішінде өндіріске ерікті түрде түзетулер енгізуге міндеттелді.
Аталған шара биылғы 1 шілдеден бастап 9 айға ұзартылды. Түзетулердің мақсаты – әлемдік экономика, өнеркәсіп және өндірушілер мен тұтынушылар мүдделеріне мұнай нарығының тұрақты дамуын қамтамасыз ету. Бұл туралы ЭКСПО-2017 көрмесі аясындағы Мұнай экспорттаушы елдер ұйымының (ОПЕК) арнайы күні барысында ақпарат қызметінің басшысы Хамид Хасан мәлімдеді. Ол қазіргі кезде ОПЕК ұйымы Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін де жеткізді.
«Көрменің «Болашақ энергиясы» тақырыбы заман ағымындағы басты мәселенің талқылануына негіз болды. Дүниежүзілік қауымдастықтар энергетика саласындағы жаһандық мәселелерді шешу жолында жұмылып жұмыс істеуі тиіс. ОПЕК өсім мен өркендеудің негізіне айналған тұрақты дамуға үлкен мән береді. Айталық, экологиялық саясат тұрғысында ОПЕК өзара байланысты екі мәселені – жөнелтілім қауіпсіздігін және әділет қағидаларын жіті бақылауға алған. Қазіргі таңда Қазақстанмен тарихи ынтымақтастықтың жемісін көрудеміз, себебі мұнай нарығы тепе-теңдікті сақтауда. Қазақстан – ОПЕК-тің маңызды серіктесі. Болашақта ынтымақтастығымыздың нығаюын асыға күтеміз», деді Хамид Хасан.
Жиында Қазақстан тарапынан Энергетика министрінің орынбасары Мағзұм Мырзағалиев сөз сөйлеп, ЭКСПО-2017 көрмесі энергия сақтау саласында озық әлемдік технологияны, жаңғырмалы энергия көздерін пайдалануда соңғы әзірлемелер мен жобаларды тартуға мүмкіндік беретіндігін айтты. «Ағымдағы жылдың қаңтарында Қазақстан ОПЕК алдында өз міндеттемелерін орындады: тәулігіне 1,673 баррель мұнай өндірді және есепті кезеңде мұнай өндіру тәулігіне 1,713 миллион баррельді құрады. Биыл Абу-Дабиде Кувейт және Ресей Федерациясының төрағалығымен ОПЕК Мониторинг жөніндегі комитетінің техникалық конференциясы өткені мәлім. Шара барысында мұнай өндірісі көлемін қысқарту туралы елдермен бұрын қол қойылған келісімді жүзеге асыру мәселесі қаралды. Қазақстан бұл келісім бойынша өз міндеттемелерін орындайтынын, бекітілген деңгейде мұнай өндіруді жалғастыратындығын хабарлады. Біз ОПЕК-пен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін сындарлы диалогқа әрдайым дайынбыз», деді вице-министр.
ОПЕК елдері жаңғырмалы энергетиканы дамыту үшін үлкен жұмыс атқаруда. Ұйымның ең ірі мүшелерінің бірі – Сауд Арабиясы әлем бойынша электр энергиясын алу үшін мұнай өндіруден бірінші орынды алады. Ол елдің күн электр стансалары жергілікті элемент базасын пайдалану арқылы құрылады. Сонымен қатар, БАӘ 2050 жылға дейін баламалы энергияны дамытуға 163 миллиард доллар қаржы салуды жоспарлауда. Бұл мемлекетке күн электр стансаларынан жартылай тұтынатын энергияны алуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта БАӘ энергияның 90 пайыздан астам бөлігін табиғи газ жағу арқылы алады.
Алжир жалпы қуаты 4 ГВт-дан асатын үлкен күн электр стансасын салуда. Онда да Сауд Арабиясындағыдай күн энергетикасын дамытудың өнеркәсіптік негізі құрылады.
Шағын мемлекеттің шамасы зор
ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қалашығында Тувалу Республикасының ұлттық күні мерекеленді. Шағын ғана мемлекеттің жаңғырмалы энергияға көшу туралы арнайы бағдарламасы да бар. Тынық мұхитының ортасындағы арал халқы судан, желден, күннен қуат алуды меңгеріп үлгерген. Жер көлемі небәрі 26 шаршы шақырым. Халқының саны – 11 мың шамасында. Аралдықтар 2020 жылға қарай энергияны 100 пайыз тек баламалы қуат көздерінен алуды мақсат етеді. Бүгінде бұл көрсеткіш 26 пайыздың төңірегінде.
