Авансценаны қолымен сипап өтіп, киелі құтханасына тағзым жасайтын. Әкем-театрында әкесіндей болған қазақ өнері алыптарының аруағына сәлем беретін. Бұл – театрға кіргендегі күнделікті әдеті екенін кейін білдік. Мұндай қасиет кейінгі кезде тілге тиек, ойға қазық, жанға азық болудан қалып барады.
Әуезов театры... – Әкем-театры... – Әзекең театры... – Әдемі кезең! Бұл тіркестердің әдіптеліп, әсерлі естіліп тұратындығының сыры неде?
Әуезов театрына жалындап тұрған 25 жасында келіп, қажырлы да қазыналы еңбегімен оны Әкемтеатр дейтін деңгейге көтеріп, әдемі кезеңді жасай білу екінің бірінің қолынан келе беретін шаруасы емес еді.
...Иә, ежелгі амфитеатрлар шырғадан шыға алмай шырмалып жатқанда, Қазақ елінің дала-театры сән-салтанатымен сахараны ән мен жырға бөлеп, табиғи таланттарымен шығандап шыңға өрлеп тұрған болатын. Дәстүр-салт, әдет-ғұрпымыздың сценарийін кімдер жазып, режиссерлық шешімін кімдер жасады? Оның жауабы – шерлі шежіреміздің шертілмей жатқан сырлары мен ұлы дала тұрмыс-тіршілігінің ырғағында жатқан болар...
Былайғы жұрт таңдайын қағып, ожырая қараса өзі білсін... Ал қазақтың бүкіл болмысы мен тұтас ұлттық тұлғасының айнасы – рухани байлығы, дәстүр-салты, әдет-ғұрпы, тұрмыс-тіршілігінің бәрі де – тұнып тұрған өмір-сахнасының салтанаты еді. Сол өмір-сахнасынан кәсіби өнер сахнасына айналып, өзін өзгеге мойындатқан қазақ театры ә дегенде-ақ, талайды тәнті еткені тарихтың тарғыл беттерінде бедерленді. Кәсіби театрымыздың негізін қалаған Жұмат Шаниннен бастап, айналасындағы қайталанбас хас таланттар – Қалибек, Серке, Қапан, Елубай, Сәбиралардың санаты – сары алтынмен салмақтанатыны белгілі.
Ал Қошке, Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мұхтар, Ғабит, Сәбиттердің соқпақ жолды саралап, драматургиямызды даралап, қаламынан от шығарып қажырлы еңбек еткенін елгезек уақыт ешқашан да ұмытпақ емес. Аласапыран-алмағайып заманмен алысып өткен Алаштың арыстары табандап жүріп тарих сахнасына Қазақ театры дейтін қарашаңырақтың қазығын осылай қадап берген еді.
Асқар Тоқпанов алмағайып уақыттарда әкем-театрының аруағын үйіріп, әудем жерін әспеттеп берсе, енді оның дәуірлеу кезеңінің сатыларын санамалап отырып, кәсіби дәргейін арттырып, әлемдік деңгейдегі санатқа қосу бақыты – Әзірбайжан Мәдиұлына бұйырған болатын. Бұл – бұйырған бақ қана емес, батпандай жүкті арқалап, азапты жолдардан ақ адал ниетке сүйене отырып өнерді өрге, өнердің абыройын төрге сүйреу еді.
Арқалады – азабы өзінікі, абыройы халықтікі. Сүйреді – сүбесі сөгілді, театр аламанда алдыңғы қатардан көрінді. Бірақ, сүйеніші – театрға деген ақ адал ниеттен бір сәт те айныған жоқ.
М.Әуезов қазақтың бүкіл рухани қазынасын сақтап, болашаққа аман-есен апаратын алтын сарайы – театр екенін айтты. Еуразия белдеулерінде белағашын көтеріп жанталасып жатқан театрлардың беталысын жіті қадағалап, саңлақ өнердің сара жолын салып беруге атсалысты.
Биыл қайталанбас қарымды қаламгер, ұлы тұлға – Мұхтар Әуезовке де 120 жыл толып отыр. Әкем-театры ғана емес, қазақтың ұлттық театр өнерінің көшін өрге сүйреп, ақылшы-абызы бола білген алыпты Алашы мәңгі ардақтап өтетіні хақ. М.Әуезов атындағы қасиетті қарашаңырақ биылғы театр маусымының ашылуын ұлы жазушының мерейтойымен мәртебелемек. Аруағы – қазақ руханиятының нұры боп шалқысын!
Әзекеңмен Астанадағы Қалибек Қуанышбаев театрында жақын араластым. Жанында жүріп, 5 жылдай әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқардым.
Берері мол, кемелі зор кезінде жұмыссыз да жүрді ғой... Соның есесін қайтарғысы келді ме? Астанаға келгендегі ынта-ықыласы, жігерлі де ширақ тіршілігі бәрімізді тәнті етті. Мүмкін, баяғы әкемтеатрындағы біз көрмеген қарқыны осындай болған шығар? Арыны басылған ақсақалдық жасқа келсе де айналдырған аз уақыттың ішінде қазақ классикасы мен әлем классикасын араластыра отырып, 10 шақты спектакльді сахналап үлгерді. Актерларды да әптер-тәптерін, ақ тер-көк терін шығарып, сымдай тартып сыңғырлатып қойды. Осылайша, енді ғана еңсе көтеріп келе жатқан елордамыздың театрына Қызыр қонғандай болып еді.
