Әдебиет • 07 Қыркүйек, 2017

Қайран, «Қараш»...

986 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Әдеби шығармалардың фильмге лайықталған нұсқалары экран ажарын ашып, оны жаңа белеске көтерген мысалдар ұлттық киноның тарихында аз емес. 

Қайран, «Қараш»...

Қазақ жазушыларының прозасы негізінде түсірілген тәп-тәуір фильмнің оншақтысын осы қазір ойланбай-ақ тізіп шығуға болады. Солардың ішінде өз ұлтының кино өнеріне «қырғыз киноғажайыбы» деген ғаламат атау сыйлаған атақты Болат Шәмшиев түсір­ген шоқтығы биік «Қараш-қа­раш оқиғасының» көрерменмен қауыш­қанына биыл тұп-тура елу жыл толды. Кешегі көп киноның ішіне көз жібергенде, ұлттық иісі бұрқырап, бірден көз алдыңа келе қалады. Неге? 

Әдебиет алыбы Әуезовтің шы­ғармасы болғаны үшін бе? Мәңгілік сарын – азулы, тырнақты, тістілер мен қорғансыз, әлсіздің арасындағы әлеуметтік тартыстың түйінін түбінде әділеттің шешіп беретіні, үмітсіз тарс байланған түйінге кектенген тісінен басқа салар түгі жоқ кедей намысының көзі Бақтығұлдың аяушылық тудыратын бейнесі үшін бе? Қазақтың жанына жақын осы фильмнің уақыттың барлық сынына төтеп беріп, көркемдік құндылығын жоғалтпай келе жатқан сырын қайдан іздесек болады?

Идеясы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі төңірегінде туса да, алыстағы тарихи жағдайды толғаған бұл фильмнің қазақтың жанына жақын болуының себептері бар секілді. Егер бұл фильмнің бағы жанған, бар уақыттың толқынында бояуын жоғалтпаған, әр кезеңде де көрерменін жылы әсерге бөлеген ұзақ­қа самғар дүние болса, ол ең алдымен режиссердің шеберлігіне байланысты екені анық. М.Әуезовтің классикалық шығармасын экрандауға қазақ режиссерлерінің қарымы жетпегендей, әлі танылып үлгермеген жас талант Болат Шәмшиевтің бүйірден келіп «Қарашты» қолға алуына не себеп? 

Шынын айтқанда, кез келген шығармасы фильм түсіруге сұранып тұрғанда әрі дәуірі жүріп тұрған әде­биеттің асылын танитын көз бен көкі­ректің самсап тұрған кезеңінде, Әуе­зовтің көзін көрген, дос, құрдас бол­ған қазақ режиссерлерінің тамылжып тұрған туындыдан кино жасауға талпынбағанын Шәмшиевтің өзі де әлі күнге түсіне алмайды. Қалай дегенмен бұл да қазақ киносының дәуірлеп тұрған шағы. Шәкен Аймановтың, Мәжит Бегалиннің, Абдолла Қарсақбаевтың, Сұлтан Қожықовтың кемеліне келіп, кер жорғаларына мініп, атағының аспандап тұрған кезі. Осы кезеңде ғой, Камал Смайыловтың «қазақ киносы төрт киттің, төрт жайын балықтың үстінде тұр» деп тамсанатын. Дәл сол уақытты қазақ киносының басы-қасында жүрген белгілі жазушы, сценарий авторы, Әкім Тарази былайша еске алған еді: «Қараш-қарашты» осы төрт жайын балықтың бірі неге түсірмеді?» деген сауалға былай жауап берер едім. Ең алдымен, бұл төрт киттің талантының, қабілет-қарымының кемдігінен, болмаса тісі батпағандықтан емес, ұсыныстың бірінші болып Болат Шәмшиевтің тарапынан түскендігінен. Бастысы, қырғыз режиссерінің қолынан шықса да «Қазақфильм» туындысы болып жарық көргендігі. «Қараш» ешқашан қырғыз киносы болып саналған емес. Одақтас елдердің кинематографиясы Госкиноның билігінде болғандықтан, орталықтағылардың «бір-біріңе кө­мек­тесіңдер, қарайласыңдар» деген шешімінен соң «Қазақфильмнің» қаржысына жас болса да «Манасшы», «Шоқан» деген деректі фильмдерімен дүлдүл болатынын танытып үлгерген талантты Шәмшиев осындай асыл дүниені жасап шығарды». 

