Әлем • 06 Қыркүйек, 2017

Мьянма дүрлігіп тұр

479 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мьянмадағы жағдай тынышталар емес. Шетелдік медиа өкілдеріне сүйенсек, жүз мыңға жуық рохинжа өз елін тастап қашқан. БҰҰ бастаған бірқатар ұйым өкілдері мен мемлекет басшылары Мьянмадағы жағдайға алаңдайтынын жеткізді. 

 

Әлемді дүр сілкіндірген соңғы қақтығыс 25 тамызда басталды. BBC-дің мәліметінше, «Аракан рохинджейлерін құтқару армия­сы» (АРСА) 30-ға жуық полиция бекетіне шабуыл жасап, 12 құқық қорғау қызметкерін жер жастандырған. Мьянма би­лі­гі АРСА-ның террорлық ұйым­дармен байланысы бар екенін және солардан қаржылай қолдау алып отыратынын сылтауратып, елде антитеррорлық әрекетке кірісті. Қарулы күштердің хабарлауынша, антитеррорлық әрекет кезінде 400-ге жуық басбұзар жер жастанған. Мьянма билігі қайтыс болғанның бәрі терроршылар екенін айтып отыр. Осы оқиғадан соң Ракхайннан бас сауғалаған халықтың саны артып кетті. Қазіргі таңда ауылдар өртке оранып, рохинжалар көрші елдің аумағына өтуге талпынып жатыр. BBC арнасының сөзіне сүйенсек, босқындар ауылдарды үкімет әскері өртегенін айтқан. 

CNN арнасы Бангладеш шекарасына дейін қашқан халықтың тамақ пен медициналық көмекке мұқтаж екенін мәлімдеген. Қа­зіргі таңда онда 30 мыңға жуық халық аш-жалаңаш жүр. Әлем елдері Мьянмадағы жағ­дай­ға бейжай қараған жоқ. Көп­теген ұйымдар мен мемлекет көмек қолын созған-ды. Алайда, The Guardian басылымы Мьянма билігі БҰҰ көмегін тоқтатып тастағанын жеткізді. БҰҰ соңғы деректері 25 тамыздан бері Мьянмадан 120 мың рохинджа бас сауғалап қашқанын көрсетті.

Ракхайндағы зомбылықты бү­кіл әлем айыптап жатыр. Түр­кия президенті Режеп Тайип Ер­до­ған оны геноцидке балап, әлем елдері басшылары назар ауда­руы керек екенін айтты. БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутер­рас Мьянма әскерін рохин­джа мұ­сылмандарын қыруды тоқ­­татуға шақырған-ды. Ал Ма­лайзия сыртқы істер министрі Ани­фа Аман Мьянма президенті Аун Сан Су Чжидің ешқандай қа­дамға бармай отырғанына нара­зылығын жеткізді. The Guardian газеті Мьянмадағы қыр­ғын­ды «Адамзатқа жасалған қастандық» деп есептейтінін хабарлады. Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев та Рак­хайндағы зомбылыққа қа­тыс­ты көзқарасын білдірді.

«БҰҰ Мьянмадағы жағдайға байла­нысты өзінің ұстанымын біл­діруі тиіс, өйткені көптеген бей­күнә мұсылмандар репрессия құрбаны болып жатыр», – деп жазды Қ.Тоқаев твиттердегі парақшасына. Рохинджа шие­ленісіне қатысты Сыртқы істер министрлігі де өз ұстанымын жа­риялады. «Қазақстан Мьян­маның Ракхайн штатында туын­­даған шиеленіске орай өз алаң­даушылығын білдіреді. Бұл ел­дегі қақтығысты бейбіт жолмен ғана шешуді қолдаймыз және бар­лық жанжалдасушы тараптарды атысты дереу тоқтатуға және диалогты жалғастыруға шақырамыз, делінген Сыртқы істер министрлігінің сайтында жарияланған мәлімдемеде.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»