Мерекенің ресми бөлімінде мемлекеттің сыртқы істер, сауда, туризм, қоршаған орта және еңбек министрінің көмекшісі Атаби Евекия сөз сөйлеп, жоғарыдағы деректерді әңгімеледі. «Қазіргі таңда Тувалудың энергетика саласында қазба отынды пайдалануы 74 пайызға басым. Аралдардың бытыраңқы орналасуы мен импортталатын мұнай бағасының жоғары болуынан, әлемдік нарықтан оқшау орналасқан аралдық мемлекет үшін энергетикалық қауіпсіздік өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Елдегі осы проблеманы ескеріп энергия ресурстары қажеттіліктерін жаңғырмалы қуат көздері есебінен өтеу міндетін алға қойдық», деді мәртебелі мейман.
Жиында Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Азия және Африка департаментінің директоры Айдарбек Тұматов Тувалу мемлекетіне 2017-2018 жылдар мерзіміне БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлауда біздің кандидатурамызға қолдау көрсеткендігі үшін алғыс білдірді. «Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас жақында ғана орнатылғанына қарамастан, халықаралық құрылым және бастамалар шең-
берінде өзара әрекеттесуі және әріптестігі қарқынды жүзеге асуда. ЭКСПО-2017 көрмесі жаһандық таза энергетиканы дамыту идеяларының өркендеуіне, сондай-ақ, тиімді ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер беретініне кәміл сенемін», деді А.Тұматов.
Тувалу мемлекеті Е8 халықаралық коммерциялық емес ұйымының қолдауымен жоба әзірлеуде. Оның аясында жаңғырмалы қуат көздері есебінен барлық энергетикалық қажеттіліктер өтеледі деп жоспарлануда.
Баламалы энергияға бай ел
ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Гватемала Республикасының ұлттық күні өтті. Латын Америкасы аумағындағы мемлекеттер арасында электр қуатының өндіріс орталығы болып саналатын ел энергияның 61 пайызын жаңғырмалы қуат көздерінен алады. Оның 57 пайыз үлесі су электр стансаларына тиесілі. Сонымен қатар, елде күн, жел энергиясы мен биомасса өндіріледі.
Шараның ресми бөлімінде Сыртқы істер министрлігі көпжақты және экономикалық халықаралық қатынас жөніндегі бас директорының орынбасары Карлос Казали сөз сөйледі. «ЭКСПО-2017 көрмесі халықтарға «Болашақ энергиясын» өндіру және дамыту үшін шығармашылық және инновациялық тұжырымдамаларын қолдануға тамаша мүмкіндік береді. Гватемала да жаңғырмалы энергия көздерін дамыту идеялары мен жобаларын көрсету арқылы Астанадағы көрменің тақырыбын дамытуға үлес қоспақ ниетте. Табиғи ресурстардың алуан түрлілігінің арқасында еліміздің көрмеге қатысуы энергетикалық салаға тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға жол ашты. Көршілес елдерді, сондай-ақ, бүкіл су электр стансаларын сумен қамтамасыз ететін негізгі ресурс – мемлекеттегі өзендер. Тынық мұхиты жағалауындағы аймағымызда қант құрағы плантациялары орналасқан, олардан биомасса энергиясын өндіреміз», деді ол.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой өз кезегінде көрме тақырыбы кездейсоқ таңдалмағандығын, «Болашақ энергиясы» еліміздің 2050 жылға қарай жаңғырмалы энергия көздеріне көшу мақсатын көрсететінін жеткізді. «Қазақстан Гватемаламен саяси, экономикалық, ғылыми, технологиялық және мәдени, сондай-ақ, баламалы энергия көздері саласында ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі. Осы ұлттық күн екі мемлекет арасында екіжақты тиімді қатынасты нығайтуға жаңа мүмкіндіктер беретініне кәміл сенемін», деді вице-министр.
ЭКСПО-2017 көрмесінің Латын Америкасы плазасында орналасқан Гватемала павильоны экспозициялары келушілерге жаңа технологияларын, мәдениеті мен тарихын таныстырады.
Топтаманы әзірлеген Асхат РАЙҚҰЛ, суреттерді түсірген Орынбай Балмұрат, «Егемен Қазақстан»