Әдебиет • 07 Қыркүйек, 2017

«Қызқарағай» қалай туған?

1449 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Соңғы кезге дейін арагідік респуб­ликалық радиодан КСРО халық әртісі, бұлбұл үнді Бибігүл Төлегенованың орындауында «Қызқарағай» әнін естиміз.

«Қызқарағай» қалай туған?

Белгілі әншінің сыңғырлап шыққан үніне елти отырып, сүйсіне тыңдаймыз, бейне тамылжыған табиғат аясына еніп кеткендей ерекше бір күйде боламыз: 

Аулында бар Ағаның қызқарағай,
Тал бойында бір мін жоқ қыз баладай.
Ақ балтырлы ақ қайың арасында,
Жалғыз өсіп, асқақтап, тұр дарағай.
Қызқарағай, қызқарағай...
Жалғыз өсіп, асқақтап, тұр дарағай.

Мәтіні мен әуені жұптаса келе, домбы­раның қос ішегіндей қосарласып таң­ғажайып сырлы әлемге жетектеп, тұла бойыңа сіңіп, жүрек пернесінің қылын шер­тіп, кімді болсын бей-жай қалдырмай, санаң­ды қытықтап, алпыс екі тамырыңды шы­­мырлатады. Бұл әсерлі, жанға жайлы сиқырлы сазды сұлу ән қалай дүниеге келіп еді? 

Қазақтың заңғар қаламгері Ғабит Мүсірепов 1976 жылдың шілде айында туған жері Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Жаңажол ауылына жанына қызы Райханды, немере інісі мен келіні Екпін мен Бикенді, жиеншар інісі Қанатбайды ертіп, біраз күн аунап-қунап демалып қайтуға барады. Оларды аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Мәркен Ахметбеков, совхоз директоры Жолмағанбет Әйкенов және тағы басқа ел азаматтары, үлкен құрметпен тосып алады. Жерлестері сөз зергерін орталарына алып, арқын-жарқын әңгіме-дүкен құрады. 

Түс ауа Ғабең ауыл төңірегіндегі та­би­ғатты тамашалап, туған жердің саф ауа­сымен тыныстауға серуенге шығады. Жаңа­жолдан 4-5 шақырым жердегі жер­гілікті халық «Қожағұл бүркеуі» деп кеткен көрінісі керемет қайыңдар мен қалың қарағай жарыса өскен таңғажайып жерге дастарқан жаяды. 

Таза ауа, жұпар иісті көк шалғын, күн нұрына шағылысқан шағын айнакөл, ай­­нала біткен ағаш, аяқ басқан жерің бүлдірген-жидек кімнің болсын сезімін селт еткізер еді. Табиғатты ерекше ұната­тын Ғабең көлге жақынырақ тұс­тағы жай­қалған ну орман ішін аралап кетеді. Сөй­тіп жүріп қайың-теректер мен қарағай ара­сынан жеке-дара өсіп тұрған бір саяқ әдемі жасыл шыршаны көзі шалады. Соған жақындап келіп, жазушы қасындағыларға сонау ертеректе − жас кезінде бірер жыл Бура­байда орманшы болғанын еске алып, шыршаның жай қарағайдан ерекшелігі, оның түсі мен қылқаны, бұтақтарының өсіп, орналасуы жайында біраз әңгіме айта келе, мына шыршаның дара өсіп тұрғанына таңғалады. Бұл аймақта сирек кездесетін шыршаны біреу әдейі әкеліп екті ме екен?.. Кім білсін... Биіктігі 15-20 метрге жететін көлемді шырша шамамен 150-200 жылға жуық уақыттан бері өсіп тұрған болу керек, сірә. Атақты Есенейдің құрдасы десек те болар, жарықтық. Өстіп, жалғыз, өзі тұра берсе ерте қартайып, қурап, ұрпақсыз өледі емес пе деген мұңлы ой тастайды. Әңгіме дастарқан басында да жалғасады. Сонда қасына ергендердің бірі:

− Ғабит аға, біз үшін қарағай да қа­рағай, шырша да қарағай. Осы жеке-дара өсіп тұрған шыршаға бір ат қойып кетіңіз, сіздің шыршаңыз деп жүрейік, − деп ұсыныс жасайды. Жазушы аға сәл ойланып, шыршаға қарап отырып: 

− Сырт көрінісі ерекше көз тартар әдемі, көрікті екен. Ақ қайыңдар ортасында басына сәукеле, үстіне ұзын етек екі-үш жерден бүрмелі әсем көйлек пен жасыл камзол киген бұрынғы қазақ қызы секілді жарасымды көрінеді. Сондықтан, бұны «Қызқарағай» десе жарасады емес пе?
Қасында отырған жұрт Ғабеңнің шыршаны суреттеудегі тапқырлығына риза болып, бұл ұсынысты жөн санап: «Қызқарағай!» Иә, «Қызқарағай» өте сәтті ат. Орынды ат қойдыңыз, Ғабе!» деп дуылдасып кетеді.