Солай бола тұра, басты рөлдің бәрінде Сүйменқұл Чокморов, Тұрғын Бердалиев, Советбек Жұмадылов, Сәбира Күмүшәлиева, Мұ­ратбек Рысқұлов сияқты қырғыз театр және кино өнерінің ең мықты актерлері ойнады. Б.Шәмшиев Бақтығұл бей­несіне әуелден тек Сүйменқұл Чок­моровты ғана лайықты деп таныған. Бір айта кетерлігі, Сүйменқұл ол кезде актер емес, жай ғана суретші болатын. Егер қырғыз киносының маңдайына Сүйменқұлдай ғажайып актер бітсе, ол сөз жоқ, талантты жазбай таныған Шәмшиевтің сұңғылалығы. 

Сол жылдары қырғыз режиссерлері қазақ жазушыларының шығармаларын шабыттың сарқылмас қайнар көзі ретінде көргенін Шәмшиев әр басы­лымдағы сұхбатында айтып жүреді. Олардың әр әңгімесінен бір-бір фильм түсіруге болады деп қызыққандарын жасыр­майды. «Қараш» түсіріліп жатқанда, Шәмшиевпен қатарласа «алтын шыққан жерді белден қазып», қырғыз киносының тағы бір тарланы Төлөмүш Өкеев те М.Әуезовтің «Көксерегін» кинотаспада таңбалап жатады. «Көксеректің» күні бүгінге дейін көзге жас алдыратын көркемдік қуатының енді елу жылдан кейін де әлсіремейтініне екі қазақтың бірі бәс тіге алатын болар. 

Басқа режиссерлерін айтпағанда, әдебиет пен киноны бір-бірінен бөліп-жарып қарай алмаған бір ғана Болат Шәмшиевтің өзі Шыңғыс Айтматовтың он екі шығармасы бойынша фильм түсіріпті. «Оралхан Бөкейдің әр әңгімесі бір фильмге жүк. Тіпті сценарий жазудың қажеті де жоқ, бәрі дайын тұр. Ондағы адамдардың мінездері мен тағдырлары, шығармада айтылатын идеялар, құдды бір кино үшін жазылғандай. Қазақстан кинорежиссерлері қазір қаржы жағынан ешқандай қиындық көріп отырған жоқ, оларға барлық мүмкіндік жасалған», дейді Б.Шәмшиев. 

Жас режиссердің «Қараш-қарашы» жарыққа шыға салысымен Одақтағы 15 республиканы айтпағанда, Германия, Франция сияқты елдер сатып алып, 500 мың рубльге түсірілген фильм бюджетін жүз есе артығымен қайтарып алған. Әйгілі Канн фестивалінде көрсетілген «Қараш-қараш оқиғасын»» түсіргенде Шәмшиев бар болғаны 26 жаста ғана екен. М.Әуезовтің өзі де осы әңгімесін жазғанда 26 жаста болыпты...

