Әдебиет • 08 Қыркүйек, 2017

Суреткерді сабамақ болған кім?..

505 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жаз айларында шетелдерде болып, саяхаттап қайтқан жандардың: «Кітап дүкендеріне кіріп ек, Шыңғыс Айтматовтан басқа өзіміздің жақтың бір де бір жазушысының кітабын көре алмадық», деген таңданысқа толы сөздерін жиі естиміз.

Суреткерді сабамақ болған кім?..

Иә, шынында да солай. Бас­­қаларды, тіпті айт­пай-ақ қойы­ңыз, әлемнің бір­не­ше тіл­деріне аударылды деп мақ­таныш ететін классик­теріміздің өзінің кітабын кездес­тірмейміз. Себебі, олар қай кезде жарық көрді, қанша таралыммен шықты, қалай сатылды? Ол жағы біз секілді қарапайым оқырманға мүлде жұмбақ. 

Ал Айтматов шығар­ма­ла­рының ол жақта да, бұл жақта да жыл сайын қайта-қайта басы­лып шығып жататыны рас. Бұл, әрине, жазушы талантының құді­ретіне, баспагерлер қауы­мы­ның талап-тілегіне және қа­лың оқырманның сұранысына бай­­ланысты екендігіне титтей де күмән жоқ.
Бірде Ататүрік әуежайынан ел жаққа ұшатын ұшақ кешіккенде біздің де кітап дүкеніне кіріп шыққанымыз бар-ды. Ол жерде де Орталық Азия әдебиетінен тек Шың­ғыс Айтматовтың шығар­ма­ларын көрдік.

Сонда іштей «Япыр-ай, не деген бақытты жазушы!» деп қызығып едік. Қазақстанмен көрші жатқан Қырғызстанның оңтүстігіндегі Шекер айылында дүниеге келген жазушының шығармалары бұл күнде бүкіл әлемнің игілігіне айналғаны айдай ақиқат. Түрі мен тілін айтпағанда, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының өзі бізге қатты ұқсайтын қырғыз ұлтының бұл да бір бағы екені даусыз.

Алайда, осындай бақ көктен түсе ме, әлде жерден шыға ма деген бір аңғал сұрақтың бүйірден түртетіні бар. Әсіресе, әдебиет әлемінің есігін енді ашқан албырт жастардың көңіліндегі «Айтматов секілді классик болсам!», деген асқақ романтиканың жалынын сезінгенде, олардың суреткер туралы бар шындықты білгенін іштей қалап тұрасың. 

Себебі, Айтматов болып та­нылғанға дейінгі көрген бейнет пен шеккен азап бар емес пе?!

Міне, осыны жазушының өзі де ескеріп, кейінгі ұрпаққа сабақ етіп қалдыруды ойлаған секілді. Сондықтан да, алыста, нақ­тырақ айтсақ, Еуропадағы Локум қаласында орыс тілін өте жақсы білетін неміс жазушысы Хитцерге он күн бойы балалық, жастық шақтағы көргендерін жыр етіп шертіпті. Ал мұндайға аса ұқыпты неміс халқының перзенті оны диктофонға жазып алып, неміс тіліне тәржімалап, алғаш рет Германияда Шыңғыс Айтматовтың жаңа кітабы ретінде оқырман қауымға ұсынған.

Бұл жаңалықты біз алғаш 1998 жылы Шымкент қаласында болған кездесуде ұлы суреткердің өз аузынан естігенбіз. Әйтсе де, көпке дейін ол кітаптың не орысша, не қырғызша нұсқасын кезіктіре алмай жүрдік. Тек 2011 жылы Бішкекке барған кезекті сапарымызда оның қырғыз тілінде таяуда ғана жарық көргенін естіп, достарымыздан бір данасын қалайда тауып беруін өтінгенбіз.

Бір қызығы, Шыңғыс Айт­матовтың «Балалық шақ» атты бұл кітабы қырғызшаға түрік тілінен аударылған екен. Кітап мұқабасына зер салып тұрып езу тартқанымызды байқаған қырғыз байекелер бір-біріне қарап жы­мыңдап, көздерін қысып: «Кейін­гі кезде Шықаңның кітабы бізге де осылай ұзақ жол жүріп келетін болды» деп қалды.

Ол рас. Шыңғыс Айтматовтың жаңа шығармасын бүкіл әлем оқыр­мандары күтіп отырады емес пе. Сондықтан да олардың қай елде, қай тілде басылып жат­қа­­­нын қазір қадағалаудың өзі қиын.

Әйтсе де, әдебиет әлеміндегі осындай даңғыл жолға суреткер қалай жетті, қандай қиындықтар көрді? Міне, сол туралы аталмыш кітапта Шыңғыс Айтматовтың өзі біраз сыр ақтарады.

«Жәмила» повесі жарық көр­генде өзіміздің бір үлкен жазу­шымыз оны қатты сынға алды, – дейді суреткер «Жәмила мен Данияр» атты тарауында. – Повесімді партия жиналы­сында көпшілік қауымның тал­қы­сына салды. Ол әдеби шығар­ма­лардың мәні мен мазмұны ком­мунистік партия саясатына ың­ғайластырылуы керек екен­дігін, соцреализм бағытынан ай­нымай, идеологияның бас­ты нысанасын негізге ала оты­рып жазу қажет екендігін ай­та келіп, ақырында повестегі ерлі-зайыптылардың ажырасуы партия тарапынан қатаң сын­ға алынуы тиіс деп ескертті. Пар­тия, негізінен, үй-ішінің ын­тымағын сақтайтындығын баса көр­сетіп, ал менің повесімде мұн­дай идеалдарға сай келмейтін сю­жеттің орын алғандығына қа­далып өтті.
Ол кезде әйелімен ажы­рас­қандарға сөгіс берілетін-ді. Пар­тиядан шығарылып, қыз­ме­тінен алынып та жататын. Әдеби шығармаларда мұндай кі­сілер жағымсыз кейіпкер ретін­де көрсетілуге тиіс еді. Ал менікі бол­са, керісінше.

