Аймақтар • 09 Қыркүйек, 2017

Талдықорғанда «Мейірімді жүрек» акциясы басталды

610 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

алдықорғанда қала күні мерекесі аясында «Мейірімді жүрек» акциясы басталды. Көмекке мұқтаж жалғызбасты қарияларға қолғабыс етуді мақсат еткен шараға қаланың белсенді жастары, еріктілер жасағы,әлеуметтік сала қызметкерлері, кәсіпорын жұмысшылары, әкімдік қызметкерлері қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Талдықорғанда «Мейірімді жүрек» акциясы басталды

Бүгін қаланың белсенді жастары бірнеше қарияның үйіне барып, үй шаруасына қолғабыс етті. Мәселен, Еркін ауылында тұратын зейнеткер Бибіғайша Әбсадырова әжейдің бақшасын қамыс пен арам шөп басып кеткен. Он шақты жыл бұрын жалғыз ұлынан, 8 жыл бұрын жұбайынан айырылып қалған тұрғынның көршілерден басқа көмектесер ешкімі жоқ. Жасылелдік жігіттер үйдің ауласын қоқыстан тазартып берді.

Ал, осы ауылда тұратын тыл еңбеккері Мария Даниялованың бүгінде бақшасын жинап алатын қауқары қалмаған. Ұлдары Ресейге көшіп кеткен. Кенже қызы анда-мұнда ғана келіп тұрады екен. Талдықорған қалалық жастар ресурстық орталығының жігіттері әжейдің картобын қазып, күл-қоқысын шығарып берді.   Жалпы, Талдықорған бойынша 260-тан астам жалғызбасты қария бар. Оларға Жұмыспен қамту бөлімінен бөлінген 70 әлеуметтік қызметкер қарап тұрады. Ал, «Мейірімді жүрек» акциясы осындай жандарға қоғам назарын аударуды мақсат етеді. Тағдырдың тәлкегіне ұшырап, бала-шағасыз қалған қарияларға қамқорлық жасау - әркімнің міндеті екенін еске салады.

Акция аясында жалғызбасты мұқтаж қарияларға азық-түлік, отын-көмір жеткізілетін болады.   Айта кету керек, Талдықорғанда қала күніне арналған мрекелік шаралар 8-ші қызркүйектен басаталды. Түрлі шығармашылық байқаулар,шеберлік сабақтары, ретро концерттер мен спорттық сайыстар, танымал тұлғалармен кездесулер, әлеуметтік нысандардың ашылуы, кәсіпорындардың тұсаукесерлері секілді көптеген шаралар биылғы мерекенің сәнін кіргізетін болады.

Ал, негізгі мереке 30-қыркүйекте сағат 10-00-де қаланың орталығынан басталып, Жастар спорт сарайының маңы мен «Жастар» саябағында жалғасады.