– Сол жеке өсіп тұрған жасыл шыршаға «Қызқарағай» атының қойылуына мен куәмін. Тіпті, оның күні мен айын да білемін. Ол – 1976 жылдың 23-ші шілдесі бола­тын. Сол «Қызқарағай» атанып кет­кен саяқ тұрған шыршаны өзің де біздің Жаңажолға 2009 жылы жазда бар­ғанда, оның төңірегіндегі Елтінжалға, сол аймақтағы көлдер мен ормандарды аралағанда көрдің емес пе? Ғабеңді біз Ватикандағы Рим папасы дәрежесіне теңестіріп «папа» дейтінбіз. Жарықтық, Ғабит ағам туған жеріне келген сайын осы өзі «Қызқарағай» деп атаған қара­ғайлы орманға баруды ұнататын. Таби­ғат аясында серуендеуді, аңшылыққа шыққанды жаны ерекше жақсы көретін еді ғой...» − деп еді марқұм Екпін Хамитұлы Махмұтов (Ғабит ағаның немере інісі, ғалым-математик, Таразда көп жыл көрші тұрдық, жасы 70-тен асқанда туған жері Қызылжарға қоныс аударды) бірде сөзден-сөз шығып. 
− Ендеше, Екпін аға, «Қызғарағай» әні қашан дүниеге келді? –деп сұрақ қойдым.

− 1981 жылдың жаймашуақ жазында Ғабит ағам бір топ жолдастарымен «Жаңажол» совхозының құрылғанының 5 жылдығына келді. Ауылдастары Ғабеңді «Қыз­қарағай» жанында қонақ етіп күтеді. Қасына ерткендердің ішінде жер­гілікті ақын Мақсұтжан Әубәкіров және белгілі сазгер Жоламан Тұрсынбаев болады. Сөзден сөз шығып, әңгіме желісі «Қызқарағай» тақырыбына ауысады. Ақын мен сазгер дара, аспанға таласып өскен бойшаң жасыл шыршаға сүйсіне қарап, ой толқынына ерік бере отырып «біз бұған арнап бір әдемі ән жазамыз» деп келіседі. Екеуі де өнерлі, өрелі жандар емес пе, сол кеште-ақ ақылдасып отырып, ақ қағаз бетіне өлеңнің алғашқы мәтінін түсіреді. Әннің әрбір шумағы бір-біріне үйлесіп, әдемі әнге өзі сұранып тұрғандай еді. 

Аулында бар Ағаның қызқарағай,
Қызығамыз көркіне біз баладай.
Аясынан жаныңыз сая тауып,
Оған мәңгі ұл мекен қыз қарағай.
Қызқарағай, қызқарағай...
Оған мәңгі ұл мекен қыз қарағай.
Ауылында бар Ағаның қызқарағай,
Өтпес адам қасынан бір қарамай.
Ыстықта да, суықта өңін бермес,
Өзі ме екен Ағаның қызқарағай...
Қызқарағай, қызқарағай...
Өзі ме екен Ағаның қызқарағай

Сөйтіп, Ғабеңмен сол сапарда бірге бол­ған ақын М.Әубәкіров көп уақыт өт­кіз­бей «Қызқарағайдың» мәтінін жазып шығады. 

...1981 жылының қазан айында Жоламан Тұрсынбаев таңертең Ғабит ағаның үйіне телефон шалып, Би­бігүл Төлегенованың орындауында «Қызқарағай» әнінің радиодан тұңғыш рет берілетінін хабарлайды. «Ой, Жоламан қарағым-ау, мынауың жанға жайлы қуа­­нышты хабар болды емес пе, әлбет­те, тыңдаймыз. Бибігүл анау-мынау әндер­ді қабылдай бермейді ғой. Сірә, сәт­ті шыққан тәуір ән болу керек...» деп Ғабең ыстық ықыласын білдіреді. Ән сол күні түс мезгілінде радиодан беріледі. Ғабит аға бұл әнді жұбайы Ғазиза және Алматыдағы П.И.Чайковский атындағы музыкалық училищенің студенті, жақын туыстарының қызы Дәмеш Құрманкина (оқуын бітіргеннен соң Қызылжарға оралып, облыстық филармонияда әнші бола жүріп «Қызғарағайды» репертуа­рына тұрақты етіп енгізді) үшеуі мұқият тыңдайды. Ғабеңе әннің сөзі де, әні де ұнайды. Бұлбұл әнші Бибігүл өзіне тән шынайы жан толғанысымен, ғажап мәнерлі дауысымен баурап алады. Әсем әуенге дөп келген сырлы сөздер тыңдаушысын бей-жай қалдырмайды екен. Әннің әрбір шумағы мен қайырмасы көз алдыңа көрікті табиғаттың ерекше әдемі көрінісін көлбеңдетіп алып келеді, ғажап дүние. Расын айту керек, ол кезде көпшілік радиодан берілетін хабарларды, әндерді, жаңалықтарды көбірек, зейін қоя тыңдайтын. Тіпті, кейде жаңа шыққан әндерді көпшілікке радио арқылы үйрететін дәстүр де бар болатын. 

Сөйтіп, аса тамаша және өнерсүйер қауымға кеңінен танымал «Қызқарағай» әнін 1981 жылдың қазан айында КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова алғаш рет нақышына келтіре сыбызғыдай нәзік дау­­сымен республикалық радиодан шыр­қапты: 
Қызқарағай, қызқарағай...
Жалғыз өсіп, асқақтап, тұр дарағай».

Бұл ән соңғы кезге дейін анда-санда радио мен теледидардан Бибігүл Төлеге­нованың орындауымен беріліп жүр. Сірә, бұл сырлы да нәрлі саз тыңдаушысының жүрегін қытықтап, көпшілікке ұнайтын болуы керек. «Әнді алғаш орындаушысы дұрыс таңдалса, жаңа туынды жалпақ жұртқа жақсы тарайды, ұзақ жыл айтылады, ғұмырлы болады» деп халық бекер айтпаған болу керек. 

Міне, көптің құлағына жағымды, көңіліне сіңімді, сазды да сырлы «Қыз­қарағай» әні осылай дүниеге келген екен. 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Тараз