Қазақстан • 07 Қыркүйек, 2017

Компаниялардың жемісті жұмысы жалғасады

248 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кеше елордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Польша Республикасының Президенті Анджей Дуданың қатысуымен Қазақстан-Польша бизнес-форумы өтті. 

 

Компаниялардың жемісті жұмысы жалғасады

Еліміздің Инвестициялар және даму министрлігі, «Ата­мекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, сонымен қатар Ұлттық па­латаның еншілес ұйымы Қазақ­станның Сыртқы сауда палатасы мұрындық болған ауқымды ша­раға екі мемлекеттің ірі компа­нияларының басшылары, биз­нестің 450-ге тарта өкілі қатыс­қанын атап өткен жөн. 
Халықаралық бизнес-форумда сөз сөйлеген Қазақстан Президенті екі мемлекеттің сау­да-экономика саласындағы ын­ты­мақтастығын дамытудың ма­ңыз­дылығын айтып, бұл қарым-қатынасты кеңейтуге әлеуе­ті­міздің жеткілікті екенін атап өтті. Елбасы Қазақстанда Поль­­ша кәсіпкерлеріне жұмыс іс­теу­ге барынша қолайлы жағ­дай жа­салып отырғанына да тоқ­талды.

– Польша азаматтары Қазақ­станда визалық талаптардан босатылған. Шағын және ор­та бизнесті, машина жасау және ауыл шаруашылығын дамы­ту жөнінде жұмыс топтары құ­рыл­ды. Елдеріміз арасында жұмыс істеп жатқан үкімет­аралық комис­сияның рөлі маңыз­ды. Өз­деріңіз білетіндей, Қазақ­стан Еуразияның жүрегінде орна­ласқан, Ұлы Жібек жолының маңызды бөлігі болып табылады. Сол себепті Қытай Халық Рес­публикасының идея­сын («Бір белдеу – бір жол» – авт.) қолдадық. Оған қосылып қана қоймай, Ұлы Жібек жолын кеңінен дамытуға атсалыстық. Қытай шекарасынан Каспий теңізіне дейін автобан салдық. Ресей арқылы Еуропаға шығатын темір жол желісі тағы бар. Бұдан бөлек, оңтүстікке қа­рай баратын темір жол төсел­ді. Аталған бағыттарды қытай­лық әріптестеріміз де емін-ер­кін пайдалана алады. Ал Поль­ша болса Еуропаның кіндігін­де орналасқан. Яғни, біздің гео­графиялық орналасу жағдайы­мыз бірдей. Демек, біз өзара ынты­мақ­тастықты дамыта түсуіміз керек, – деді Елбасы. 

Мемлекет басшысы Поль­ша­мен арадағы ынты­мақ­тастықтың жарқын мысалы ретін­де «Польфарма», «Селена Групп», «Пронар» сынды ком­па­­ниялардың Қазақстанда табыс­ты жұ­мыс істеп жатқанын айтты. 

– «Польфарма» фармацев­ти­калық компаниясы табысты әріптестіктің жарқын мысалы саналады. Бүгінде Қазақстан 1 млрд долларға жуық дәрілік зат­тарды импорттайды. Сол се­бепті өз жерімізде зауыт пен фаб­­рикалар салу аса қажет. Ол үшін біз барлық жағдайларды жа­­сауға дайынбыз. «Астана» ер­кін экономикалық аймағының ау­мағында «Селена Групп» компаниясы құрылыс материалдарын шығаратын жобаны жүзеге асырды. Қала қарқынды дамуда, 1998 жылы еліміздің аста­на­сы деп жариялағанда бұл жерде 150 мыңға тарта халық тұрса, қазір миллионнан асады. Қала құрылысы жалғасуда. ЭКСПО-2017 іс жүзінде қаланың жаңа бөлігін салды. «Қазтехмаш» зауыты польшалық компанияның тех­нологиясын Петропавлда ауылшаруашылық техни­ка­ларын өндіретін зауытты іске қосты. Жалпы алғанда елі­мізде польшалық компаниялар қаты­са­тын 15 кәсіпорын жұ­мыс істей­ді. Біз экономикалық қаты­настар­ды одан әрі дамытуға ниет­­тіміз. Бүгінде Қазақстан биз­­нес­ті тиімді жүргізу үшін жаңа мүм­кіндіктер мен зор әлеует қа­лыптастырып отыр. Биз­несмендердің осында өздерін еркін сезінуіне, жұмыс істеуіне барлық жағдайды жасадық,– деді Мемлекет басшысы. 

Нұрсұлтан Назарбаев эконо­микалық қарым-қатынасты одан әрі дамытуға мүдделілік танытып, Қазақстанда алдағы кезеңде бизнес жүргізуге себеп болатын бірқатар мәселелерді атап өтті.

– Президент жанында Ше­тел инвесторларының кеңесі жұмыс істейді. 61 елдің азаматтары үшін визасыз режім енгізілген. 10 арнайы экономикалық аймақ пен 20-ға жуық индустриялық аймақ жұмыс істеуде. Мемлекет осы аймақтардың жұмысына қаты­сушыларды қажетті инфра­құ­рылыммен қамтамасыз етіп отыр. Оларға салық жеңілдіктері мен артықшылықтар берілген. Бұдан бөлек, жер қойнауын пайдалануға лицензия алу және шартқа отыру тәртібі жеңілдетілді, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы поляк бизнесмендерін елі­міздегі кәсіпорындардың ак­тив­терін жекешелендіруге қа­тыс­тыру арқылы ынты­мақтас­тық­ты нығайту және аграрлық сек­торда қарым-қатынас орнату мүм­кіндіктеріне тоқталды. 

