Қазақстан • 09 Қыркүйек, 2017

ҰОК үш қалада street workout алаңдарын ашты

522 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті Қарағанды, Көкшетау, Орал қалаларына арнайы street workout​ спорттық алаңдарын сыйға тартты. Бұл игі бастама Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаевтың тікелей мұрындық болуымен жүзеге асырылуда және халықты бұқаралық спортқа баулуды көздейді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

ҰОК үш қалада street workout алаңдарын ашты

Осылайша Тимур Құлыбаевтың жеке қаражатынан еліміз бойынша қырық спорттық алаңның құрылысы қаржыландырылды. Street Workout​ арнайы спорттық алаңдары Астана, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Жаңаөзен, Шымкент, Қызылорда, Тараз қалаларында спорт сүйер қауымға қолжетімді болып отыр. Алдағы уақытта бұл қалалар тізімі тағы толығады. Спорттық алаңдар жиырма түрлі снарядтармен жабдықталған және адамға барлық бұлшық етін шыңдауға мүмкіндік береді.

Спорттық алаңдар, ең әуелі, қалалардың халық тығыз орналасқан және неғұрлым қолжетімді аудандарында салынды. Басты мақсат – алаңдарда спортпен шұғылдануға мейлінше көп адам тарту. Мәселен, Орал қаласында workout​ алаңы тұрғындардың ең сүйікті демалыс орнына арналған жергілікті «Арбатта» салынса, Қарағандыда Оңтүстік-Шығыс ықшам ауданында, Көкшетауда қаланың орталық көшеліерінің бірінде бой көтерді.

Спорт алаңдарының ашылу салтанатына Workout​ Федерациясы өкілдерімен қатар қала басшылығы, спорттық және жастар ұйымдарының өкілдері қатысып, осындай алаңдар салып берген ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті басшылығына алғысын білдіріп жатты.

Street Workout – ең қолжетімді спорт түрлерінің бірі. Қазіргі кезде елімізде осы спорт түрімен айналысатындар саны артып келеді. Былтырғы жылмен салыстырғанда олардың саны 45%​-ға өсіп, жүз мыңнан астам адамды құраған.

Соңғы жаңалықтар