Қазақстан • 10 Қыркүйек, 2017

Шығыстың «Тіл шебері» анықталды

552 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өскеменде «Алаш» қозғалысының 100 жылдығына орай облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген 21-29 жас аралығындағы мемлекеттік қызметшілер мен жас мамандар арасында «Тіл шебері» облыстық байқауы өтті. 

Шығыстың «Тіл шебері» анықталды

Шараға өңіріміздің аудан, қалаларындағы іріктеу байқауларынан сүрінбей өткен жеті жеңімпаз қатысты.

«Елімізде тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында өткізіліп отырған бұл шараның мақсаты – үш тілді жетік меңгерген қабілетті жастарға қолдау көрсету арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, үштұғырлы тіл саясатын жүзеге асыру. Жастар арасында тілдік қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырып, рухани бірлікті нығайту», - дейді облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Сәуле Қалиғазина.

Сайыс үш кезеңнен тұрды. Алғашқы «Тұсаукесер» кезеңінде үміткерлер қазақ тіліндегі сұрақтарға жауап берді. Екінші «Ұлттаным» кезеңінде қатысушылар қазақ елінің тарихы мен ұлы тұлғалары, еліміздің аймақтары жөніндегі сауалдарға орыс және ағылшын тілдерінде жауап қатып, білім-біліктерін ортаға салды. Соңғы шешуші «Өнертаным» кезеңінде қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі жаңылтпаштарды жаңылмай үш рет айтудан сайысқа түсті. Жарыс қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен Аягөз қалалық қазақ мектеп-лицейінің педагог-психологы Мөлдір Мұстафина жүлделі I-орынды, Зыряндағы №9 орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Абылайхан Әлмаханов II-орынды, Риддердегі орта мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Айсара Кенжебаева III-орынды иеленсе, Семей қаласы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінің бас маманы Мадияр Байтабанов бас жүлдеге ие болып, өңіріміздің «Тіл шебері» атанды. Барлық жеңімпаздар мен сайыскерлер шараны ұйымдастырушылар тарапынан арнайы дипломдармен, сыйлықтармен марапатталды.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы.