Қазақстан • 09 Қыркүйек, 2017

Астанада әлеуметтік қызметкерлердің алғашқы қазақстандық форумы өтеді

308 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

22 қыркүйекте Астанада әлеуметтік қызметкерлердің алғашқы қазақстандық форумы өтеді. Бұл туралы Ақтөбе облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаров «Ақтөбе ақпарат» ақпараттық орталығында өткізген баспасөз мәслихатында хабарлады.

Астанада әлеуметтік қызметкерлердің алғашқы қазақстандық форумы өтеді

Форумның мақсаты - әлеуметтік қорғау саласында жинақталған тәжірибені талдап қорыту және саланың негізгі бағдарын анықтау. Шараның ұйымдастырушысы - БҰҰ, ЮНИСЕФ дамыту бағдарламаларының, Көші-қон бойынша халықаралық ұйымының, ЕҚЫҰ, БҰҰ, Халықаралық түрме реформасының қолдауымен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минстрлігі.

Форумға 600-дей адам келеді: Олардың арасында Ұлыбритания, Сербия, Хорватия, Чехия, Ресей, Грузия елдерінің халықаралық сарапшылары бар.

Шараға ҚР Парламентінің, Үкіметінің, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, оқу орындары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысады. Практик мамандар, ғалымдар, қоғамдық және саяси қайраткерлер өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, әлеуметтік жұмыстың даму мүмкіндігі мен ерекшелігін талқылайды, мүгедектігі бар тұлғаларға, қарттарға, үйсіздерге, тұрмыстық қысымның құрбандарына, адам саудасының құрбандарына кәсіби көмек берудегі заманауи технологияларға назар аударады.

Түрме саласындағы әлеуметтік жұмысты дамытудың тәжірибесі мен келешегін, денсаулық сақтау, жаңа технологиялар мен әлеуметтік саясатты жүзеге асырудағы ведомствоаралық және сектораралық өзара әрекет етуді талқылау жоспарда бар.

Бірінші форум барысында әлеуметтік саладағы менеджемент, әлеуметтік қызметкерлерді дайындау және олардың біліктілігін арттыру, коммерциялық емес ұйымдардың арнайы әлеуметтік көмек көрсетуге қатысуын кеңейту, волонтерлік пен қайырымдылықты қолдау секілді өзекті мәселелер талқыланады деп күтілуде.

Форум аясында «Қазақстанда жүзеге асырылатын үздік әлеуметтік жобалар» атты бесінші мерейтойлық республикалық көрме мен «Әлеуметтік аударымдар - жұмыспен қамтылған халыққа адекватты әлеуметті төлемдерді қамтамасыз ету» семинары өтеді.

Форум жаңа байланыстарды орнату, жаңа идеялар мен әлеуметтік жұмысты жаңғыртудың бағыттарын, әлеуметтік саланы әрі қарайғы инновациялық дамыту мақсатында тиімді шешімдерді іздеу, Қазақстан халқына ұсынылатын әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қол жетімділігін арттыру мәселелерін қарастырады.