– Біз Польшаның аграрлық сектордағы тәжірибесін жақсы білеміз. Польша сапалы ауыл­ша­руа­шылық өнімдерінің ірі экс­порттаушысы саналады. Қа­зақ­стан да осы салаға басым­дық береді. Жыл сайын жылына 10 миллион тоннаға дейін жо­ғары сапалы бидай экспорттаймыз. Ет шаруашылығын дамы­тудамыз. Осының барлығы өң­деуді, өнім құнын арттыруды қажет етеді. Сол үшін сіздердің ком­­панияларыңызды бірлесіп жұмыс істеуге шақырамыз, – деді Мемлекет басшысы. 

Нұрсұлтан Назарбаев Қа­зақ­станның жеделдетілген жаңғыру үдерісі экономикалық байланыстарды кеңейтудің қосымша мүмкіндігі болып саналатынын айтты.

– Біз іскерлік туризмнен эко­ло­гиялық және рухани туризм­ге дейінгі туризмнің барлық тү­рін дамытуға зор мән бере­міз. Тікелей әуе қатынасының орна­ға­нын ескеріп, өзара ынты­мақ­тасуға және туристік өнімдерді ілге­рі­летуге мүдделіміз. ЭКСПО көрмесі аяқталған соң оның базасында «Астана» халықаралық қар­жы орталығы жұмысын бас­тайды. Сондай-ақ, ЭКСПО ба­за­сында Жасыл технологиялар мен инвестицияларды дамыту жө­нін­дегі халықаралық орталық жұмыс істейтін болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сөз соңында Қазақстан Пре­зи­денті бизнесті дамыту және өзара тиімді серіктестікті нығайту үшін екі елдің бизнесмендерін барлық мүмкіндікті пайдалануға шақырды. 

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жы­­лы Польшаға мемлекеттік сапар­мен барған болатын. Поль­ша Президенті Анджей Дуда биз­нес-форумда атап өткендей, осы сапардан кейін ел арасын­да­ғы сауда-экономикалық қа­рым-қа­тынас жаңа деңгейге көтеріл­ген. 

– 2014 жылы Қазақстан мен Польшаның тауар айналы­мы 2 млрд доллардан асқан еді. Кейін бұл көрсеткіш аздап төмендеді, оған жаһандық экономикадағы мәселелер себеп болды. Дегенмен, бірлескен жұмыстардың арқасында біз бұрынғы деңгейге қайта көтеріліп келеміз. Биылғы жылдың алты айында Польшаның Қазақстанға шығарған экспортының көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 50 пайызға артса, Қазақстаннан Польшаға тасымалданатын тауарлар көлемі 80 пайызға өсті. Сондықтан үлкен ілгерілеу бар деуге әбден болады. Алдағы алты жылда екіжақты тауар айналымын 6 млрд долларға апаруға әлеуетіміз жеткілікті деп санаймын,– деді Анджей Дуда.

Польша Республикасы елордада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесіне белсенді түрде қатысушы мемлекеттердің бірі екендігі мәлім. Осы орайда, өзі де ЭКСПО-2022 халықаралық көрмесін өткізуге ниетті болып отырған Польша тарапы Қазақстанның қолдауына үмітті. Бұл туралы Анджей Дуда:
– Польша 2022 жылғы ЭКСПО-ны өткізуге тырысып жатыр. Аталған xалықаралық шараны біз Лодзь қаласында ұйым­дастыруды жоспарлап отырмыз. Шаһардың атынан өтінім бермес бұрын тың­ғылықты дайындық жұмыстары атқарылды. Бұл жолғы ЭКСПО-да Сіз бізді қарсы алсаңыз, 2022 жылы біз Сізді қарсы аламыз деген сенімдемін. Әрине, Қазақстанның біздің өтінімді қолдайтынына да үлкен сенім артып отырмыз, – деді.
Оның айтуынша, Польша өз жеріндегі ЭКСПО халықаралық көрмесінің тақырыбы ретінде постиндустриялық қалаларды дамыту мәселесін таңдаған.
– Лодзь ХIX ғасырда құрылған өндірістік қала. Шаһарда ескі ғимараттар мен тұрғын үйлер көп. Дегенмен, осының бәрін тариxи нысан ретінде шебер көрсете білсек, кез келген қалаға туристерді көптеп тартуға болады. Лодзь соның бір мысалы болса керек,– дейді ол.

Бизнес-форумда екі мем­лекеттің ірі кәсіпорындар басшылары кәсіпорындардың тиімді жұмыстары, болашақ жоспары туралы баяндады. Польша тарапынан Энергетика министрінің орынбасары Гжегож Тобишовски, Аграрлық нарық агенттігінің төрағасы Лукаш Хоубовский, Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі агенттігінің төрағасы Патриция Кларецка, ал Қазақстан тарапынан Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Ерлан Хайыров, Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Рүстем Құрманов форумға модератор болды. 

Жалпы, Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, соңғы 10 жыл ішінде Қазақстан экономикасына Польша тарапынан 200 миллион доллардан астам инвестиция салыныпты. Өткен жылдың қоры­тындысы бойынша, екі­жақты тауар айналымының көлемі 783 миллион долларды құраса, биылғы жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш өсе түспек. 

Қазақстан Польшамен арада­ғы ынтымақтастық барысында өзара сауда-инвестициялық ынты­мақтастықты дамыту, бірлес­кен кәсіпорындар қатарын көбей­ту, көлік-логистикалық ынтымақ­тастықты дамыту сынды бағыт­тарға басымдық береді. Елор­дада өткен бизнес-фо­румда Казақстан мен Поль­ша компаниялары арасында ынты­мақтастықты дамыту жөніндегі 10 меморандумға қол қойылды. 

Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды