Бокс • 08 Қыркүйек, 2017

«Ринг королі» анықталды

359 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылжарда саламатты өмір салтын насихаттауды мақсат еткен жекпе-жек түрлерінен тұңғыш рет халықаралық турнир ұйымдастырылды. «Ринг королі-2017» халықаралық жарысына Астана, Алматы, Жамбыл, Қостанай, Петропавл, Қырғызстанның Бішкек қалаларынан жасы 35-тен асқан жиырмаға жуық ардагер спортшы қатысып, қолғап түйістірді.  

 

«Ринг королі» анықталды

Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының бас­шысы Руслан Есеналиннің айтуынша, шаршы алаңда жұ­дырықтасуға ниет білдірген үміт­керлерге жас мөлшерінің шек­теулігі және денсаулығының мықтылығымен қоса, соңғы үш жыл бойы ұлттық құрамаға мүше болмау секілді жеңілдетілген шарт-талаптар қойылған. Сол сияқ­ты спорт шеберлеріне қа­тысуға да тыйым салынды. Десек те, бұрынғы атақ-марапаттарынан ат үркетін гүрзі жұдырық иелері арнайы ат арытып келіп, іріктеу кезеңдері жан алысып, жан беріскен кездесулерге толы болды. Мәселен, қызылжарлық Жа­бай Ахметов жерлесі Руслан Ка­нафинді бірінші раундта тех­никалық нокаутқа жіберсе, 52 жастағы Андрей Царев таэквондодан қара белбеу иесі, панкратионнан әлем жүлдегері, «Арлан Грип» турнирінің бірнеше мәр­те жеңімпазы 37 жастағы алма­тылық Карен Пашекиянға әжеп­тәуір қарсылық көрсете білді. 

Ал финалдық сайысқа іркіл­мей жеткен кіл мықтылар бес салмақ дәрежесі бойынша күш сынасты. Шаршы алаңға бі­рінші болып Жабай Ахметов пен қостанайлық Рауф Алиев көтерілді. Рауф қар­сыласын соққының астына алғанымен, Жабай әбжіл қимыл та­нытып, жеңісті уысынан шығармады. Петропавл қаласы зауыттарының бірінде темір жо­нушы болып жұмыс істейтін Санат Мақанов атағы жер жаратын бішкектік қарсыласы Тур­дыоглы Абдылахаттан еш ық­қан жоқ. Тәжірибелі боксшыға қарсы жастық қайратын қарсы қоя білді. 80 кило салмақ дәре­же­сінде Еміл Иманбеков Ербол Жұ­лымбековтен айласын асырды.

Бокссүйер қауым спорттың бірнеше түрін кәсіпқойлықпен меңгерген Карен Пашекиянға ерекше құрмет көрсетіп, оның жеңетініне еш шүбә келтірмеген еді. Бірақ, ол бірінші раундта күтпеген жерден жарақат алып, жеңіс Андрей Степураға бұйырды. Аса ауыр салмақта петропавлдық алып күш иелері Әділ Нұржауыпов пен Андрей Бей­сенбаев жұдырықтасып, ал­дыңғысы сәл-пәл басымдықпен жеңіске жетті. Бәйгеге тігілген 1, 2 миллион теңге әр салмақ бо­йын­ша анықталған «ринг ко­роль­деріне» салтанатты түрде та­быс етілді.

Қызылжар төрінде елі­міз бойынша тұңғыш рет ұйымдас­тырылған халықаралық «Ринг королі» турнирін дәстүрге айнал­дыруды спорт және денешы­нықтыру басқармасы өз мойнына алды. 

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы