Қазақстан • 09 Қыркүйек, 2017

Қазақстан мен Түркия тау-кен өнеркәсiбi, электроника мен туризм саласында ынтымақтастық орнатпақ

315 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгiн Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев Түркия басшысы Режеп Ердоғанмен кездестi. Ресми кездесудiң басында қос президент экономикалық байланысты нығайту қажеттiлiгi мен Сириядағы қақтығысқа арналған Астана келiссөздерi жайлы сөз қозғады. Одан кейiн екi ел арасында бiрқатар маңызды құжатқа қол қойылды, деп хабарлайды Baq.kz

 

Қазақстан мен Түркия тау-кен өнеркәсiбi, электроника мен туризм саласында ынтымақтастық орнатпақ

«Қазақстанда түрiк капиталының қатысуымен 1600-ден астам кәсiпорын жемiстi еңбек етiп жатыр. Түрiк құрылысшылары елiмiзде 20 млрд доллар сомасына құрылыс жүргiздi. Келiссөздерде бiз «Жаңа синергия» бiрлескен экономикалық бағдарламасы, оның аясында Қазақстан мен Түркия индустриялды аймақтарын құру мәселелерiн, екi елдiң арасындағы сауда-саттықты басқа деңгейге көтеру мәселесiн талқыладық. Осы ретте «Жаңа синергияның» өзектi хаттамасы шамамен 900 млн доллар болатын 26 инвестициялық жобаны қамтиды. Екiжақты сауда-экономикалық әлеуеттi толық пайдалану үшiн мемлекеттер арасында Түркияның тәжiрибесi мол тоқыма, азық-түлiк, тау-кен өнеркәсiбi, құрылыс, электроника, ауыл шаруашылығы, туризм салаларында мүмкiндiктердi қарастыруға келiстiк. Нақты тапсырма берiлдi. Тиiстi мемлекетаралық комиссия бұл мәселенi пысықтайтын болады», - дедi Назарбаев.

Кездесу аясында Қазақстан мен Түркия әртүрлi саланы қамтитын бiрқатар келiсiмге қол қойды. Атап айтсақ, екi ел арасындағы 2017-2020 жылдарға арналған «Жаңа синергия» бiрлескен экономикалық бағдарламасы шаралар жоспарының хаттамасына қол қойылды. Құжат инвестициялар тарту, бiрлескен индустриялды аймақтар құру мен бiрлескен жобаларды жүзеге асыру мен т.б. қамтиды. Сондай-ақ, Үлкен Алматы айналма автожолы құрылысы бойынша құжатқа қол қойылды.

Атап өтсек, кеше жергілікті уақытпен сағат 17:00 кезінде Түркия президенті мінген «TUR» ұшағы халықаралық Назарбаев әуежайына келіп қонды. Ердоғанның әйелі мен ұлы да елордада жүр. Түркия басшысы елімізге үш күндік сапармен келдi. Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен келіссөздер жүргізіп, Астанадағы Ғылым және технология жөніндегі ислам ынтымақтастығы ұйымы саммитіне қатыспақ.