Жазғы спорт • 08 Қыркүйек, 2017

«Вуэльта-2017»: Алексей Луценко 18-кезеңде мәреге екінші келді

323 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Испания жерінде өтіп жатқан «Вуэльта» велокөпкүндігінде «Астана» командасының екі бірдей шабандозы үздік 10-қатарында жүр. 

«Вуэльта-2017»: Алексей Луценко 18-кезеңде мәреге екінші келді

Мигель Лопес пен Фабио Арудан бөлек осы жолы 25 жасқа толған Алексей Луценко да көзге түсті. Ол 18 кезеңде мәре сызығын екінші болып кесті. «Вуэльтаның» 18-кезеңі бірден қазақстандық шабандоздың шабуылға шығуымен басталды. Ә дегеннен әудемжерге озып кеткен Алексей Луценко шырмауы көп шыңға қарай бет алды. «Астана» командасының спорттық директоры Дмитрий Седун бұл жарыста шабуылдар саны көп болатынын меңзеген еді. «Бүгінгі жарыс суретте қарапайым көрінгенімен, өте ауыр кезең саналады. Тегіс жері өте аз. Бұрылыс-қиылысы да жетіп артылады. Сондықтан да, мұндай жарыс күнінде шабуылдар өте көп болады».

20 спортшыдан тұратын алдыңғы лек 10 минуттан астам уақыт басымдылық алды. Лидерлік топтың көш басында болған Алексей Луценко соңына дейін шыдаған екі шабандоздың бірі еді. Алайда, соңғы 600 метр қашықтық қалғанда бельгиялық Сандер Армий отандасымызды артқа тастап, кезең жеңімпазы атанды. Ал Алексей болса өз туған күніне күміс медаль сыйлады. «Күшті көбірек шығындап қойғанымды байқадым. Соңғы 600 метр қалғанда бір орында тұрдым да қалдым. Аяқта түк күш қалмапты. Дегенмен, екінші орынның өзін де қанағат тұтамын. Бапкерлер, команда жетекшілері барлығы риза болып жатыр», дейді ол.

Бүгін жарыстың 19-кезеңі өтетін болады. Таулы аймақта, тағы да астаналық шабандоздар қарсыластарына шаң қаптырады деп сенеміз.

 

Ермұхамед МӘУЛЕН,

Испаниядан арнайы egemen.kz үшін