Бұл повесті жазған кезде мен мұндай жағдайлар туралы ойланбаппын да. Бірақ «Жәмила» жарық көрісімен өз елімде де, шет мемлекеттерде де үлкен қы­зығушылық туғызды. Барлық жерде менің жаңа повесім туралы талқылаулар болып жатты. Кейбір дос-замандастарым мұн­дай күтпеген табысымды көре алмай, көпке дейін қыз­ғанып жүрді. Шығармам туралы ешқандай пікір айтқан жоқ, бірақ, «классик» жазушыларымыз ғана маған қатты шүйлігіп жүрді...

Жазушылар одағында жиі-жиі партиялық жиындар өтіп тұратын. Партияның рұқсатынсыз бұл одаққа ешкім де мүше бола алмаушы еді. Сондықтан да қолына қалам ұста­ғанның бәрі алдымен партияға мү­шелікке өтіп барып, соның жолдамасымен ғана Жазушылар одағына алынатын. Ол кезде жазушылардың партиялық жиналысына ірі-ірі мемлекет қайраткерлері келетін. Олар еңбекші елді социалистік рухта қалай тәрбиелеу керек, оларға арнап қандай шығарма жазу керек, социалистік реализм тұр­ғы­сында қалай сын айту керек деген сияқты мәселелерді талқыға сала­тын. Осындай бір жиналыс өтіп жат­қан кезде жаңағы айтқан «клас­­си­ктеріміздің» бірі мінбеге көте­рілді. Мен де осы жиналыста отыр­ған­мын.

– Манадан бері жас жазушыларды еңбекшілер рухында тәрбиелеу жөнінде пікір алыстық қой. Бірақ олар теріс жолға түсіп алып, өздеріне содан пайда көздеп, әдебиетті уландырып жатса қайтіп тәрбиелемекпіз? Өткенде Ыстықкөл жаққа іс-сапарға бара қалдым. Бір колхозға бұрылып, еңбекші елдің далада қалай еңбек етіп жатқанын көріп, пікір алысып, жақынырақ танысқым келген. Сөйтіп, жолда келе жатқанымда артымнан бір ат-арбалы кісі қуып жетті. Мен оған жол бердім. Соған қара­май ол ат тізгінін тартты. Арбаға жарамды аттар жегілген екен. Бұл колхоздың құрметті адамдарының бірі-ау деп топшыладым. Ол менен: «Оу, байеке, қайда барасың?» деп сұрады. Мен болсам: «Колхозшылардың тіршілігімен жақынырақ танысу үшін дала қосына бара жатырмын», дедім. «А-а, мен сізді енді таныдым. Сіз баяғы бәленше деген атақты жазушы боласыз ба?» Ал мен: «Иә, соның дәл өзімін», деймін. «Келіңіз, арбаға отырыңыз! Қайда барамын десеңіз де жеткізіп салам. Айтқан жеріңіздің бәрін көрсетем», дегеннен кейін әлгі арбакештің жанына отырдым. Бір кезде ол маған қарап: «Сіз жазушысыз ғой, Айтматовты танисыз ба?» деп қалды. «Әлбетте, танимын» дедім мен. «Олай болса, қолыма түскен жерде оны аямай сабап алатынымды айтып қойыңызшы!» дейді. «Неге?» десем, ол айтады: «Жәмила жө­нінде бірдемелерді тантыпты. Күйеуі майданда жүрген келіншек басқа біреумен қашып кетеді-міш. Осындай кітапты дәті барып қалай жазған?!» дейді. Міне, елдің пікірі осындай, – деп жосылтты «классик» жазушымыз. Содан соң: «Мен елден естігенімді айтып тұрмын. Қазір осы жазушы біздің арамызда отыр. Әттең, қолымда қамшым жоқ. Әйтпесе оның «Жәмила» үшін алатын сыбағасын қазір-ақ берер ем!» – деп әңгімесін тәмамдады.

Жан дүниемді өртеп өткен мұндай сөздерді амалсыз тыңдап, не істерімді білмей отыра бердім. Үл­кен-кішінің бәрі маған қарап, ке­леке қылып күліп жатыр. Кей­бі­реулері тіпті түрткілеп, шым­шы­лап та жіберді. Ал енді бі­реулері:

– Дұрыс! Мұндайларды сабау керек! Елді бұзатын осылар! Буржуазияның қалдығы! Тап дұш­паны боп бас көтереді! – деп айқайлайды.
Мен оларға жауап қатпай, үнсіз күліп қана құтылдым. Бі­рақ, шындығында, мұндай оқи­ғалар менің көңілімде өмір-бақи өшпейтін дық боп қалды...»
Жалпы, Шыңғыс Айтматов шығармашылығын алғаш бүкіл әлемге паш еткен «Жәмила» хикая­тының бұдан кейінгі тағ­дыры сізге жақсы белгілі, қадірлі оқырман. Себебі, оны біз­дің ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуе­зов оқып, жас жазушының по­весіне жоғары баға беріп, фран­цуз әдебиетінің классигі Луи Ара­гонға танысып көріңіз деп кеңес береді. Өз кезегінде ол оны француз тіліне аударып, «Махаббат тарихындағы ең тамаша шығарма» деп бағалайды. Сөйтіп, қырғыз айылынан шық­қан Жәмила бүкіл әлемді шарлап кете барады.

Нұрғали Ораз,

"Егемен Қазақстан"