Өмірдегі жары, өнердегі ақылшысы – Ғазиза Ахметқызын ерекше аялап айтып, еркелете еске алып отыратын. «Кез-келген сахналық қойылымның жаны, рухы, өзіне тән мінезі болады. Ол – қасиеттердің бәрі құдіретті музыкада жатыр. Қисынын тауып қиюлай білмесең, қойылым – сабылған қимыл, сапырылысқан құр сөз боп қалады. Мұндай жағдайда ынтымақпен ымыраласа, ыммен түсінісіп, жұптанып жұмыс жасасқан – Ғазиза Ахметқызы Жұбанованың орны бөлек еді...».
Отырысы да, жүрісі де ешкімге ұқсамайтын. Отырса да, жүрсе де мойны ішіне кіріңкіреп, екі иығы шығыңқырап, мықшия көтерген жүгі бар адамдай кісіге қабағының астымен қарайтыны бар еді. Сөйтсем, ол – Ұлт театрының негізін қалаған ұлылардың, алыптардың арқалатып қойған аманаты екен.
Бірде Тахауи Ақтановтың «Жоғалған дос» пьессасын сахнаға әзірлеп жатқан Әзекең, үнсіз егіліп жылап отырды. Келесі дайындықта да бір қолымен сахнаның шымылдығын ұстап, шешесінің етегінен жармасқан баладай кемсеңдеп, көз жасына ерік беріп тұр...
Қойылымның оқиға желісі – сұрапыл соғыс жылдарындағы тәлейсіз тағдырлардың жанкешті сұрқай өмірі туралы еді...
Мүмкін, сол әсер етті?!
Жоқ, ол да емес екен...
Сәлден кейін кабинетіне барсам, үнсіз отыр. Көзі жасқа толып..
«Әкем,.. әке,.. папам,..» – деді де әңгімесін үзіп-үзіп, жанын ауырта айта бастады:
«Мен күттім оны... Соғыс аяқталғаннан кейін, баласын тосқан ана, күйеуін күткен жар, әкесін аңсаған бала... бәрі вокзалға жиі баратын... Бірі – көрісіп қуаныштан, бірі – кемтар солдаттың азапты хәлінен, енді бірі – шаһит болған батырына жоқтау айтып жылап жататын. Вокзал – азан-қазан, айғай-шу... Біз Аққағаз екеуміз бірге баратынбыз. Сабақтан шыққан соң күн батқанша жүріп, бір-бірімізді жұбатқан боп, артымызға қарай-қарай жәутеңдеп үйге қайтатынбыз. Кейін Аққағаз бармайтын болды. Менің де барғанымды жөн көрмеді. Бірақ, мен содан кейін де оған білдірмей бес жылдай вокзалға барып тұрдым. Келмейтінін білем. Білсем де әдетіме айналып кетті... Үміт, шіркін, үзілмейді екен ғой...
Өйткені, «өлді» деген түгілі, «келмейді» дегенге мүлде сенгім келген жоқ... Әлі де болса, «әке» деген сөзді естіп қалсам, ет жүрегім езіліп елеңдеп қалам. Так что... отбасының амандығын, бала-шағаңның бүтіндігін ойла!.. Күткен – жаман!..»
«Не жаман? Бұл дүниеде
күткен жаман,
Күтуменен зарығып біткен
жаман.
Келем деген адамың келмей
қалса,
Сол екен ғой бәрінен – тіптен жаман» – халықтың зары мен зарығуы жатқан осы бір қара өлең қабырғамның астына қадалды да қалды. Иә, басыңнан өтпей, құдайдан жетпейді...
1999 жылы Елбасы арнайы шақырып, елорда театрын сеніп тапсырғанда еңсесі көтеріліп, баладай қуанып, барын салып жұмысына кірісіп кеткен еді. Еңбегі бағаланды. Бағасы басбармақпен ғана емес, бас-аяғы бүтін халықтың махаббатымен бағаланды. – «Халық Қаһарманын» алды...
Жаңа заманның пәндәуи айла-амалын меңгере алмағандығынан шығар. Бәлкім, өнерге деген адалдығы болар. Кейде кейіп отыратын. «Осы «Халық Қаһарманы» деген атақ – менің қабірімнің басына жазу үшін ғана керек пе?» – деп...
Жоқ, Әзеке, сіз жүзжылдықтар мен мыңжылдықтардың, екі кезең мен екі дәуірдің қиындығы мен қызығын қатар көріп, арқалаған аманатыңызды алдыңғы ұрпаққа аман жеткізген алыптардың арасындағы алыбысыз. Халықтың қаһарман ұлына да, қазыналы тұлғасына да лайықсыз. Пәниден бақиға көшкелі, тоғыз жыл өтсе де әкемтеатрда аруағыңыз қалқып, Қаллекей-театрында рухыңыз шалқып тұр. Әдейі сізді ояту үшін, әсіре қызылға апармай, осы әңгімені қозғап отырмын. Сізді қозғамасқа әддім болмады. Өйткені, сіз сенген, сізге сенген – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты пәтуалы мақаласына пәрмен берер күш керек. Иә, ол – кемерін толтырар келешегімізге кемел, беделін арттырар болашағымызға бедел боларлық ұлттық рухымыздың жаңғыруы...
Екінші қыркүйек – туған күніңіз. Еске алдық. Еңсемізді тіктедік. Ендігі жүрер жолымызды сізге қарап айқындап алып, аттай шабармыз. Бірақ, өзіңіздей өмірі мен өнері өнегеге толы өр тұлғаны жылына бір рет емес, күнде есімізге алып тұрсақ та артықтық етпейтінін білем...
Әуезов театры.., Әкем-театры.., Әзекең-театры.., Әдемі кезең! Бұл тіркестердің әдіптеліп, әсерлі естіліп тұратындығының сырын білгіңіз келсе, ұлт театрының тылсым-құдіретіне айналып бара жатқан «төртеу түгел болсын» – дейік.
Бақыт БЕДЕЛХАНҰЛЫ