Әрине, ұлттық киноның басында Ғабит Мүсірепов, Олжас Сүлейменов, Әкім Тарази, Камал Смайылов секілді қазақ өнерінің үлкен жанашырлары мен әдебиеттің белді де беделді өкілдері жүрген кезеңде «Менің атым – Қожа», «Көксерек», «Гауһартас», «Тұлпардың ізі», «Арман – атаман», «Аманай мен Заманай», «Охрана бастығы Құрымбай» (қысқаметражды), «Сұрапыл Сұржекей» («Ақбоз үй»), «Өтелмеген парыз» («Қыз Бәтіш пен Ерсейіт») сияқты әдеби шығармалардың желісімен түсірілген көптеген фильмдер дүниеге келді. Қазақ режиссерлері сүйгенін емес, тигенін түсіретін кезең үшін аз жетістік емес. Бірақ бүкіл қырғыз фильмін биікке көтеру үшін бір режиссердей тер төкен Болат Шәмшиев айтқандай, қазақ әдебиеті классиктерінің туындыларын жаппай экранға шығару науқанының бастауы бола алмады. Соған қарамастан 1960-1985 жылдардың арасы қазақ киносының өркендеген, көркейген ке­зеңі ретінде тарихта қалды. Бұл ке­зеңдегі көрермен мен киноның ара­сын­дағы байланыстың тығыз болуына, қазақы сананың қалғып кетпеуіне ұлт­тық таныммен түсірілген «Қараш-қараш» секілді фильмдер маңызды рөл атқарды. 

Елу жыл бұрын түсірілген «Қа­раш-қараш оқиғасын» еске алып отырғанда келген осы ой қайғы секілді көрін­генімен, бүгінгі қазақ киносының басындағы ендігі жүз қайғымен салыс­тырғанда түкке тұрғысыз. Асылы, бүгінгі көрерменге күпі киген Бақтығұл мен Тектіғұлдар ескі заманның кейіпкері ретінде елес болып, жатқа айналып кетуі керек еді. Бірақ аз-кем өкініші болса да, мәңгі өлмейтін классикалық дүниенің қай кезеңде де өзекті болып қала беретінін «Қараш» секілді фильм­дер осы тұста тағы бір дәлелдесе, керісінше, салқар көштің соңынан тайға мініп ілескен қазіргі кезең киносы мен көрерменнің арасында байланыстың төмендегенінен өте өткір мәселенің туындағанын аңғарамыз. Жанталасып «кино жасап жатырмыз» деп күпінген замандас режиссерлердің көпшілігі «тіл» дейтін мәселені біржола жылы жауып қойды. Ана тілімізде түсіріліп жатқан фильмдердің бірден баурап алып кетпейтін себебін толып жатқан режиссурамен байланысты тұсынан іздемей-ақ, мәселенің мәнісін тап осы тілдің төңірегінен таратсақ та жеткілікті. «Біржан сал», «Құнанбайға» сценарий жазған Таласбек Әсемқұлов секілді бірді-екілі қаламгерден өзге прозасы кино тілінде сөйлеп «па, шіркін» де­гізген қай жазушыны атай аламыз, қане? 

Қазақ қаламгерлерінің шығар­ма­ларына қызықпау себебін сұра­ға­­нымызда, режиссерлердің бірқа­тары біздің жазушыларымызға «көп­сөзді», «мылжың», «көкезу езбе» деп қарайтынын естіп, естен танып қала жаздадық. Экрандағы екі орап шиыр­ғанға келмейтін шолақ-шолақ сөздер қайдан шығып жатыр дейтін емес, мұндағы кейіпкерлер шымыр ой айтамын деп әуреленіп жатпайды, ешқандай салмағы жоқ жауапсыз диалогтармен алмасып-ақ ұлттық киноның қоржынын толтырып жатырмыз деп өзара мәз. Көркем фильмдерді былай қойғанда, көрермен қауымға жиірек ұсынылатын әрі жылдам жететін коммерциялық жобалардың, сериалдардың сценарийін жазып жүрген өзі режиссер, өзі актер, клипмейкер Асқар Ұзабаевтармен алысқа ұзай аламыз ба? 

...Теңіз түбінде жатып-ақ жарқылы сонау қырғыздың жеріне жетіп, сан қыры көз қарықтырар сәуле шашатын жақұтқа айналғанымен қоймай, «ұлт» дейтін ұғымды аласартпай, келешекке аман-есен жалғануы үшін аздаған міндетін арқалап келіп, мүлтіксіз орын­даған қайран, «Қараштың» қадірі осындайда білінеді-ау... 

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