Аймақтар • 09 Қыркүйек, 2017

Ұлттық Олимпиадалық комитет бірнеше қалаларға спорт алаңдарын сыйға тартты

453 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитеті Қарағанды, Көкшетау, Орал қалаларына арнайы street workout​ спорттық алаңдарын сыйға тартты. 

Ұлттық Олимпиадалық комитет бірнеше қалаларға спорт алаңдарын сыйға тартты

Бұл игі бастама Ұлттық Олимпиадалық комитеті президенті Тимур Құлыбаевтың тікелей мұрындық болуымен жүзеге асырылуда және халықты бұқаралық спортқа баулуды көздейді. Осылайша Тимур Құлыбаевтың жеке қаражатынан еліміз бойынша қырық спорттық алаңның құрылысы қаржыландырылды.

Street Workout​ арнайы спорттық алаңдары Астана, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Жаңаөзен, Шымкент, Қызылорда, Тараз қалаларында спорт сүйер қауымға қолжетімді болып отыр. Және де алдағы уақытта бұл қалалар тізімі толығатын болады. Спорттық алаңдар жиырма түрлі снарядтармен жабдықталған және адамға барлық бұлшықеттерін шыңдауға мүмкіндік береді.

Спорттық алаңдар бірінші кезекте қалалардың халық тығыз орналасқан және неғұрлым қолжетімді аудандарында салынды. Басты мақсат - алаңдарда спортпен шұғылдануға мейлінше көп адам тарту. Мәселен, Орал қаласында workout​ алаңы тұрғындардың ең сүйікті демалыс орнына арналған жергілікті "Арбатта" салынса, Қарағандыда Оңтүстік-Шығыс ықшам ауданында, Көкшетауда қаланың орталық кқшелірінің бірінде бой көтерді. Спорт алаңдарының ашылу салтанатына Workout​ Федерациясы өкілдерімен қатар қала басшылығы, спорттық және жастар ұйымдарының өкілдері қатысып, осындай алаңдар салып берген Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитеті басшылығына алғыстарын білдіріп жатты. Street Workout​ - ең қолжетімді спорт түрлерінің бірі. Онымен шұғылдану үшін арнайы спорт алаңы мен ниет қажет. Алаңдардағы снарядтар кәсіби спортшылар мен әуесқойларға қатар есептелген. Қазіргі кезде елімізде осы спорт түрімен айналысатындар саны артып келеді. Былтырғы жылмен салыстырғанда олардың саны 45%​-ға өсіп, жүз мыңнан астам адамды құрайды.