Аймақтар • 08 Қыркүйек, 2017

Өмірден қаймықпаған жан

194 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақмола облысы Бұланды ауданының 25 жастағы кәсіпкері Әділбек Нұрмағанбетов 2016 жылы «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 3 миллион теңге несие алған болатын. Ағаш өңдеу кәсібін өрге дөңгелеткен кәсіпкер бүгінде алғашқы миллион теңге табысын тауып отыр. 

 

Өмірден қаймықпаған жан

Негізінен Ә.Нұрмағанбетов жұмыспен қамту орталығына 2016 жылы барып тіркеліпті. Жарты жылдай оқып, тиісті сертификатын алған болашақ кәсіпкерге несие беру туралы шешім қабылданыпты. Бұланды ауданы жұмыспен қамту орталығының маманы Айдар Жаровтың айтуынша, былтыр несие алған кәсіпкер өндірісті тек биылғы жылдың басында іске қоса алыпты. Әйтсе де оның бұл қадамы әзірге сәтті басталып отыр. 3 миллион теңгеге кәсіпкер құрал-жабдықтар мен тиісті шикізат сатып алып, ғима­ратты жалға алып, жұмыс­шылар жалдаған. Осылайша ол өзінің алғашқы миллион теңге табысын тапқаны қуанышты хабар болды. 

«Біз ағаш сатып алып, оны өңдейміз, кейін одан демалушылар үшін жазғы баспана, монша, үстел және өзге де дү­ниелер жасаймыз. Өндірісті 2017 жылдың қаң­та­рында іске қос­тық. Ағымдағы жыл­дың мамыр айына дейін менде жеңілдікті кезең, бизнесті дамы­ту үшін өте ың­ғайлы», дейді Ә.Нұр­мағанбетов. 

Оның шағын кәсіпорны тапсырысты 16-22 күнде орындайды екен. Жұмысшылардың жалақысы 40 пен 80 мың теңге аралығында көрінеді. Алғашқы миллион теңге табыс тапқан жас кәсіпкер ІІІ топ­тағы мүгедек. Бір кездері күрес­пен айналысқан жақсы спортшы да екен. Алайда, жарақат алып, спортты тастауына тура келген. Қиын­дықтан қаймықпаған кәсіпкер өзін басқа қырынан танытып, енді қолға алған кәсібін кеңейтпек ойда екендігін айтып қалды.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы