Медицина • 08 Қыркүйек, 2017

Дәніккен қарсақ құлағымен ін қазады

899 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Біреудің қорасына түсіп, ақ адал малын ұрлап кеткендер «сақ­пын, осынымды ешкім біл­мейді» деп ойлайтын болуы керек. Әйтпесе, бір түскен үйіне екінші мәрте келер ме?!

Дәніккен қарсақ құлағымен ін қазады

Сайрам аудандық Ішкі істер бөлімінің кезекшісіне қоңы­рау шалған Құтарыс ауы­лының тұр­ғыны қорадағы үш жыл­қысының ұрланғанын айтады.
Жедел іздестіру нәтижесінде күдікті екі азамат ұсталған. Әбден дәніккен ұрылар сақтықты ұмытса керек. Сол ауылдың жүк машинасы бар тұрғынына үш жылқыны өздерінің тұрағына апарып беруін өтінеді. Олардың іс-әрекеттерінен сезік алған әлгі азамат полицияға хабарласады.

Мақтаарал және Отырар ауда­нының тумасы, өрімдей екі жі­гіт қылмыс үстінде ұсталған. Олардан үш жылқы қайтарылып, заңды иесіне берілген.
Күдікті азаматтар біреудің мүл­кін иемденуді ар көрмейді екен. Үш жылқысын алдырған азамат тамыз айында жиырма шақ­ты үндігінен айырылып, ойбай­лап қалған. Заты құс қой деп оншалықты індетпесе керек. Үй иесінің қатты іздеу сал­мағанына дәніккен екеу енді жыл­қыларды айдап кетемін деп жүріп қолға түскен.

Бір үйге екі мәрте түскен ұры­лар құны 2 миллион теңге шы­ғын келтірген. Қазығұрт ауданында да 15 малды ұрлаған топ­тасқан баукеспелер қолға түсті.

Олар қамауға алынды. Атал­ған фактілер бойынша Қылмыстық Кодексінің 188-ші «Ұрлық» ба­бы бойынша іс қозғалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүр­гізіліп жатыр.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы